Бәсекелестер ұпай бөлісетін кез

2158

Ертең Қазақстан чемпионаты қайта жалғасады. Бізді қандай тартысты кездесулер күтіп тұр?

Бәсекелестер ұпай бөлісетін кез

Ақтаулық "Каспий" клубында басшылық ауысып, ауыс-түйістер орын алып жатыр. Бұрын футзал клубында қызмет еткен Ержан Жаңбыров директор орынбасары болып тағайындалды.

Команда сапындағы ойыншылар жарақаттан дін аман. Сондықтан "Ақсуға" қарсы ойында жергілікті ұжым міндетті түрде 3 ұпай еншілеуі тиіс.

Павлодарлық клубы жайлы айтар болсақ, бұл команда жоғарғы топтағы орнын сақтап қалу үшін бар жағдайды жасамақ. Соңғы кездері "Ақсу" ұпайдан шашау шығармай жүр. "Каспийдің" де, "Ақсудың" да ұпайлар саны бірдей – 26. Мұндай матчтарда мамандар 6 ұпай үшін талас деп айтып жатады. Себебі қай жеңген бәсекелесіне ұпай бермей, өзі маңызды 3 ұпай иеленеді.

"Ордабасы" мен "Атырау" арасындағы кездесу де дәл сондай тартысқа толы. Ұпайлары біркелкі, ойындары шамалас, қорғанысы біртоға командалар әрбір допқа таласары анық. Қос команданың үздік төртікке кіретін мүмкіндігі бар. "Ордабасы" сапында Эльхан Астанов, Серж Ньюадзе, Всеволод Садовский сияқты мықты ойыншылар бар. Сондықтан кездесу фавориті шымкенттік клуб.

"Тараз" - "Мақтаарал" ойынында екі команданың да мақсаты бірдей. Чемпионаттың соңында көбірек ұпай жинау. Ал "Мақтааралдың" жағдайы тіпті мүшкіл. Өйткені олар қазір турнирлік кестеде ең соңғы орында. Премьер-лигадағы орынды сақтап қалу үшін жетісайлық команда әр ойында барынша көбірек ұпай алуға тырысады. Оған бұл команданың әлеуеті де жетеді.

"Тараз" қатарынан екі ойын жеңіліп қалғаннан кейін жергілікті жанкүйерлерді қуантуға тырысады. Нұркен Қалдыбекұлы Мазбаев баптайтын "Тараз" осы жолы жеңіске жетуді көздейді. Алайда қарсыластың қарымы да күшті болып тұр. "Мақтааралға" соңғы орыннан көтерілу үшін бұл керемет мүмкіндік. Легионері жоқ жамбылдық командадан басым түссе, келесі жылы да премьер-лигада ойнау құқығына ие болып қалуы мүмкін.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу