Баспана бағдарламаларын орташа табыстыларға бағдарлау ұсынылды

4874

Қоғамның осал топтарына арналған тұрғын үй бағдарламалары әзірге өзін ақтамай тұр. Мемлекеттік біраз бағдарлама өткен жылдың соңынан бері уақытша тоқтатылған.

Баспана бағдарламаларын орташа табыстыларға бағдарлау ұсынылды

"Инфляцияның бас спонсоры – мемлекет"

"Қаралы қаңтар" оқиғаларына байланысты 5 қаңтарда елдің әлеуметік-экономикалық ахуалына қатысты кеңес өткізген Президент Қ. Тоқаев Үкіметке халықты баспанамен қамту мәселелерін шешуді тапсырған болатын. Нәтижесінде, әлеуметтік аз қамтылған санаттарға жататын 70 мың адамның қайталама нарықтан жалға алған пәтері арендасының 50 пайызын бюджеттен субсидиялайтын BASPANA MARKET бағдарламасы мен порталы пайда болды.

Халық Үкіметтің тұрғын үй саласындағы қадамдары осымен аяқталатынына сенбейді. Сондықтан қазақстандықтар баспана бағдарламаларын жетілдіретін ұсыныстарын Үкіметке жолдауда.

Қоғам белсендісі, экономист Нұрлан Досан өз өтінішінде Үкіметке жеңілдікті ипотекалық бағдарламаларды қайта форматтауды ұсынды.

"Жылжымайтын мүлік айналасындағы спекуляцияларды тыю үшін жеңілдікті ипотекалық бағдарламалар қатысушыларының қайталама нарықтан баспана алуын тоқтату керек. Себебі қалтасында бос қаражаты бар алыпсатарлар баспананы тұрғын үй құрылысы енді ғана басталып, іргетасы қаланып жатқанда арзандай алады да, кейін қайталама нарықта басқаларға, соның ішінде мемлекеттік ипотека бағдарламаларына қатысушыларға қымбатқа сатады. Салдарынан мемлекеттік бағдарламалар қайталама нарықтағы бағаның шарықтауына үлес қосуда", – деген пікірде ол.  

Екіншіден, осал топтарға жататын кейбір отбасы бір өңірде баспана алып, оны сатып жіберіп, бес жылдан кейін басқа өңірде, басқа бағдарламамен пәтерге қол жеткізуі мүмкін. Сондықтан Н. Досан қазақстандықтар "барлық жеңілдікті тұрғын үй бағдарламаларына тек 1 рет қатыса алады" деп шектеген жөн дейді. Әйтпесе, әлгі "карусель" ондаған жылдар бойы жалғаса беруі мүмкін.

Үшіншіден, қазақстандықтардың үлкен бөлігі не байларға, не аз қамтылғандар санатына қосыла алмай, екі ортада "ілініп" қалды. Сөйтіп, олар мемлекеттің қамқорлығынан тыс қалып тұр. Қоғамдағы наразы топтардың қомақты бөлігін де солар құрауы мүмкін.

"Қазақстандағы барлық тұрғын үй бағдарламаларының жеңілдікті ставкалары 7-8%-дан аспайды, яғни базалық ставкадан (9,75%) және инфляциядан (8,4%) төмен. Алайда олардың бәрі азаматтардың белгілі бір санаттарына ғана ұсынылады. Соның кесірінен, шын мәнінде баспанаға мұқтаж, бірақ аз қамтылғандар санаттарының ешқайсысына жатпайтын адамдар, қарапайым жұмыскерлер мемлекет қамқорлығынан қалыс қалды", – дейді ол.

Сарапшы қайталама нарықтағы ипотекалық несиелендіруді толығымен банктерге тапсыруды ұсынады, бірақ бұл ретте ипотека құнын базалық ставкадан 1-2 пайыздай ғана жоғарылатуға мүмкіндік беру керек. Сонда халыққа, соның ішінде орташа табыстыларға да қолжетімді болады, әрі алыпсатарлардың арыны басылады.

"Бұрынғы Үкімет бұл саланы біраз былықтырды. Жеңілдікті ипотека ставкалары инфляциядан және базалық ставкадан тым төмен белгіленді, шығыны бюджеттен субсидияланды. Салдарынан, жылжымайтын мүлік нарығындағы баланс бұзылды. Баспанаға деген халықтың сұранысы күрт өсті, ал нарық оны қанағаттандыра алмады. Бұл соңғы 3 жылда тұрғын үй бағасының шығандауына соқтырды. Осы аралықта жылжымайтын мүлік 90%-ға қымбаттаған. Биылғы І тоқсанда 100%-ға да жетіп қалар. Түрлі жеңілдікті несие бағдарламаларына Ұлттық қор қаражаттары шығындалып келді. Бұл елде инфляцияның өрге өрлеуіне түрткі болды. Жаңа Үкімет те инфляцияны ауыздықтай алмай жатыр. Елде бүлік болған қаңтар айының өзінде шаршы метрлер бағасы өскен. Мемлекеттің өзі елдегі инфляцияның бас демеушісіне айналды", – дейді Н. Досан.

Оның байламынша, барлық жеңілдікті ипотека бағдарламаларын түзететін кез жетті. Ол мысал ретінде Ресейді келтірді. Солтүстік көрші инфляциямен күрес аясында мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының ставкаларын базалық ставкаға байланыстырған. Ресей осы саланы қайта форматтады. Мемлекет қайталама нарықты жеңілдікті несиемен қаржыландыруды тоқтатты. Бұл сала толығымен коммерциялық банктерге берілуде. Сондай-ақ жаңа саясат бойынша баспана бағасы қымбаттаған ірі қалалар үшін жеңілдікті ипотека сомасының лимиті төмендетіледі.

Көп балалы ана Гүлнәз Дүйсенова 2014 жылдан бері "Отбасы банктің" салымшысы екенін айтады.

"Банктің баспана алуға қатысты түрлі бағдарламаларына қатысамын, алайда әлі күнге пәтерге қол жеткізе алмадым. Себебі жинағым тым аз, жеткіліксіз. Меншігімде мүлкім жоқ. Бір бөлмелі жалдамалы пәтерде ұйлығып тұрып жатырмыз. Мұғалім болып жұмыс істеймін. Мойнымда екі кредитім бар. "Қазақстан халқына" қоры біз сияқты аналар баспана ала алуы үшін субсидия бөлсе жақсы болар еді", – дейді ол.

Тұрғын үй бағдарламалары уақытша тоқтатылды

Сарапшылар аз қамтылған отбасыларға арналған "Бақытты отбасы", "Шаңырақ", әскерилерге арналған "Әскери баспана", әйелдерге арналған "Ұмай" секілді бағдарламалар халықтың барлық тобының мәселесін шешпейтініне, тек шағын топтарға бағдарланғанына назар аудартады.

Өз кезегінде "Отбасы банк" мамандары бұл байламмен келіспейді. Олардың айтуынша, еш санатқа жатпайтын қазақстандықтар тұрғын үй жинағын пайдалана алады. Банктің "Өз үйім-Свой дом" бағдарламасы да азаматтарды санат бойынша шектемейді екен.

"Қазіргі кезде "Ұмай" бағдарламасы танымал болды. Оның аясында "Отбасы банк" Азия даму банкі бөлген 8 млрд теңге сомасындағы бірінші траншты игерді. Бағдарлама арқасында 850-ден астам әйел қоныс тойын тойлады. Шамамен тағы 200 әйел баспанаға қол жеткізу алдында тұр. Бүгінде банк жаңа траншты тарту бағытындағы жұмысқа кірісті. Сондай-ақ осы бағдарламаға қатысу шарттары кеңейтіледі", – деп хабарлады "Отбасы банк".

Мемлекеттік банк 2021 жылғы 2 желтоқсаннан бастап "Ұмай" бағдарламасы бойынша өтініш қабылдауды доғарған. Соған дейін мақұлданып үлгерген өтініштер бойынша ғана кредиттер беріледі. Енді 2-ші транш 2022 жылдың І тоқсанында келіп түседі деп күтуде. Сонда ғана бағдарлама жалғастырылады.

Соңғы үш жылда әкімдіктерде үй кезегінде тұрған 34 мыңнан астам қазақстандық отбасы "Отбасы банк" арқылы баспанаға қол жеткізіпті. Бірінші кезекте көп балалы және толық емес отбасылар, балалар үйлерінің түлектері, мүгедектер, бюджеттік сала қызметкерлері және шенеуніктер пәтер иеленді. Олардың көбі үй кезегінде 1986 жылдан бері тұрған.

Тарата айтсақ, 34 мыңның ішінде 2019 жылы – 11,1 мыңы, 2020 жылы – 13,8 мыңы, ал 2021 жылдың 7 айында тағы – 9,1 мыңы баспаналы болу бақытын иеленіпті.

Таяуда мембанк 2021 жыл қорытындысын шығармақ. Жыл қорытындысында "Бақытты отбасы", "Нұрлы жер" бағдарламалары және "Шаңырақ" пилоттық жобасы аясында тағы 12 мыңдай заем беріледі деп болжанып отыр. Сонда барлық бағдарламалардың үш жылғы көрсеткіші 50 мың отбасыға жуықтайды.

Сонша қомақты нәтиже деп те айту қиын.

Мысалы, "Шаңырақ" пилоттық жобасын жүзеге асыруға Ұлттық банк "Отбасы банкіне" 210 млрд теңге бөлген болатын. Оның 131 миллиардтан астамы баспана алуға жеңілдікті ипотека ретінде таратылды. Қалғаны мақұлданған 6 мың өтініш үшін қарастырылған, бірақ ол өтініш иелері нарықтан арзан пәтер іздеп, сабылуда. Сондықтан "Отбасы банк" 2021 жылғы 9 қыркүйектен бастап, "Шаңырақ" жобасы бойынша өтініш қабылдауды да уақытша тоқтатты.

Бұған қоса, "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында бекітілген бағамен тұрғын үй салу үшін әкімдіктерге 180 млрд теңге берілген. Оны игеру жалғасуда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу