Базалық пайыздық мөлшерлеме мемлекетті шығынға ұшыратпау үшін төмендетілді – Мақсат Халық

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
9676

Ұлттық банк шағын және орта бизнеске арзан пайызбен несие алуға мүмкіндік берді. 

Базалық пайыздық мөлшерлеме мемлекетті шығынға ұшыратпау үшін төмендетілді – Мақсат Халық

Қай елдің болмасын базалық пайыздық мөлшерлемесі валютасының құнына тікелей байланысты. Базалық пайыздық мөлшерлеме неғұрлым жоғары болса, ұлттық валюта құнды, керісінше жағдайда құнсыз болады. 10 наурызда теңгенің базалық мөлшерлемесін 9,25% -дан 12% -ға өсірген кезде Ұлттық банк осындай уәж айтты. Арада 1 ай уақыт өтпей жатып қаржы реттеушісі базалық пайыздық мөлшерлемені 9,5% -ға төмендетті. Неге бұлай болғанын халық та, бизнес те түсінбей қалды. Мәселенің ақ-қарасын анықтау мақсатында біз GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халықпен сұхбаттастық.  

"Дағдарыс кезінде, кризис орын алып жатқан кезде базалық пайыздық мөлшерлемені несиенің пайызын азайту үшін төмендетеді. Бұл өз кезегінде іскерлік ортаға төмен пайызбен несие алуға мүмкіндік береді. Осылайша бизнес таба алмай тұрған ақшасының орнына несие алып, белгілі бір шығындарын ретке келтіреді я болмаса өндірісін кеңейтеді. Бұл қадам экономикалық өсімге қол жеткізу үшін қажет. Біздің елде теңгенің құнын арттыру мақсатында базалық пайыздық мөлшерлеме бірден 2,75% - ға  ұлғайтылды. Бұл – үлкен өсім. Базалық пайыздық мөлшерлеме көтеріле салысымен депозиттің пайызы артты. Сол-ақ екен ел азаматтары теңгемен депозит аша бастады", – деді экономист.

Сарапшының сөзінше, Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені жоғарылату арқылы инфляция мен девальвацияның қарқынын баяулатты, бірақ бұл шешім екінші деңгейлі банктердің несиенің пайызын өсіруіне негіз болды.

"Экономикада екінші деңгейлі банктердің шағын және орта бизнеске несие беру тереңдігі деген ұғым бар. Бұл көрсеткіш бізде өте төмен. Ұлттық банк бекіткен базалық пайыздық мөлшерлеме 9,25% болған кездің өзінде кәсіпкерлер несие алуға қатты құлшынған жоқ. Себебі екінші деңгейлі банктердің қарыздың үстінен қосатын сыйақы мөлшеремесі тым жоғары болды. Базалық пайыздық мөлшерлемені өсірген кезде экономистер Ұлттық банкті сынады.Олар шағын және бизнес өкілдеріне осыған дейін қымбат пайызбен берілген несиенің сыйақы мөлшерлемесі ғарыштық деңгейге көтерілетінін, кәсіпкерлерге несие рәсімдеу арман болуы мүмкін екенін алға тартты", – деді Мақсат Халық.

Спикердің сөзінше, Ұлттық банк қымбат ақшаның зиянын іскерлік белсенділікке тигізіп отыра алмады. Сәйкесінше бұған дейінгі шешімін өзгертіп, базалық пайыздық мөлшерлемені қайта төмендетті.

"Өздеріңіз білетіндей, мемлекет дағдарыстан шығару үшін шағын және орта бизнеске 1 трлн теңге бөлді. Бұл ақша бизнес субъектілеріне екінші деңгейлі банктер арқылы үлестіріледі. Базалық пайыздық мөлшерлеме мемлекетті шығынға ұшыратпау үшін төмендетілді. Биылғы  инфляциялық дәліз  9-11% аралығында.Орташа алғанда 10%. Ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшерлемені 9,5% -ға төмендетуі дұрыс шешім",– деді GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы.

Мақсат Халықтың мәлімдеуінше, АҚШ-тың федералдық резервтер жүйесі бекітетін доллардың кілтті пайыздық мөлшерлемесі мен Қазақстанның Ұлттық банкі бекітетін базалық пайыздық мөлшерлеме бір ұғым. Айырмашылық атауында ғана.

"АҚШ өткен жылдары доллардың кілтті пайыздық мөлшерлемесін 3%-ға дейін көтерді. Сол кезде доллар қатты күшейіп, басқа елдердің валютасына қатысты құны өсті. Жалпы, әлем елдерінің басым бөлігі базалық пайыздық мөлшерлемені төмендетуге тырысады. Себебі ол сол елдің валютасының құнын әлсіретеді. Бұл не үшін қажет. Қай елдің валютасының құны неғұлым әлсіз болса, сол елдің тауары басқа елдермен салыстырғанда соғұрлым бәсекеге қабілетті болады. Осыдан шығар, соңғы жылдары Жапония да жеңілдетілген ақша-несие саясатына жүгіне бастады. Еуропа елдері де еуроның кілтті пайыздық мөлшерлемесін 0% деңгейінде ұстауға көшті.

Бұл АҚШ президенті Дональд Трампқа ұнамады. Себебі еуропа тауарының өтімділігі артып, АҚШ-та өндірілген тауардың бәсекеге қабілеттілігі азайды.

Қазір АҚШ  доллардың кілтті пайыздық мөлшерлемесін 0% деңгейінде ұстап отыр. Осы арқылы экономикалық жағдайын дұрыстамақшы", – деді экономист.

Оның айтуынша, Ұлттық банк теңге бағамына екі тәсіл арқылы ықпал ете алады. Біріншісі базалық пайыздық мөлшерлемені төмендету арқылы теңгенің құны төмендету немесе арттыру арқылы жоғарылату. Екіншісі, интервенция.

"Алтын-валюталық резерв қорынан интервенция бөлу арқылы теңгеге құн береді немесе құнын төмендетеді. Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені 12% -ға көтерген кезде экономистер бұл долларды 400 теңге шамасында ұстап тұрудың амалы деп ойлады. Бірақ алтын-валюталық резерв қорынан көп интервенция жасалған жоқ. Ресей рубль құнсызданды. Теңгенің рубль алдындағы құны артты. Бұл біз үшін тиімсіз болды. Өйткені теңгенің құны рубльден жоғары болса, онда біздің тауарымыздың Ресей тауарларының алдындағы бәсекеге қабілеттілігі түсіп кетеді. Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресейден онсызда жеңіліп отырғанымызды ескерген Ұлттық банк амалдың жоқтығынан теңгені тағы да еркін айналымға жібере салды. Қаржы реттеушісі базалық пайыздық мөлшерлемені төмендету арқылы шағын және орта бизнеске ақша айналымын ұлғайтуға мүмкіндік берді. Қазіргі жағдайда бұл өте дұрыс шешім, – деді GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық.  

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу