Бас прокуратура: Мұнай-газ саласында заң бұзушылықтар анықталған жоқ

11872

Ресейге экспорттың басым бөлігі қайта тасымал механизмі арқылы қайтарылуда, бұл елдегі газ тарифін ТМД-дағы ең төменгі деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді.  

Бас прокуратура: Мұнай-газ саласында заң бұзушылықтар анықталған жоқ Фото: Максим Морозов

Қазақстаннан  газды экспорттау кезінде заң бұзушылықтар анықталған жоқ. 29 қыркүйек күні Мәжіліс отырысында депутат Павел Казанцевтің сауалына жауап берген ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Берік Асылов осылай деп мәлімдеді.

Оның сөзінше Қазақстаннан экспортталатын газдың "арзандығы" туралы ой саладағы жағдайды толық білмегендіктен қалыптасқан. Сондықтан салада орын алған заң бұзушылықтар туралы мәліметтердің шындыққа сәйкестігін тексеру үшін еліміздің Бас прокуратурасы Энергетика және Қаржы министрліктерімен бірігіп ағымдағы жылы "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының қызметіне тексеру жүргізді. Нәтижесінде аталған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды.

"ҚазРосГаз" компаниясының Қазақстаннан газ экспорты саласындағы кірістерді жымқыру үшін делдал-компанияларды пайдалануы және сыбайлас жемқорлық жоспарлары туралы ақпарат расталмады. Материалдарды зерттеу барысында прокуратура мұндай мәлімдемелер жалпы саладағы жағдайды түсінбегендіктен пайда болады деген қорытындыға келді. Ресеймен үкіметаралық келісім шеңберінде Қазақстаннан экспортталатын табиғи газдың 90%-дан астамы тең көлемде Қазақстан тарапына қарсы жеткізу тетігі арқылы өтеледі. Мұндай мәмілелердегі жалғыз және тікелей контрагент-ПАО "Газпром". Бұл айырбастау операциялары Қазақстанның ішкі нарығына газ жеткізу болып табылады", – деді Берік Асылов.

Мұндай мәмілелердегі бағаларды Қазақстан Үкіметі реттейді, бұл трансферттік баға белгілеу туралы заңнамаға сәйкес келеді. Бұған қоса ел ішіндегі газ бағасын ТМД елдері арасында ең төменгі деңгейде ұстап тұруға ықпал етеді. Осы орайда ведомство өкілі арада кедергілер жоғын, "ҚазРосГаз"-дың жалғыз контрсеріктесі ресейлік "Газпром" екенін ерекше атап өтті.

Энергетика министрлігінің деректері бойынша, ішкі нарықтағы бөлшек саудадағы газдың орташа бағасы бір текше метр үшін 18,5 теңгеден аспайды, бұл Ресейге қарағанда екі есе аз және Қырғызстанға қарағанда 5 есе төмен.

"2019 жылғы "КазРосГаз" ЖШС жұмысын талдау экспортталған 7,8 млрд текше метр газдың 0,75 млрд текше метрі коммерциялық экспорт. Яғни, 10%-ы. Бұл делдалсыз тікелей ресейлік "Газпром" коммерциялық бағамен сатып алатын газ мөлшері", – деп атап өтті Бас прокуратура өкілі.

Жалпы алғанда 2007 жылмен 2019 жыл аралығындағы "ҚазРосГаз" ЖШС-ның Қазақстанның ішкі нарығына газ тасымалымен Ресейден қайта тасымал механизмінен түскен табыс 4,101 млрд долларды құрады. Оның 2 млрд доллардан аса сомасы ҚМГ-ға дивидент ретінде бағытталды.

"ҚазРосГаз" ортақ кәсіпорынын құру ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының ПрезидентІ Владимир Путин арасындағы тікелей келісім нәтижесінде жүзеге асты. Бұл туралы құжатқа қос тарап 2002 жылы Санкт-Петербордағы кездесуі барысында қол қойған. Серіктестік бастамалар негізінде ортақ кәсіпорынға "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ (50%) мен "Газпром" ААҚ (50%) иелік етеді.

"ҚазРосГаз" компаниясы Қарашығанақ мұнай-газконденсаты кен орнындағы газды утилизациялаумен айналысады. "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В." шикі газын алып Орынбор газ өңдеу зауытына тасымалдайды. Онда өңделген газ Қазақстанның ішкі нарығына және экспортқа шығарылады.

Қазақстандық мұнай экспортын монополизациялау белгілері анықталған жоқ

Швейцариялық мұнай трейдері Vitol қазақстандық мұнай экспортының басым бөлігін иеленуі үшін әкімшілік ресурстарды пайдаланғаны туралы ақпарат расталмады. Берік Асылов осы мәселеге ерекше тоқталды. Оның сөзінше мұнай экспортындағы Vitol-дың үлесі 10%-дан аспайды.

"Энергетика министрлігінің есебінше 2009 жылдан 2019 жыл аралығында елден барлық компаниялар 752 млн тонна мұнай экспорттады. Соңғы 10 жылда оның 53 млн тоннасы немесе 7%-ға жуық үлесін Vitol мен еншілес компаниялар сатып алған", – деді Берік Асылов.

Бұған қоса ол өткен жылы экспорттың 75%-ы елдегі үш ірі кен орнының үлесіне тисілі екенін жеткізді. Олар: Теңіз ("Тенгизшевройл" ЖШС, 29,7 млн тонна), Қашаған ("NCOC" компаниясы, 14,1 млн тонна), Қарашығынақ ( "KПО Б.В." компаниясы, 10,1 млн тонна).

"Операторлар аталған экспорт көлемінің 45,78 млн тоннасын өнімді бөлу келісіміне (ӨБК) және ел Үкіметімен келісімшартқа сәйкес халықаралық нарықта тәуелсіз маркетингтік жүйелері арқылы саудалады. Себебі олар ішкі нарыққа шикізат тасымалдауға міндеттелмейді", - деді Берік Асылов.

Елден шығарылатын мұнайдың қалған 25,4%-ын мұнай-газ барлау жұмыстарымен айналыстан 58 компания жүзеге асырады. Бірінші энергетика вице-министрі Мұрат Жүребековтың сөзінше бұл компаниялар бірінші кезекте отандық мұнай өңдеу зауыттарына, яғни ішкі нарыққа шикізат тасымалдайды. Тек содан кейін экспортқа шикізат шығарады.

Ұлттық компанияның төралқа төрағасының орынбасары Данияр Берлібаев 2009-2019 жылдары "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқаруындағы "Ембімұнайгаз", "ӨзенМұнайГаз" және "КазақТуркМұнай" бойынша Vitol-дың мұнай салудағы үлесі 2%-ды немесе 1,23 млн тоннаны құрады деп мәлімдеді.

Бұған дейін батыс және отандық БАҚ беттерінде осыған қатысты сыни мақалалар жарияланған болатын. Атап айтсақ,  Vitol мұнай трейдеріне ресурстарды басқару мүмкіндігі беріліп, елден экспортталатын мұнайдың басым бөлігін иеленгендігі туралы жазылған. Алайда Бас прокуратура тексерісі барысында анықталған жайттар мұның барлығын жоққа шығарды.

Болашақта өндірілетін мұнай үшін алынған аванс ҚМГ-ны дефолттан құтқарды

ҚМГ-ның швейцариялық мұнай трейдері Vitol-дан болашақта жеткізілетін мұнай үшін алдын-ала алынған төлем келісімін сынау негізсіз. Бұл келісім кейбір жағдайларды ескере отырып Қазақстан мүддесі үшін жасалған. 

Қазақстандық мұнай-газбен жасалған заңсыз операциялар және табысты жымқыру туралы айыптауға қатысты "ҚазМұнайГаз" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Данияр Берлібаев осындай пікір білдірді.

Оның айтуынша 2014 жылы мұнай бағасының баррелі 115 доллардан 55 доларға дейін құлдырауы "ҚазМұнайГаз" АҚ қаржылық жағдайын айтарлықтай қиындатып, қарыз жүктемесін оптимазациялауды талап еткен.

Алайда мұнай бағасының төмен болуы салдарынан қарыз түріндегі жаңа қаражатты тарту мүмкіндігі болмаған. Өйткені шығарылған еурооблигациялар бойынша қарыз лимиті бұзылған. Нәтижесінде қарыз берушілер борышты мерзімінен бұрын қайтаруды сұрап, салдарынан дефолтқа ұшырау қаупі бар еді.

Бұл жағдайдан шығу үшін ҚМГ менеджменті болашақта өндіріліп, сатылатын мұнайдан түсетін табысты аванс түрінде алуды ұсынған. Сәйкесінше ұлттық компания "болашақтағы мұнайды қолма-қол ақшаға айырбастау" туралы конкурс жариялаған. Мұндай келісім Glencore, Trafigura, VTB Capital, Mitsubishi сынды ірі халықаралық ойыншылар қатысатын әлемдік мұнай бизнесінде кең таралған.

Конкурс нәтижесінде ҚМГ-ға Теңіз бен Қашағандағы Қазақстанның үлесіндегі болашақта өндірілетін мұнайды жеткізу үшін тиімді шартпен 6,4 млрд доллар ұсынған Vitol жеңіске жеткен.

"Бухгалтерлік есептіліктің талаптарына сәйкес мұндай аванстық төлемдер қарыз ретінде есептелмейді және несиелік лимитті бұзу қаупін тудырмайды", - дейді  Данияр Берлібаев.

ҚМГ есебінше Vitol авансты Еуропа мен Азияның ірі банктерінен (Societe General, Credit Agricole, Unicredit, HSBC, Intesa, ABN Amro, Credit Suisse, Bank of China, ICBC және басқалары) синдикатталған займ алу арқылы берген.

ҚМГ қаражатты Қашаған жобасынан қосымша үлес сатып алғаннан кейін пайда болған борыш пен ҚМГ тобының қарыздарын қайта құрылымдап, жартылай жабуға жұмсаған.

ҚМГ төрағасы орынбасарының айтуынша аванс ретінде алынған 6,4 млрд доллар қарыз бойынша келісімнің 5 млрд долларынан астамы орындалған.

"Қазақстан үшін ерекше бұл келісімде ұлттық компанияның мүддесі сақталғанын көрсетеді", –дейді ҰК топ-менеджері. 

"ҚМГ" ҰК-ның 2012-2014 жылдары қалыптасқан қарыз жүктемесіне қатысты ҚР Бас прокуратурасы да анықтама берген. Онда осы кезеңдегі қарыз жүктемесінің артуына Қашаған жобасынан америкалық ConocoPhillips компаниясынан сатып алынған қосымша үлесті қаржыландыруға байланысты туындаған.

Анықтамада жоғарыда алынған қаржының бір бөлігі Қашаған жобасының қазақстандық үлесіндегі шоттарды төлеуге жұмсалғаны айтылды.

ҚР мұнайгаз активтерін сатып алу-сату келісімдері заңды

Бірқатар азаматтардың мұнай-газ активтері бойынша жасалған келісімдердің заңдылығы туралы  айыптауларынан кейін Қазақстан мен Швейцария прокуратуралары жан-жақты зерттеу жасап, ешкімге айып тақпастан істі 2013 жылы тоқтатқан. Бұл туралы бүгін ҚР Бас Прокурорының бірінші орынбасары Берік Асылов Парламент Мәжілісінің отырысында айтты.

Айта кетейік, Мәжілістің Экономикалық реформалар және аймақтық даму комитетінің отырысында қазақстандық мұнай мен газ бойынша заңсыз операциялар мен табысты жымқыру туралы бірқатар батыстық және отандық ресурстардағы жарияланымдар негізінде "ҚазМұнайГаз" АҚ тексеру нәтижесі туралы баяндама жасалды.

Берік Асыловтың айтуынша бірқатар азаматтардың арызы бойынша Швейцарияның прокуратурасы 2010-2013 жылдары бірқатар қазақстандық мұнай-газ активтерінің (оның ішінде "СНПС-АқтөбеМұнайГаз" акцияларының мемлекеттік пакетін сату, "ҚазҚұрылысСервис" және Kazakhstan Petrochemical Industries компанияларын жекешелендіру, "МаңғыстауМұнайГаз" компаниясының акцияларын сатып алу-сату бар) сатылуы  және бұған Құлыбаев Т.А қатысының бар-жоғы бойынша тексеру жүргізген.

Материалдарды жан-жақты тексеру үш жылға созылған және 2013 жылдың соңында Швейцария Бас прокуратурасы зерттеуді тоқтатқан. Қазақстанның құқық қорғау органдары швейцариялық әріптестеріне осы мәселеде барлық қажетті көмек көрсетті.

Сонымен қатар, талқылау барысында Қазақстанның қаржы министрлігі жоғарыда аталған жеке тұлға мен оған тиесілі компаниялардың салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуінің толықтығына талдау жүргізгені белгілі болды.

Кіріс бөлігін талдау барысында 2015-2019 жылдардағы мемлекеттік бюджетке барлық салық түсімдерінің шамамен 48%-ын немесе 45,6 трлн теңгені салық төлеушілердің 30 ірі тобы қамтамасыз еткенін көрсетті.

Салық төлемеу туралы айыптау Қаржы министрлігінің есебімен сәйкес келмейді. Мысалы, Тимур Құлыбаевтың компаниялар тобы аталған кезеңде 1,07 трлн теңге салық төлеген. Бұл көрсеткіш елдегі барлық компаниялар тобының салық төлемдері бойынша 4-ші орында. Оны тек "Теңізшевройл" ЖШС, "Самұрық-Қазына" компаниялар тобы (барлық еншілес компаниялармен) және "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В." консорциумы (құрылымдық бөлімшелерді есепке алғанда) басып озады. Сонымен қатар, Тимур Құлыбаев сол кезеңде 12,2 млрд теңге көрсеткішімен елдегі жеке тұлғалар арасындағы ең ірі салық төлеуші болып табылады.

Бас прокуратура тексерісі барысында елімізден экспортталатын мұнай бағасын төмендету фактілері де анықталған жоқ.  Комитет отырысына қатысқан Қаржы министрлігінің өкілі мұнай экспорты бойынша барлық келісім шарттар мониторингтен өтеді және баға жасау бойынша заңға сәйкестігі салық органдары бақылауында екенін айтты.  Былайша айтқанда, мұнай-газ компаниялары сыртқы нарыққа мұнайды белгіленген жеңілдіктерден бөлек төмен бағамен сата алмайды.

Бұған қоса Қазақстаннан  Еуропаға тасымалданатын мұнай көлемі Argus Media және Platt’s басылымдарында ашық жазылады. Аталған факт елден төмендетілген бағамен шикізат сатылғандығы туралы ақпараттарды жоққа шығарады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу