Франция президенті Эмманюэль Макрон мен Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер мінберден сөз сөйледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
DW агенттігінің жазуынша, Франция президенті Эмманюэль Макрон Еуропаның АҚШ-тың қорқытып-үркітуіне жасқанбайтынын айтты. Оның сөзінше, Париж бен Еуропа күштілердің заңын пассивті түрде қабылдамайды, себебі бұл ұстаным Еуропаның тәуелді болуына әкеледі.
"Бұл – ережесіз әлемге қарай жасалған бетбұрыс. Мұнда халықаралық құқық еленбей, барлығын күштілердің заңы ғана шешетіндей көрінеді, ал империялық амбициялар қайтадан алдыңғы орынға шығады", – деп түсіндірді Макрон.
Франция басшысы Батыстың алдағы уақытта да аумақтық тұтастық пен заң үстемдігін қорғауды жалғастыратынын жеткізді. Десек те, Эмманюэль Макрон АҚШ президенті Дональд Трампқа тікелей сын айтпады. Reuters агенттігінің жазуынша, Макронның үні басқа еуропалық көшбасшыларға қарағанда әлдеқайда қатқыл шықты. Басқалары Гренландияға байланысты дау ушығып кетпес үшін сақтық танытқан.
Euronews агенттігінің хабарлауынша, Урсула фон дер Ляйен форумда "еуропалық тәуелсіздікті" дамыту қажеттігін айтқан.
"Геосаяси өзгерістер Еуропа үшін мүмкіндік бола алады әрі солай болуы тиіс. Менің пайымымша, бүгін біз көріп отырған сейсмикалық өзгерістер Еуропаның тәуелсіздігінің жаңа үлгісін қалыптастыруға берілген мүмкіндік қана емес, қажеттілік те болып отыр", – деді ол.
Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, Трамптың Гренландияға қатысты айтқан қоқан-лоққыларына Данияның еуропалық одақтастары қатаң әрі батыл жауап береді.