Баспанамен қамтудың әлемде жоқ "қызық" тетігі енгізіліп жатыр

1227

Көрші елдегі баспанасыздар бөренелі үйлерге қоныстанбақ.

Баспанамен қамтудың әлемде жоқ "қызық" тетігі енгізіліп жатыр Фото: canva

Ресейдің Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Сергей Катырин "Известия" басылымына берген сұхбатында халықтың санасындағы "ағаш үй" деген түсінік тым қарабайыр екеніне шағымданды.

Жұрт көпқабатты ағаш үй десе, бірден қорқынышты барактарды елестетеді екен. Сондықтан ол өте берік орныққан бұл стереотипті "сүріп тастап", ағаш үйлерді сәнді әрі танымал ету үшін оларға алдымен жұлдыздар мен саясаткерлерді қоныстандыруды ұсынды.

"Меніңше, Ресейде ең алдымен көпқабатты ағаш кеңсе ғимараттары салынады. Адамдар ағаш кеңселерде жұмыс істеп бой үйреткеннен кейін ағаштан көпқабатты тұрғын үйлер белсенді соғыла бастайды. Оларда қоғамдық пікір көшбасшылары – әртістер, саясаткерлер, блогерлер және басқалары тұруға тиіс. Сонда олар ағаш пәтерлерде өмір сүруімен-ақ бұл істі ілгерілетіп, танымал етіп, халықты жаппай ақпараттандыруға қарқынды кіріседі", – деп қатырды Катырин.

Алайда Ресей риелторлары гильдиясының негізін қалаушы Константин Апрелев "Москва 24-ке" берген сұхбатында ағаш үйлерге мамандардың да көзқарасы теріс екенін жасырмады. Оның үстіне РФ аумағында ондаған қабаттық заңғарлар түгіл, тіпті 9-12 қабатты, биіктігі аса жоғары емес ағаш көпқабатты үйлердің өзі проблемалардың тұтас "үйіріне" маңдай соққан.

Мәселелер толыққанды шешілмей, ресейліктер бөренелі көппәтерлі үйлерге жаппай көше алмайды. Сондай-ақ, мұндай тұрғын үй кешендері кең тұтынушылық мойындауға, яғни халықтың сүйіспеншілігіне де ие бола алмайды, деді сарапшы.

Апрелевтің байламынша, басты сын-қатер – үй салудың барлық кезеңдерде кешенді технологиялық бақылауды қамтамасыз етумен байланысты. Арнайы материалдарды өндіруден бастап ішкі әрлеу жұмыстарына және инженерлік жүйелерге дейінгі бүкіл процесті қатаң бақылау қажет.

Өйткені ағаштың термикалық кеңею коэффициенті бетон мен кірпіштен мүлде өзгеше. Қарапайым тілмен айтқанда, ағаш – кірпіш емес, табиғи-органикалық зат, ол сырттағы ауа температурасымен бірге ісінеді, кебеді, құрғайды, қурайды, тіпті шіриді.

Мұның мәнісіне, бүге-шігесіне құрылыс мамандарының – жобалаушылардан бастап прорабтарға дейін екінің бірі терең бойлай алмайды. Өндірістен бөлек, әрбір құрылыс алаңында ешқандай "шығармашылық еркіндікке" жол бермейтін темірдей тәртіп керек. Онсыз ағаш заңғарлар тамыры солған бәйтеректей бір жағына қисая жөнеледі, гүрс етіп құламасына да кепілдік жоқ.

Міне, дәл осы жерде, сарапшының тұжырымдауынша, қиындықтар басталады. РФ-та құрылыс сапасының мәселелері жаппай сипат алған. Осы орайда оған жаңа, әлі толық сыналмаған технология қабатталса, бұл мүлде бөлек проблемалар қабатын түзеді.

"Сапаны бақылау сын көтермейді, оған қатысты проблемалар отандық құрылыста жаппай сипатқа ие. Тиісінше, бұл жайт ағаш технологияларының дұрыс қолданылуын бақылауды да аса күрделі етеді. Тіпті цемент сияқты дәстүрлі материалдардың өзінде беріктік маркаларын сақтау жаппай бұзылып жатады. Онда жаңа әрі әлі жетілдірілмеген ағаш технологиясы туралы не айтуға болады?", – деді сарапшы.

Сонымен қатар, ағаш "жарықтық" кез келген ұшқыннан лап ете қалатын материал (Ресейде жыл сайын өршитін орман өрттері бұған дәлел). Ағаш үйдің төрінде "тілсіз жау" үстемдік етпеу үшін жанудан сақтайтын арнайы құрамдағы химияны, лақтарды және басқасын қабырғасына молынан сіңдіруге тура келеді.

"Бұл құрамдар ол үйде ұзақ тұратын адамдар үшін экологиялық тұрғыдан қауіпсіз бе? Олар түрлі ауруларға душар болмай ма? Қазіргі кезде бұл сұрақтарға ашық жауаптар жоқ. Беделді ұйымдар зерттеу жүргізбеген. Мұндай үйлердің экологиялығы туралы барлық мәлімдемелер әзірге теория деңгейінде қалып тұр", – дейді РФ риелторлары гильдиясының басшысы Апрелев.

Алайда ресейлік реттеуші органдар бұл жерде сирек кездесетін батылдық пен икемділік танытып отыр. РФ ТЖМ-і желімделген ағаш панельдерден тұрғызылатын үйлерге қойылатын көпқабаттылыққа қатысты шектеулерін алып тастауда. РФ Құрылыс министрлігі бұған бірден келісімін берді.

Сонау кеңес кезінен бері қауіпсіздік мақсатында құтқарушылар мұндайға рұқсат етпейтін. Әйтпесе, "ленинградтық үйлер", "хрущевкалар" орнына тоғыз қабаттық ағаш үйлерді тез-тез шегелеп салып тастайтын еді. Қазіргі тренд басқа.

"Ағаш үйлер шөкпейді, дыбыс оқшаулауы да керемет, көршілердің күбір-сыбырын естімейсіз. Іші қыста жылы, аптап ыстықта салқын. Егер өрт болса, ғимаратты қалпына келтіру қиынға түспейді әрі қымбат болмайды. Жанған бөренелерін ауыстыра салады. Ресейліктер дайын ағаш жиынтықтарынан құралған жеке үйлерді жиі сала бастады. Келесі қадам – әлеуметтік, туристік нысандарды, тіпті көпқабатты биік ғимараттарды жаппай тұрғызу. Бұған қажетті нормативтік актілер мен рұқсат құжаттары қазірдің өзінде дайын", – деп мадақтай жазды ресейлік "Парламентская газета".

Оның дерегінше, сауалнамалар көрсеткендей, ресейліктердің басым көпшілігі көршісі мазасын алмайтын жеке үйде тұрғысы келеді. Жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҚ) нарығы осы сұранысқа сай болуға тырысып жатыр. 2025 жылы РФ-та салынған 107 миллион шаршы метрдің үштен екісі ЖТҚ үлесіне тиген.

Қазақстандықтар сенбес, бүгінде Ресейдегі барлық жаңа үйлердің 27%-ы – ағаштан салынған! Елдің орманға бай екенін ескерсек, бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін еді, дейді көршінің сарапшылары.

"2021 жылдан бері ағаш үйлердің жыл сайын енгізілетін жалпы ауданы 10 миллионнан 17 миллион шаршы метрге дейін күрт өсті. Яғни, 60 пайызға артқан. Бұл салада 129 өндірістік кәсіпорын жұмыс істейді, тіпті ағаштан жасалған дайын қабырғаларды жеткізіп береді. Бірақ бағалары газды бетоннан немесе кірпіштен салынған үйлерден айтарлықтай айырмашылығы жоқ", – деп хабарлады РФ Федерация кеңесінің (Сенат) өңірлік саясат комитеті төрағасының орынбасары Александр Высокинский.

Мемлекет "толық қолдау" режимін қосты. Өндірушілер мен сатып алушыларға түрлі ынталандыру шараларын ұсынуда. Апатты және көнерген тұрғын үйлердегі тұрғындарды көшіру кезінде ағаш үй салуға рұқсат етілді.

2025 жылдың 1 наурызынан бері ағаш конструкцияларынан жасалған типтік-үлгілі жобалар әзірленді, құрылыс компанияларына құрылыс кезінде сол дайын үлгілерді қолдануға мүмкіндік берілді, деп тізбектеді сенатор. Нормативтік база қарқынды түрде жазылып жатыр, заңнамаға түзетулер енгізілуде, ведомстволардың келісімдері алынуда.

Сарапшылар енді ағаштан көпқабатты тұрғын үй кешендерін тұрғызуға кедергі жоқтығын жеткізді. Пиары барлық федералдық арналардан жүріп жатыр: "Сіздің арманыңыз – ағаш үй!" дейді.

"Көпқабатты желімделген ағаш панельдерден жиналған мұндай үйлер тез шірімейді, шөкпейді, қабырғаларынан сыз бен жел өтпейді. Мұндай "конструкторларды" жазды, ауа температурасының жылынуын күтпей, жылдың кез келген маусымында құрастыруға болады. Мысалы, типтік технология бойынша үш қабатты үйді үш аптада тұрғызуға болады", – деді құрылыс компаниясының бас директоры Ольга Иванова.

Онда неге бүкіл Ресей баяғы ата-бабаларындай тегіс ағаш үйлерге көшіп алмады? Иванованың пікірінше, мәселе ресейліктердің санасында. Ондағы теріс пікірлерді "түзетіп" жіберу қажет.

Бұл үшін маркетингті күшейтіп, кеңінен насихаттап, жан-жақты үгіттеу керек. Кірпіш пен бетон әлі күнге адамдарға сенімдірек болып көрінеді. Бұған қоса, Ресейдің құрылысқа маманданған жоғары оқу орындарында сол бұрынғыдай темір мен бетонға басымдық беріледі, ағаш үй салуды үйретпейді, деп қынжылды құрылыс салушы Иванова.

Бірақ Ағаш үй салу қауымдастығының (Ассоциация деревянного домостроения) мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі директоры Вадим Фидаров сарапшылардың лепірген көңілін су сепкендей басты. Оның мәліметінше, РФ-та ағаш үйлердің ұзақ мерзімге шыдайтынына, жөндеуге жарамдылығына және қалдықтық ресурсына баға беретін ғылыми негізделген әрі дәлелденген нормативтер әлі күнге жоқ.

Сарапшы дәл осы жайттарға байланысты жергілікті биліктің ағаштан жасалған құрама үйлерді таңдауға жүрегі дауаламайтынын алға тартты. Бірақ оның сөзі көрші елдегі жалпы эйфория аясында иен даладағы жанайқайдай естілді. Құлақ қояр жан жоқ.

"Өйткені ағаш үйлерді салуға қолдау мол болады. Жаңа қолдау түрі енгізілген. Үй жиынтықтарын сатып алушы отбасыға не бизнеске 20 пайызға дейін субсидия беріледі, оны үй пайдалануға беріліп, қабылданған соң алады", – деп хабарлады Өнеркәсіп және сауда министрлігінің жеңіл өнеркәсіп департаменті басшысының орынбасары Дмитрий Гусев.

Тіпті апатты үйлердің тұрғындарын да ағаш үйлерге, бөренелі баспаналарға көшіруі мүмкін. Ол үшін 2028 жылға дейін көпқабатты ағаш тұрғын үй кешендерін қоса алғанда, 27 миллион шаршы метр ағаш баспана салу жоспарланған.

Сонымен қатар, зауытта дайындалатын ағаш қабырға-конструкцияларды қолдануды РФ-тың "Кеңістіктік даму стратегиясымен" анықталған Тірек елді мекендерді дамыту бағдарламаларына енгізу ұсынылды. Ол жақтан қосымша қолдау тетіктеріне қол жеткізуі мүмкін.

Бірақ осының бәріне "нүкте" қоя алар бір кілтипан анықталды: ағаш үйлер бұқараға қолжетімді емес және көз ілеспес жылдамдықпен ары қарай қымбаттап барады. Ағаш тұрғын үйлердің бағасы, кірпіш үйлер сияқты, өткен жылы бірден 10-15 пайызға өсті.

Дом.РФ маманданған порталының дерегінше, ауданы 120 м² болатын ағаш үй салудың орташа шығыны 11 миллион рубльден (шамамен 72 миллион теңге) басталады.

Бұл сома бетоннан немесе кірпіштен салынған жайлы пәтерден бар-жоғы бір-екі миллионға арзан (құны орта есеппен 12-15 млн рубль). Яғни, өртену қаупі жоғары, сондай-ақ жанбауы, шірімеуі, ісінбеуі, сығылмауы үшін қабырғасына түрлі химиялық қоспа сіңдірілген баспанада тұрудың күмәнді ләззаті үшін ресейліктерге қалтасын қағуға тура келеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу