"Барыс жылына" ел жаңарған "жасыл" энергетика бағдаламасымен кірмек

4890

Наурыз – табиғаттың қайта түлеп, жаңаратын кезі. Қазақ оны ағаш отырғызу, бұлақтың көзін ашу, арықты тазалау секілді табиғат қорғау жоралғыларымен қарсы алған. Өз кезегінде ел Үкіметі экологиямен тілектес энергия көздерін дамытудың жаңа заңын ұсынды.  

"Барыс жылына" ел жаңарған "жасыл" энергетика бағдаламасымен кірмек

"Қазақстан-2050" стратегиясында республика ғасыр ортасына қарай энергияның баламалы және жаңғыртылатын түрлеріне барлық энергия тұтынудың кем дегенде тең жартысын (50%) ауыстыру міндетін қойды. Қойды да, ұмытып кетті. Қазіргі кезде билік те, қоғам да ондай қуат көздері туралы тек коррупцияға қатысты даулар кезінде еске алады. Мысалы, Антикор анықтағандай, күн панельдерін субсидиялауды жергілікті әкімдіктер және орталықтағы шенеуніктер бюджет миллиардтарын жымқырудың схемасы ретінде пайдаланған.

Бірақ Үкіметтің бұл саланы мүлдем ұмытуына бір жағынан экологтар, екінші жағынан ғаламдық жылыну қарқынын төмендетуге бағдарланған халықаралық ұйымдар мұрша бермейді.

Осыған орай Энергетика министрлігі "Баламалы энергия көздерін дамыту туралы" жаңа заң жобасын әзірлеп шықты.

Ведомство осы салаға салғырт қарау енді Қазақстанға үлкен зиян келтіреді деп ашық айтып отыр.

"Көміртегі шығарындылары деңгейін төмендететін технологияларды қолданып, баламалы энергия көздерін дамытуға қолайлы жағдайлардың болмауы және олардың заңнамалық деңгейде бекітілмеуі – Қазақстанның дамуына кері әсер етуі мүмкін. Оның ықтимал сын-тегеуріндері мен жағымсыз салдарларына тоқталсақ, біріншіден, елдің инвестициялық тартымдылығы төмендейді. Себебі құрамында көміртегі бар өнімдердің үлесі жоғары экономикадан, яғни ауаны көп ластайтын елдерден инвесторлар теріс айналып жатыр", – деп түсініктеме берді ведомство.

Екіншіден, Қазақстан экспорттық нарықтардағы орны мен үлесін жоғалтады. Бұл ретте отандық өнімнің әлемдегі бәсекеге қабілеттілігі төмендеуде. Қазақ елінің Еуропалық Одақ елдерімен және басқа дамыған елдермен сауда қатынастары күрделенбек.

Үшіншіден, елдегі өнеркәсіп технологиялық тұрғыдан артта қалуда. Енді кешіге берсе, Қазақстан санкцияларға ілігіп, "Индустрия 4.0" жаңа өндірістік технологиясына көшу мүмкіндігінен айрылады, яғни "көміртексіз" технологияларды пайдалана алмайды.

Төртіншіден, мемлекетіміз халықаралық деңгейде мойнына алған міндеттемелерін орындай алмайды. Оның соңы да санкцияларға, "Қазақстанда жасалған" өнімдердің шетелдік нарықтағы саудасының шектелуіне не қосымша алым-салық салынуына соқтыруы ғажап емес.

Жаңа шаралардың жаңалығы неде?

Қазақстанның барлық электр станциялары былтырғы 2021 жылы 114 млрд 447,9 млн кВт*сағат қуат өндірген. Бұл алдыңғы жылғыдан 5,8% жоғары. 2020 жылы 108 млрд кВт*с электр өндірген еді. Бұл ретте ауаға 241 млн тонн көмірқышқыл газ лақтырылған. Әрине, СО2-ні өзге кәсіпорындар да шығарады.

Бір жыл ішінде жаңғыратын энергия көздерінен (ЖЭК) генерацияланған қуат көлемі 62%-ға артып, 3 млрд 123,4 млн кВт*сағатты құрады. Алайда соның өзінде ЖЭК-тің энергиялық баланстағы үлесі 3%-ға да жетпейді.

Қазақстанға әлемдік қоғамдастық CO2 шығарындыларын қысқарту тұрғысынан қысым жасап отырғаны жасырын емес. Еліміз декарбонизацияның нысаналы көрсеткіштеріне жету үшін 2030 жылға қарай көмірқышқыл газының шығарындылары көлемін 9,2 млн тоннаға азайтуы шарт. Бұл үшін елдің энергобалансындағы баламалы қуат көздерінің үлесі кем дегенде 12%-ға жетуі қажет.

Энергетика министрлігінің тұжырымдауынша, баламалы энергия көздерінің қызметін дамытуды қуатты қолдаусыз белгіленіп отырған осы көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкін емес.

Осы орайда баламалы қуаттың басты көздері ретінде Қазақстан күн коллекторларын, гидроэнергетиканы, атом энергиясын, өнеркәсіптік газдарды, қатты тұрмыстық қалдықтарды (елде қоқыс өртейтін зауыттар салынады), көмірдің жерасты қабаттарындағы метанды, биоотынды, сутегін және геотермальды энергетиканы қарастырады.  

Ведомствоның есептеуінше, егер осылардың бәрінің әлеуетін толық іске жарата алса, Қазақстан болашақта көмірқышқыл газының шығарындыларын 259 336 188 тоннаға дейін азайта алады екен. Яғни климатқа қайырымды, экологиясы таза елге айналады.   

Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, қолданыстағы заңнама "жаңартылатын энергия көздерін" (ЖЭК) өндіру және пайдалану мәселелерін реттейді. Заң да "ЖЭК-ті пайдалануды қолдау туралы" деп аталады. Алайда ЖЭК-тер ұғымы әлдеқайда тар, ол негізінен жел және күн энергиясын қамтиды, ал олар көміртегін нысаналы деңгейге дейін төмендетуге, сөйтіп, 2060 жылға қарай "көміртегі бейтараптығына" қол жеткізуге мүмкіндік бермейді.

Тиісінше, жаңа заң "баламалы энергия көздерін" (БЭК) реттеуге тиіс. Заңның аты да солай аталады. Оған әлгі аталған "жасыл" қуат көздерінің бәрі жатады.

БЭК қуатын өндіруді ынталандыру үшін жаңа құжатта бірнеше тетіктер ұсынылған:

- Саудадағы артықшылықтар немесе нарыққа қатысушылардың қосымша төлемдері есебінен, баламалы энергия көздерінің өндірген қуатын объекті өзін-өзі ақтайтындай жоғарғы бағамен сатуға бағытталған шаралар;
- БЭК объектілерін жобалау, салу және пайдалануға беру процесін оңайлатуға бағытталған шаралар;
- БЭК объектілерін салу және пайдалану барысында салықтық-фискалдық жүктемені азайтуға бағытталған шаралар.

Айта кету керек, әсіресе, ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында ел Үкіметі күн панельдерін орнатқан немесе жел генераторлары қалақшаларын қойған ұйымдарға аста-төк қаражат таратты. Қазір күн панельдерінің көбі шұрық-тесік болып тозған, ал жел генераторларының қалақшалары дауыл тұрмаса қозғалмайтын күйге жеткен. Яғни қуат өндірмейді.

Мұндай көзбояушылық қайталанбауы, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын негізсіз пайдалануды болдырмау үшін заңда нарық қатысушыларының белгілі бір мерзім ішінде бекітілген көлемде электр энергиясын жеткізу міндеті қарастырылады.

Айтпақшы, Қазақстан секілді Қытай да 2060 жылы "көміртектік бейтараптылыққа" жету міндетін қойды. Алайда лайықты заңнамалық базасын 2010 жылы жасап алғандықтан шың елі осы мұраты жолында қарқынды қозғалып келеді. Баламалы қуат көздерін ұзақ мерзімді әрі жүйелі дамыту жолына түсті. Он екі жыл бұрынғы мықты заң ҚХР-да "жасыл" энергетиканың өрістеуіне қуатты серпін берді. Соның арқасында Қытайдың жалпы энергиялық балансындағы БЭК еншісі содан бері 1,5 есеге артып, он жыл ішінде үлесі 17,8%-дан 29%-ға дейін жетті. Ал Қазақстан болса, 3 пайыздың айналасын шиырлағанына мәз.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу