Баянауылдағы әуежай әлі ашылмайды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
19551

Биыл туристік өңірде 250 мың адам демалады деп жоспарлануда. 

Баянауылдағы әуежай әлі ашылмайды

Былтыр 160 мың демалушыны қабылдаған Баянауыл туристік аймағында биыл 250 мың адам тынығады деген жоспар бар. Бұл туралы жергілікті журналистермен кездескен Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов айтып берді.

Әкімнің сөзінше, қазір Баянауылдың туристік кластерін дамыту үшін арнайы жоспармен шұғыл жұмыс жүргізіліп жатыр.

"Баянауыл - табиғаты ерекше өлке. Басты мақсатамыз - ол жерді инфрақұрылыммен қамту. Қазіргі таңда арнайы жоспармен шұғыл жұмыс істеп жатырмыз. Туристер ағынын көбейту үшін ең қарапайым деген жағдайды барынша жақсартуға мән беріледі. Құзырлы органдар осы бағытта жұмысқа кірісті. Тиісті қаржы бөлінді", – деді Әбілқайыр Сқақов.

Баянауылда жазғы туризмнен бөлек, қысқы туризмді де дамытуға болады. Алайда облыс әкімінің сөзінше, қысқы туризм бойынша мәселелер бар. Аудандағы бар инфрақұрылымға қауіпсіздік тұрғысынан технологиялық аудит жүргізілмек. Су, жылумен қамту, қызмет көрсету жағынан жетілдіретін тұстар көп.

Баспасөз мәслихатында Баянауылдағы шағын әуежай әзірше іске қосылмайтыны мәлім болды. Бұл стратегиялық нысан болғандықтан, арнайы сертификациядан өтуге тиіс. Жалпы, ол мәселемен құзыретті органдар айналысып жатқандықтан, Әбілқайыр Сқақов оған байланысты пікір білдіруге құлықты емес екенін атап өтті.  

Павлодар өңіріндегі туристік нысанның бірі – Маралды көлі. Бұған дейінгі әкім Болат Бақауов осы көлді көркейтуге күш салған еді. Ал бұл жолғы баспасөз мәслихатында Әбілқайыр Сқақов мүлде басқа дүниелерді айтты.

"Маралдының жағдайы мәз емес. Бұған дейін көл жағасын көркейткен инвестордың талабы сот тарапынан қолдау таппады. Сондықтан ол жобаны жалғастырмайтын болды. Қазіргі таңда көл маңайы әу бастағы қалпына қайта оралды. Енді "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жаңа инвестор іздестіруде. Алдағы маусымда демалушыларға қарапайым жағдайлар жасау жағы қарастырылмақ", – деді Павлодар облысының әкімі.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу