Баспанасы барлардың қалтасын қағатын жаңалық енгізілді

156

​Салық кодексімен бірге жылжымайтын мүлікке қатысты жаңа ережелер өмірге жолдама алды.

Баспанасы барлардың қалтасын қағатын жаңалық енгізілді Фото: ЖИ

1 қаңтардан бастап Қазақстанда тұрғын үй иелеріне қатысты бірнеше маңызды салық жаңалықтары күшіне мінді. Біріншіден, тұрғын үйге иелік ету мерзімі ұзарды әрі 15% ставка қосылды. Екіншіден, салтанат салығы пайда болып, қымбат жылжымайтын мүлікке салынатын мүлік салығы өсті. Үшіншіден, ипотека алған азаматтар пайдаланып келген игілік – салықтық шегерім жойылды. Енді осының бәрін рет-ретімен, байыппен тарқата кетсек.

Шыдамдылар ұтады

Krisha.kz Қазақстанда тұрғын үйді сатқан кезде салық төлеттіру туралы норма бұрыннан барын еске салады. Бұл ретте бұрынғы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодекстегі" қос шарттың екеуі де орындалса ғана салық төлеу талап етілетін:

Қожайыны баспананы сатып алып, тиісті мемлекеттік реестрде меншік құқығын тіркеткеніне бір жылдан аз уақыт өтсе;

Үйін сатып алған бағасынан қымбатқа сатса, яғни, қосылған құн мен баға өсімі болса.

Жаңа Салық кодексінде бұл шарттар біршама өзгеріске түсті. Нәтижесінде, биылғы 1 қаңтардан бастап:

Қолданыстағы дайын тұрғын үй үшін иелену мерзімі 2 жылға дейін ұзартылды.

Салынып жатқан тұрғын үй үшін – 3 жылға дейінгі мерзім енгізілді.

Салық мөлшерлемесі пайда көлеміне қарай септеледі. Егер тапқан табысы 8 500 АЕК-тен (2026 жылы – 36 млн 762,5 мың теңгеден) аз болса, алған пайдасының 10%-ы көлемінде жеке табыс салығын төлейді. Одан асқан бөлігіне – 15%-бен салық төленеді.

Мысал келтірейік: сіз 2026 жылдың қаңтарында пәтеріңізді 100 млн теңгеге сатып алдыңыз, содан 2027 жылдың қыркүйегінде оны 200 млн теңгеге сатып жібердіңіз делік.

Иелік еткеніңізге 2 жыл өтпеді, бұған қоса пайда да бар – демек, салық төлеу керек. Мұндағы пайда – 100 млн теңге. Салық былай есептеледі: алдымен 36,8 млн теңгеге (8 500 АЕК) × 10% = шамамен 3,7 млн теңге, қалған 63,2 млн теңгеге × 15% = 9,5 млн теңге салық төлеуіңіз керек.

Сонда баспананы сатудан кейін төленетін жалпы салық сомасы: 13,2 млн теңгені құрайды. Бұл салықты әрбір адам өзі есептеп, өз еркімен төлеуге тиіс. Әйтпесе, мемкірістер органы біліп қойып, салық салынатын нысанды жасырғаны үшін салықтың 200%-ына тең көлемде айыппұл салуы мүмкін.

Ескеретін жайт, Салық кодексі биылғы жыл басында қолданысқа енгізілгендіктен, бұл өзгерістер тек 2026 жылдың 1 қаңтарынан кейін жасалған мәмілелерге қатысты. Содан көп адам былтырғы жыл аяқталғанша баспана алып қалуға тырысты. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы желтоқсан айында тұрғын үйге қатысты жасалған сатып алу-сату келісімшарттары бірден 27%-ға өскен.

Осылайша, егер сіз пәтерді немесе үйді 2025 жылы сатып алып үлгерсеңіз, иелену мерзімі бұрынғыдай – 1 жыл болып қала береді. Сатпас бұрын бір жыл күтсеңіз жетеді.

Биылдан бастап алған азаматтар тұрғын үйді (қолданысқа берілгеннен кейін) меншігінде 2 жылдан артық ұстаса, оны сатудан қанша пайда тапса да, ешқандай салық төлемейді.

Сонымен бірге, егер азамат аз уақыт қана бұрын сатып алған баспанасын шұғыл түрде сол бағаға сатып жіберсе, онда да салық төлемейді. Өйткені ешқандай пайда таппады деп есептеледі. Егер пайда болмаса, иелену мерзіміне қарамастан, салық мүлде туындамайды.

Бай байыған сайын көп төлейді

Қазақстан көп жылдан бері сөз болған "салтанат салығын" ақыры енгізді. Әрине, жаңа Салық кодексінде осылай аталатын жеке салық түрі пайда болған жоқ, есесіне қымбат нысандарға салынатын мүлік салығы артты.

Мүлік салығы да елде бұрыннан бар. Азаматтар оны жыл сайын пәтерлер, жеке үйлер, гараждар, жер телімдері, коммерциялық мүлік үшін төлейді.

Әр объектіге қатысты салықты нысандардың құнына және орналасқан жеріне ("алтын квадрат" аталатын, қала орталығындағы мүліктің салықтық коэффициенті көбірек) қарай мемлекеттік салық органдарының өзі есептейді.

Бұл жерде әр объектінің құнын әр жылдың 1 қаңтарынан соң "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясы белгілейді және ол нарықтық бағадан әлдеқайда төмен болады.

Қаңтардан бастап не өзгерді? Мемкорпорация мен салықшылар мүлікке бай адамдарды іздеуге кірісті. Мұнда олар бір адамның атына тіркелген барлық жылжымайтын мүліктің құнын қосып есептейді.

Егер ол азаматтың атындағы бүкіл жылжымайтын мүліктің жалпы сомасы 450 млн теңгеден асса, жоғары мөлшерлеме қолданылады.

Мысалға, сізде 4 пәтер бар. Олардың жалпы құнын мемкорпорация 600 млн теңге деп белгілеуі мүмкін. 450 млн-нан асатын бөлігіне, яғни, 150 млн теңгеге 2% ставкамен салық салынады. Бұған бекітілген минимум – 2 946 600 теңге тағы қосылады. Егер мүліктердің жалпы құны 450 млн теңгеден төмен болып шықса, әр нысанға салық бұрынғыша, төмендегі ставкамен жеке-жеке есептеледі.

Салық кодексінің 602-бабына сәйкес, биылдан бастап, жеке тұлғалардың мүлiк салығы салық салу объектiлерiнiң құнына қарай мынадай ставкалар бойынша есептеледi:

2 000 000 теңгеге дейін (қоса алғанда) болса, салық салу объектілері құнының 0,05%-ы;

2 000 000 теңгеден жоғары және 4 000 000 теңгеге дейін (қоса алғанда) – 1 000 теңге + 2 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,08%;

4 000 000 теңгеден жоғары және 6 000 000 теңгеге дейін (қоса алғанда) – 2 600 теңге + 4 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,1%;

6 000 000 теңгеден жоғары және 8 000 000 теңгеге дейін (қоса алғанда) – 4 600 теңге + 6 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,15%;

8 000 000 теңгеден жоғары және 10 000 000 теңгеге дейін (қоса алғанда) – 7 600 теңге + 8 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,2%;

10 000 000 теңгеден жоғары және 12 000 000 теңгеге дейін (қоса алғанда) – 11 600 теңге + 10000000 теңгеден асатын сомадан 0,25%;

12 000 000 теңгеден жоғары және 14 000 000 теңгеге дейін (қоса алғанда) – 16 600 теңге + 12 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,3%;

14 000 000 теңгеден жоғары және 16 000 000 теңгеге дейін (қоса алғанда) – 22 600 теңге + 14 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,35%;

16 000 000 теңгеден жоғары және 18 000 000 теңгеге дейін (қоса алғанда) – 29 600 теңге + 16 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,4%;

18 000 000 теңгеден жоғары және 20 000 000 теңгеге дейін (қоса алғанда) – 37 600 теңге + 18 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,45%;

20 000 000 теңгеден жоғары және 75 000 000 теңгеге дейін (қоса алғанда) – 46 600 теңге + 20 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,5%;

75 000 000 теңгеден жоғары және 100 000 000 теңгеге дейін (қоса алғанда) –321 600 теңге + 75 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,6%;

100 000 000 теңгеден жоғары және 150 000 000 теңгеге дейін (қоса алғанда) – 471 600 теңге + 100000000 теңгеден асатын сомадан 0,65%;

150 000 000 теңгеден жоғары және 350 000 000 теңгеге дейін (қоса алғанда) – 796 600 теңге + 150 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,7%;

350 000 000 теңгеден жоғары және 450 000 000 теңгеге дейін (қоса алғанда) – 2 196 600 теңге + 350 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,75%;

450 000 000 теңгеден жоғары – 2 946 600 теңге + 450 000 000 теңгеден асатын сомадан 2%.

Ипотека жүгі ауырлай түсті

Ескі салық кодесіне сәйкес, ипотекаға баспана алған азаматтар бухгалтериясына соны дәлелдейтін құжаттарын тапсырып, ол шығынын шегерімге жатқыза алатын. Нәтижесінде, ипотекалық несиесі бойынша көп төлейтін азаматтардың жалақысынан жеке табыс салығы кейде мүлдем ұсталмайтын.

Жаңа Салық кодексінде олар бұл мүмкіндіктен айрылды. Ипотека алушыларға арналған салықтық шегерім алып тасталды.

Не өзгерді? Бұрын ипотека бойынша салықтық шегерім жеке табыс салығының (ЖТС – 10%) сомасын азайтатын. Тиісінше, жалақыдан ұсталым аз болып, ипотекасы бар адамның қолына алатын "таза" табысы бірнеше мың теңгеге көбейетін.

Шегерім тек ипотеканың ай сайынғы төлемінің пайыздық сыйақысына қолданылды, негізгі қарызға таралмайтын. Осы арқылы Үкімет тұрғын үй құрылысы жинағы жүйесін ілгерілетті, азаматтарға етене етті.

Бірнеше жыл бойы бұл жеңілдікті тек "Отбасы банкінің" (бұрынғы ТҚЖБ) клиенттері пайдаланды. 2025 жылдан бастап оны барлық банктерге таратты: кез келген комбанктен ипотека алғандар осы арқылы мемлекетке жалақысынан төлейтін салығын кемітті.

Бірақ мұнда шегерімді жылына 118 АЕК-пен шектейтін лимит болды. Мұндай сомамен өткен жылы бір адам шамамен 46 397 теңге үнемдей алды.

Қаңтардан бастап жаңа Салық кодексінде тіпті осы азғантай жеңілдіктің өзі жойылды. Енді ипотека бойынша төленетін пайыздарды табыстан шегеру мүмкін болмай қалды. Оның ауыртпалығын көтеруде азаматтарға мемлекет көмектеспейді.

Ал Салық кодексінде барша қазақстандыққа ортақ тек 3 түрлі шегерім қалды: бұлар – базалық салықтық шегерім (айына 30 АЕК), міндетті әлеуметтік төлемдер бойынша шегерім, әлеуметтік шегерім, онысы әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға арналған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу