Басқарма Байқоңыр тұрғындарын соғысқа шақыру туралы ақпаратқа түсінік берді

1799

Қаулыдағы ақпарат Байқоңыр қаласының тұрғыны саналатын Ресей Федерациясының азаматтарына арналған.

Басқарма Байқоңыр тұрғындарын соғысқа шақыру туралы ақпаратқа түсінік берді Фото: inbusiness.kz

"Байқоңыр" кешеніндегі арнайы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасы Украинадағы соғысқа қатысуға ниетті азаматтарға қосымша ақы төленетіні туралы ақпаратқа түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Байқоңыр арнайы өкілдігінің Facebook-тегі ресми парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, мобилизациялау және төлемдер туралы қаулы Байқоңыр аумағында орналасқан Ресей Федерациясының азаматтарына ғана қатысты.

"Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының 2023 жылғы 7 ақпандағы №49 Қаулысына сәйкес, Байқоңыр қаласында тұратын азаматтарға, сондай-ақ арнайы әскери операцияға қатысуға ниет білдірген және әскери қызметті өткеруге келісімшарт жасасқан адамдарға әлеуметтік қолдау шарасы ретінде 260 мың рубль мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем белгіленген. Ресей Федерациясы президентінің 21.09.2022 жылғы №647 "Ресей Федерациясында ішінара жұмылдыру жариялау туралы" Жарлығына сәйкес, тек Ресей Федерациясының азаматтары әскери қызметке шақырылады. Сондай-ақ ерікті түрде әскери қызметші ретінде жұмылдыру немесе арнайы әскери операцияға қатысу үшін Ресей Федерациясының 60 жасқа дейінгі ер-азаматтары шақырылуы мүмкін, - делінген ақпаратта.

Яғни, Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының жоғарыда аталған Қаулысына сәйкес, әлеуметтік қолдау шарасы ретінде 260 мың рубль мөлшеріндегі біржолғы ақшалай төлем тек Байқоңыр қаласының тұрғыны саналатын Ресей Федерациясының азаматтарына ғана тиесілі.

Сонымен қатар, Қазақстан азаматтарына қос азаматтық алуға тыйым салынған және олар бір мезгілде Ресей азаматы бола алмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу