Соның қатарында мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үй сертификатын ерекше атауға болады. "Әр қазақтың арманы баспана" дегендей, бұндай мүмкіндіктің бары көңіл қуантады. Алайда аты көрікті болғанымен, затына қол жеткізу қиын мәселенің бірі осы тақырып болып тұр.
Жалпы, тұрғын үй сертификатына қатысты біркелкілік жоқ екенін байқадық. Себебі әр өңір оның бағасын өзі белгілейді. Мысалы, Астана мен Алматыда сертификат бағасы 1,5 млн теңге болса, Шымкентте 1 млн Өзге өңірлерде 500 мың мен 1 млн теңге арасы. Бұны әр өңірдегі табыс пен өмір сүру сапасына қатысты заңдылық деп санауыңыз мүмкін. Бірақ баға әртүрлі болған жерде, қамтылатын адамдардың да саны құбылады.
Мәселе бұнымен бітпейді, сертификатқа үміткер азамат алдымен банктен ипотека алуға қауқарлы екенін дәлелдеуі керек. Бірақ қайтарымсыз сертификат алу үшін керісінше табысы белгіленген шектен аспауы керек. Міне, қайшылық осында. Мемлекет табысыңның төмен болғанын талап етеді, ал банк ипотека алуға жоғары табыс сұрайды.
Табыс талабындағы қайшылықты бекер сөз етпедік. 2026 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 581 теңге болып белгіленді. Ал қайтарымсыз тұрғын үй сертификатын алу үшін отбасының кейінгі 6 айдағы орташа табысы әр адамға шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен – 157 638 теңгеден аспауы керек. 4 адамнан тұратын отбасы бар делік, жиынтық орташа айлық табысы 630 552 теңгеден аспаса, ол қайтарымсыз әлеуметтік көмекке үміткер бола алады. Бірақ сертификатқа өтініш беру үшін азаматтың қолында банктің ипотекалық қарызды мақұлдағаны туралы хаты болуы керек. Онда берілетін қарыз сомасы мен ай сайынғы төлем мөлшері көрсетіледі. Бірақ банк имотека мақұлдау кезінде 4 адамның бірлескен 630 мың теңгелік табысын жеткілікті санамауы мүмкін. Мемлекет пен банк осы мәселені үйлестірмегені бірден аңғарылады.
Qazaq Expert Club-тың құрылыс саласындағы сарапшысы Диляра Сейітнұрованың пікірінше, сертификат жүйесіндегі негізгі проблемалардың бірі бөлінетін қаржыға байланысты. Мәселен, Алматыда 2022 жылы сертификат бағасы 1,5 млн теңге болды, қазір де сол баға. Бірақ 4 жылдан астам уақытта тұрғын үй бағасы тоқтаусыз өскенін ешкім ескермегенге ұқсайды. 4 жыл бұрынғы 1,5 млн теңге инфляцияны ескергенде қазіргі 2,3-2,5 млн теңге болуы керек екен.
"Сертификат алуға қойылатын табыс шегі ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланыстырылған. Күнкөріс деңгейі өзгерген сайын табыс шегі де өзгереді. Ал сертификаттың ең жоғары көлемі автоматты түрде индекстелмей отыр. Яғни бір жүйенің ішінде азаматтың табысына қойылатын талап экономикалық жағдайға қарай өзгеріп отырады да, оған берілетін көмектің сомасы бұрынғы күйінде қала берген", – дейді маман.
Енді қараңыз, 2026 жылғы маусымда Алматыдағы жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі орташа 725 995 теңге болды. Сонда 1,5 млн теңгелік сертификат жаңа пәтердің небәрі екі шаршы метрінің бағасына жуық. Ал құны 25 млн теңге болатын қарапайым пәтердің бастапқы жарнасы – 20 пайыз (5 млн теңге). Сонда мемлекеттен 1,5 млн теңгелік сертификат берілсе, азаматтың қалтасында тағы 3,5 млн теңге бар болуға тиіс. Яғни бұрын бастапқы жарнаны толтыруға көп көмек берген сертификат қазір азғантай ғана қосымша қаржыға айналды.
Осы тұста Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тлеуленова сертификат мөлшерін жылжымайтын мүлік құнына немесе ипотека бойынша қажетті бастапқы жарнаның белгілі бір үлесіне байланыстыру керек екенін айтады.
"Сертификат мөлшерін тек инфляция деңгейіне қарай автоматты түрде индекстеу қажет деп айтпас едім. Неғұрлым дұрыс тәсіл – оның мөлшерін тұрғын үй құнына немесе ипотека бойынша ең төменгі бастапқы жарна көлеміне байланыстыру. Мысалы, сертификат мөлшерін сатып алынатын тұрғын үй құнының белгілі бір үлесі ретінде белгілеп, оған максималды шек қоюға болады. Сонда әлеуметтік қолдау нарықтағы жағдайға бейімделіп отырады, ал мемлекет бюджет шығындарын бақылай алады", – деді ол.
Әйтсе де сертификат бағасын көтере салу да құптарлық қадам емес. Өйткені баға көтерілсе, сертификатқа қол жеткізетін адмдар саны азаяды. Сондықтан мемлекет бұл мәселені қарастырғанда екі таңдауға ұшырайды: біріншісі, көп адамды қамтып, аз мөлшерде ақша беру, екіншісі, аз адамды ғана қамтып, көп мөлшерде қаржы беру. Мысалы, Астанада биыл тұрғын үй сертификатына 650 млн теңге бөлінген, яғни, 433 адам қамтылады. Ал егер сертификат бағасын 3 млн теңгеге өсірсе, қамтылатын адам саны 216-ға дейін азаяды.
Дегенмен қаржыгер Саида Тлеуленова сәл өзгеше жол ұсынады. Барлық отбасының жағдайы бірдей емес. Сондықтан бәріне бірдей 1,5 млн теңгелік сертификат берудің орнына, ең мұқтаждарына көбірек көмек беру керек.
Түйіндейтін болсақ, тұрғын үй сертификатын үлестірудегі механизмді мемлекет қалай алғанда да қайта қарау керек секілді. Шенділердің алдында екі талқы бар: бөлінетін қаржыны, сертификат құнын қайта қарау және табыс талаптарын банктермен келісе отырып, үйлесімді ету. Әйтпесе бағдарлама баспанамен қамтушы емес, аздаған көмек етуші жоба ретінде есте қалатындай.