Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа маңызды үндеу жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бас мүфти он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтады.
"Ораза – ең алдымен жүректің амалы. Рамазан – жүректі тазартуға, ниетті түзетуге, нәпсіні тәрбиелеуге және тақуалыққа жетуге мүмкіндік берілген қасиетті ай. Оразаның шынайы рухын түсінген адам ас пен судан тыйылуды басты мақсат етпейді. Ауыз бекітудегі негізгі мақсат – жүректі Аллаға жақындатып, ой мен жүректі түрлі дерттен тазалау, ішкі жан дүниені көркем мінезбен безендіру", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Оның айтуынша, халқымыз берекелі Рамазан айын ерекше дайындықпен күтеді.
"Осы ретте барша отандастарымды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қасиетті айда ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық", – деп атап өтті Бас мүфти.
ҚМДБ төрағасы ауызашар мәзірінің бағасына да тоқталды.
"Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз", – делінген үндеуде.