Құрылтай депутаты Бөріхан Нұрмұхамедов елдегі тұрғын үйге қолжетімділік мәселесін көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгінде тұрғын үй саясатының табыстылығы негізінен құрылыс көлемімен, пайдалануға берілген тұрғын үйдің шаршы метрімен және берілген ипотекалық несиелердің санымен бағаланады. Дегенмен, бұл көрсеткіштердің өсуі баспананың қолжетімділігі артты дегенді білдірмейді. Мысалы, 2026 жылдың тамыз айында баспананы жалға алу бағасы жылдық есеппен 17,1%-ға қымбаттады. Ал бірінші тоқсанда халықтың жан басына шаққандағы нақты табысы бар-жоғы 0,1%-ға өсті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша медианалық жалақы 317 мың теңгені, ал ең жиі кездесетін жалақы мөлшері 116 мың теңгені құрады. Сол себепті орташа жалақыға сүйеніп жасалған есептеулер қатардағы қазақстандық отбасының мүмкіндіктері туралы шынайы жағдайдан жоғары түсінік қалыптастыруы мүмкін", – делінген депутаттық сауалда.
Бөріхан Нұрмұхамедов халықаралық тәжірибеде баспананың қолжетімділігін анықтауда дәлірек тәсілдер бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, Ұлыбританияда баспананың медианалық бағасы мен медианалық еңбекақы өзара салыстырылады, Еуропалық Одақ елдерінде баспана шығындары қолда бар табысының 40%-ынан асатын азаматтардың үлесі есептеледі. Канадада баспананың қолжетімділігі бір мезетте оның құны, сапасы және ауданының жеткіліктілігі бойынша бағаланады. АҚШ-та баспанаға табысының 30%-ынан астам және 50%-ынан астам бөлігін жұмсайтын отбасылар бөлек есепке алынады. Сингапур мен Ирландия қарыз алушының табысына қатысты ипотекалық және өзге де қарыз жүктемесін шектейді.
""Баспана қолжетімділігінің өңірлік көрсеткіштері жүйесін ресми түрде енгізу орынды деп санаймыз. Есептеулердің негізіне үй шаруашылығының медианалық табысы алынуы тиіс. Баспана құны нақты мәмілелер, несиелеудің нарықтық шарттары және тұрудың толық құны бойынша анықталуы қажет", – деді ол.
Тәсілдеме бірқатар көрсеткіштерге сүйенуі тиіс: қолжетімділік коэффициенті; жүктеме көрсеткіші, жинақтау кезеңі, біліктілік кедергісі, отбасылық бюджетке түсетін жүктеме.
Осыған байланысты депутат бірқатар ұсыныс тастады:
– Тұрғын үй қолжетімділігінің өңірлік көрсеткіштері жүйесінің бірыңғай Әдістемесін бекітудің мақсатқа сәйкестігін бағалау және үш ай ішінде 2024-2026 жылдар аралығы үшін барлық өңірлер бойынша пилоттық есептеулерді ұсыну;
– сарапшылар қауымдастығы үшін есептеу алгоритмдерін аша отырып, осы көрсеткіштерді тоқсан сайын жариялап тұратын ашық цифрлық панельді 2027 жылдан бастап іске қосу мүмкіндігін қарастыру;
– жеңілдетілген ипотеканың, сатып алу құқығы бар аренданың және тұрғын үй сертификаттарын берудің шарттарын әрбір өңірдегі баспананың нақты қолжетімділік деңгейіне міндетті түрде байланыстыру мүмкіндігін зерделеу;
– қолданыстағы тұрғын үй бағдарламаларына бағалау жүргізіп, олардың отбасылардың баспана сатып алуға кететін нақты шығындарын азайтқан-азайтпағанын көрсету.