Батыс елдері Украинаға уақытында қару жеткізе алмай отыр

1092

Украинаның шамамен 17 пайыз жерін басып алған Ресей армиясы қазір шығыстағы Киев бақылауындағы Авдеевка қаласы мен басқа аудандарда қайтадан қарымта шабуылға кірісіп жатыр.  

Батыс елдері Украинаға уақытында қару жеткізе алмай отыр Фото: Reuters

Украина әскері Херсон облысындағы Днепр өзенінің басып алынған шығыс жағалауындағы позициялардан ресейлік сарбаздарды ығыстырып, ол жерлерге өздері шоғырланатын бірнеше плацдарм орнатты, деп хабарлады жұма күні Киев әскерилері.

Днепрден өту және ол арқылы ауыр әскери техника мен жүктерді тасымалдау украин қарулы күштеріне оңтүстікте Қырымға апаратын тікелей жолда жаңа майдан ашуға мүмкіндік береді.

Украинаның теңіз жаяу әскері Facebook желісіндегі парақшасында бірқатар "табыстарға" ие болғанын, бірнеше плацдарм орнатқанын және өзеннің шығыс жағында басқа да операциялар жүргізгенін хабарлады. Ресей Киев күштерінің Днепрден өткенін осы аптада алғаш рет мойындады.

"Украина  бөлімшелері ресейліктерді Днепрдің сол жағалауындағы позицияларынан ығыстырып, сонда шоғырланды", - деді Бас штабтың баспасөз хатшысы Андрей Ковалев YouTube-тегі әскери арнада.

"Бұл жауынгерлік жұмыстың негізгі мақсаттарының бірі - Украинаның бейбіт тұрғындарын, атап айтқанда, Херсонды ресейліктердің тұрақты артиллериялық шабуылдарынан қорғау үшін жауды оң жағалаудан (шығыс) мүмкіндігінше алысқа кетіру", - деді тағы бір сөзінде Ковалев.

Бір кездері 300 мың халық тұрған, тіршілігі қайнаған Херсон бүгінде біршама босап қалған. Және де ол майдан шебінде орналасқандықтан, кейінгі бірнеше айда Ресей артиллериялық соққысына жиі ұшырап, ондаған бейбіт тұрғын қаза тапты.

Украин әскерилері 2022 жылдың қарашасында Днепрдің батыс жағалауындағы Херсон мен оның айналасындағы аумақты қайтарып алды.

Ресей Украинаның соңғы жетістіктеріне қатысты дереу мәлімдемелер жасаған жоқ. Дегенмен, әдетте Ресей де, Украина да бұл аймақтағы операциялар кезінде қарсы жақты үлкен шығынға ұшыратып жатқанын хабарлап отырады.

АЛҒА ЖЫЛЖУ

Президент Владимир Зеленский жұма күні Днепрде әскерилердің ұшқышсыз ұшақтарды қолданғаны және жүрдек қайықтармен жүргені жайлы суреттерді жариялады.

"Біздің жауынгерлер. Күштеріңізге, алға жылжығандарыңызға көп рахмет!", - деді ол өзінің Telegram мессенджерінде.

Ковалев украин сарбаздары Ресейдің оқ-дәрілер мен азық-түлік жеткізу логистикасын тауып, қирату үшін диверсиялық және барлау әрекеттерін жүргізіп жатқанын да мәлімдеді. Оның айтуынша, ресейлік әскерилер үлкен қарсылық көрсетіп, қатарына қосымша күш тартып жатыр.

Оңтүстіктегі әскери қолбасшылықтың баспасөз хатшысы Наталья Гуменюк болса, Киевтің операцияларына тағы бір кедергі - ауа райының қолайсыздығы екенін атап өтті.

"Біз өте қолайсыз ауа-райы жағдайында операциялар күрделі болатынын білуіміз керек. Бұл физикалық ілгерілеуді ғана емес, сонымен қатар әуедегі барлау жұмыстарын да қиындатады. Оның үстіне, найзағай туралы ескерту бар", - деді ол теледидар арқылы берген комментарийінде.

Екінші жағынан, мұндай ауа-райы ресейліктерге бұрынғыдай тактикалық авиацияны қолдануға мүмкіндік бермейді. Бұл жағдайды Украина  әскери "табыстарын нығайтуға" қолдануы ықтимал.

Ресейліктердің шығыс жағалаудан ығыстырыла бастауы туралы жаңалық Украина армиясының оңтүстік-шығыс пен шығыстағы контршабуылдары айлар бойы айтарлықтай нәтиже бермегеннен кейін келді. Украина басшылары бұл сәтсіздіктер үшін Ресейдің кең миналанған алаңдары мен қорғаныс желілерін және Батыстан қару-жарақтың кешігіп жетуін айыптап отыр.

Украинаның шамамен 17 пайыз жерін басып алған Ресей армиясы қазір шығыстағы Киев бақылауындағы Авдеевка қаласы мен басқа аудандарда қайтадан қарымта шабуылға кірісіп жатыр.

Украина әскері өзінің күнделікті мәліметтерінде оңтүстіктен шығысқа дейінгі бүкіл майдан шебінде ұрыс жүріп жатқанын және соңғы 24 сағатта 72 жауынгерлік қақтығыс болғанын хабарлады.

Ең үлкен шайқастар Донецк облысының шығысындағы Авдеевка, Марьинка және Бахмут төңірегінде жүріп жатыр.

Авдеевка әскери әкімшілігінің басшысы Виталий Барабаш теледидар арқылы ресейлік күштер үлкен кокс зауыты жанындағы қаланың өнеркәсіптік аймағына қарай үлкен соққы жасап, оған қосымша күштер жеткізіп жатқанын айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу