Бас прокурор туыстарының қызметте жоғарылауы сәйкестік пе?

2214

Журналист Михаил Козачков Берік Асылов Бас прокурор болып тағайындалғалы бері, оның бірнеше туысы қызметте көтерілгені туралы Faceebook-та ақпарат жариялады, деп жазады inbusiness.kz

Бас прокурор туыстарының қызметте жоғарылауы сәйкестік пе?

Журналист жария еткен дерекке сәйкес, Алматы облысы прокурорының орынбасары болып 34 жасар Азамат Күреңкей тағайындалған.

"Ол бұрын Алматы қаласы мен Алматы облысында прокурор болып қызмет еткен Ғабит Миразовтың күйеу баласы. Ал, Ғабит Миразов пен Берік Асылов бажа",-деп жазады Михаил Козачков. 

Ашық дереккөздер мәліметіне сәйкес, Азамат Күреңкей Алматы облысы прокурорының орынбасары болып 2022 жылдың қазан айында тағайындалған, 2019 жылдан бері Еңбекшіқазақ ауданының прокуроры болды. Еңбек жолын 2010 жылы  Алматы қаласы, Жетісу ауданы прокурорының көмекшісі ретінде еңбек жолын бастап, Астана қаласы, Есіл ауданы прокуратурасында, Бас прокуратурада, Еңбекшіқазақ аудандық прокуратурасында қызметтер атқарған.  Бұл ретте, Михаил Козачков берген ақпарат ашық дерекөөздердегі мәліметпен сәйкес келеді. 

Сондай-ақ, Михаил Козачков Жамбыл облысы, Мойынқұм және Талас аудандарының бұрынғы әкімі Оңдасын Жиенқұловтың Бас прокурор Берік Асыловтың туған жездесі екенін, ал олардың ұлы Абылайхан Ондасын биыл тамыз айында Алматы қаласы, Медеу ауданының прокуроры болып тағайындалғанын жазады. 

Алматы қаласы, Медеу ауданының прокуроратурасының сайтында Ондасын Абылайхан тамыз айында прокурор болып тағайындалғаны туралы ақпарат берілген. 
"Еңбек өтілі: Алматы қаласы прокуратурасының әр түрлі лауазымдарында жұмыс істеген (09.2011-08.2022); Алматы қаласы Медеу ауданының прокуроры (08.2022 бастап)", деп жазылған Алматы қаласы, Медеу ауданының прокуроратурасының сайтында. 

Ал, gorodtaraz.kz сайтында 2011 жылғы 21-сәуірде жарияланған мақалада Оңдасын Жиенқұлов Берік Асыловтың үлкен әпкесінің жұбайы екені жазылыпты. Кейіннен Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары болған Оңдасын Жиенқұлов, соңғы мәліметтерге сәйкес "Қ.Сәтпаев атындағы канал" "ҚазСуШар" РМК филиалының директоры.  

Михаил Козачковтың дерегінше, Бас прокурор Берік Асыловтың туған бауыры Абай Ноғайұлы  Асыловтың ұлы Нұрфазыл Ноғаев та жақында жаңа лауазымға тағайындалған. Ол Малайзиядағы  UCSI университетін тәмамдаған, деп жазады Козачков.

"Менің дерегім бойынша, Нұрфазыл Ноғаев биыл жазда Астана қаласы, Есіл аудандық прокурорының орынбасары болып тағайындалды",-делінген журналист жазбасында.

online.zakon.kz деректерінше Абай Ноғайұлы  Асылов "Алатау Жарық Комапаниясы" АҚ Басқарма Төрағасы. Бұл қызметке мамыр айында тағайындалған. "Самұрық Энерго" АҚ үлестес жеке тұлғаларының тізімінде Нұрфазыл Ноғаев - Абай Асыловтың ұлы ретінде көрсетілген. ("Алатау Жарық Комапаниясы" "Самұрық Энерго" құрамындағы компания) 

Алайда ашық дерек көздерінен Нұрфазыл Ноғаевтың жаңа лауазымына қатысты ақпарат таба алмадық. 

Берік Асылов Бас прокурор болып тағайындалғалы бері оның туыстарының да лауазымының өсуі сәйкестік пе, оған құзырлы орган басшысы жауап берер деген үміттеміз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу