Баянауылдағы өртке ешкім кінәлі емес

2171

Шығын көлемі 95 миллион теңгені құрады.

Баянауылдағы өртке ешкім кінәлі емес

14 шілде күні Баянауыл ұлттық табиғи паркінде өрт шығып, қызыл жалын тек 13 күннен соң сөндірілді. Павлодарлық құтқарушылардың мүмкіндіктері жетпей, Шығыс Қазақстан облысынан тікұшақ шақыруға тура келді. Өрттің шығу себебі мен шығынды саралау үшін арнайы тексеріс жұмыстары жүргізілді. Таяуда оның қорытындысы жарияланды.

"Өрттің жалпы аумағы – 71,1 гектар, оның 55,8 гектары – орман алқабы. Жалпы шығын көлемі 95 млн 956 мың теңгені құрады. Зардап шеккен көктерек пен қарағайлар көп. Тиісті рұқсатқағаз берілген соң ағаштар кесілетін болады",– дейді орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Шамиль Елубаев.

Комитет мамандары жүргізген тексеріс нәтижесінде кінәлілер анықталмапты. Сондықтан ешкім жауапкершілікке тартылмайтын болды.

"Бақылаушы ұшқыш өрт орын алған аумақтың үстінен қараған кезде орман ішінде жидек теріп жүрген адамдарды байқады. Бәлкім, олар темекі тастаған болар. Не болмаса балалар сіріңкені қолданған шығар. Қысқасы, нақты себебі жоқ. Сәйкесінше, ресми түрде ешкім кінәлі емес",– дейді Шамиль Елубаев.

Сонымен қатар инспекция өкілдері бұған дейін тараған ақпарат – жануарлардың жанып кеткені туралы мәліметті жоққа шығарды.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу