Ел Президенті ретінде кәсіпкерлерге шынайы құрметпен қараймын – Президент

311

Биыл 29 қазан "Қазақстан кәсіпкерлері күні" болып ресми түрде бекітілді. 

Ел Президенті ретінде кәсіпкерлерге шынайы құрметпен қараймын – Президент Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес қоғамдастықтың өкілдеріне шынайы құрметпен қарайтынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазір әлемде болып жатқан үдерістерді бәріңіз де көріп-біліп отырсыздар. Геоэкономикалық ахуал өте құбылмалы әрі бұлыңғыр. Осындай кезеңде бизнес өкілдерінің жасампаздық, отаншылдық қасиеттері айқын көрінеді. Мұндай уақытта кәсіпкерлеріміздің табанды еңбегі және ел болашағына деген зор сенімі аса маңызды екені анық. Түптеп келгенде, сапалы өнім шығарып, сапалы қызмет көрсету – бәсекеге қабілетті болу және ең бастысы, еліміздің өркендеуіне нақты іспен үлес қосу деген сөз. 

Ел Президенті ретінде кәсіпкерлерге, ұлттық буржуазиямызға, соның ішінде, ең алдымен, осы залда отырған бизнес қоғамдастықтың өкілдеріне шынайы құрметпен қараймын. Сіздердің қабілеттеріңізге, іскерлік және адамгершілік қасиеттеріңізге сенемін", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, кәсіпкерлер – мемлекетіміздің игілігі, экономикалық әлеуеті үшін табанды еңбек етіп келе жатқан Қазақстанның нағыз патриоты. 

"Сіздер жетістікке жетуден шабыт алатын, өзгелерге үлгі болатын азаматсыздар. Әр қадамдарыңыз сәтті болатынына сенімдімін. Қандай да бір істе болсын, пессимизмге бой алдыратын, әрекетсіз, құлықсыз, іші тар адамдардың жетістікке жетпейтіні ертеден белгілі. Мұны, әсіресе, әлеуметтік желіде уақытын өткізіп жатқан жастар білуі әрі есте сақтауы керек. 

Шығыс даналығы ең қиын жағдайдың өзінде үлкен мүмкіндіктер жасырынып жататынын айтады. Сондықтан еңсені түсіріп, күйзеліске берілудің қажеті жоқ. Керісінше жетістікке жететін жол іздеу керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кету керек, бұған дейін Мемлекет басшысы "Алтын сапа" және "Парыз" сыйлығының лауреаттарын, "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйлегенін жазғанбыз. Жасанды интеллект Қазақстанның ішкі жалпы өнімін 20 млрд долларға дейін арттыруы мүмкін. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу