Баж салығы қымбаттаған жоқ

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
4962

Жүргізуші куәлігі 20 мың теңге тұрмайды.  

Баж салығы қымбаттаған жоқ

Жүргізуші куәлігін қайдан, қалай алуға болады, ол кімге, неше жаста беріледі, құжат иесі атану үшін мемлекетке төленетін баж салығының құны қанша деген сұрақтарға ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі-баспасөз хатшысы Ирина Лукьянина жауап берді.

Айта кетейік, қазір жүргізуші куәлігін алудың екі тәсілі бар. Біріншісі мамандандырылған ХҚО-ға барып, кезекке тұрып алу, екіншісі үйде отырып, электронды үкімет порталымен рәсімдеу.  

Уақыт жоғалтып, жүйке жұқартқыңыз, кезекке тұрып, әлдекімдермен болмашы дүние үшін сөз таластырғыңыз келсе, бірінші тәсілге жүгінесіз. Мәселеңізді у-шусыз, тыныш қана шешуге бел бусаңыз, электронды үкімет порталын пайдаланасыз.

"Жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында ішкі істер министрлігі мен "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы ел азаматтарына жүргізуші куәлігін алу, көлік құралын тіркеу, сату, сатып алу құжаттарын рәсімдеу, айыппұл мен шектеулерді тексеру, мемлекеттік баж салығы мен алымдарды төлеу, сонымен қатар мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілеріне тапсырыс беру ісін онлайн атқаруға жағдай жасады", – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі.

Ирина Лукьянинаның айтуынша, е-gov арқылы көлік құралын басқару құқығын беретін құжатқа ие болу және мерзімі аяқталған жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін тапсырыс берушінің электронды суреті мен электронды қолтаңбасы болуы қажет. Көлік жүргізушісі электронды өтініш толтырып, оған электронды цифрлы қолтаңбасын қояды, өзінің фотосуретін жүктеп, онлайн төлем жасайды. Осыдан соң "қызметтер парақшасындағы" "онлайн қызметке тапсырыс беру" батырмасын басады. Бұл жерде жүргізуші куәлігінің суреті, жеке төлқұжат, тіркелу пунктінің мекенжайы пайда болады. Жүргізуші куәлігінің суреті шыққан жерге өтініш иесі өзінің суретін орнатуы керек. Кейін мобильді азаматтар базасына тіркелген жүргізушілердің жеке кабинетіне құжаттың дайын болғаны туралы sms хабарлама келеді. Құжатты мамандандырылған ХҚО-дан немесе жол полициясының тіркеу-емтихан алу бөлімшелерінен алатын кезде өтініш берген адамның қолында жеке басын куәландыратын құжаты, мемлекеттік баж салығын төлегенін растайтын түбіртегі, электронды өтініші болуы керек. Ал құжатын ауыстыратындар бұрынғы жүргізуші куәлігін, сонымен қатар психиатрлық, наркологиялық диспансер берген және 083-нысандағы медициналық анықтамасын ұсынуы тиіс. Жүргізуші куәлігін алғаш рет алған азаматтарға медициналық тексеруден өту талабы қойылмайды.

Нақтылай кетейік, электронды өтініштің қағаздағы нұсқасы е-gov-тың  "Қызметтерді алу тарихы", ал мемлекеттік баж салығын төлегені туралы түбіртек "Қызметтерді төлеу тарихы" бөлімдерінен онлайн алынады.

Мемлекеттік баж салығына келетін болсақ, оның құны қымбаттаған жоқ. Бұл туралы: "баж салығы 20 мың теңге болады" деп мобильді мессенджерлер арқылы тараған ақпарат шындықпен жанаспайды.

"WhatsApp желісі арқылы тараған жүргізуші куәлігін ауыстырғанда төленетін баж салығының құны өскен жоқ. Салық кодексіне сәйкес, бекітілген баж салығы бір айлық есептік көрсеткіш, яғни 2 405 теңгені құрайды. Көрсетілген соманың 1,25%-ы мемлекеттік баж салығы болып бекітілген. Бұл – жүргізуші куәлігін алу үшін көлік құралы иелері 3006,25 теңге төлеуі тиіс деген сөз", – деп мәлімдеді Ирина Лукьянина.

Оның сөзінше, күмәнді ақпартқа алданбас үшін, мәселенің мән-жайын 1414 нөмірінен я болмаса тиісті органның ресми ресурсынан білу керек.

Жүргізуші куәлігін алу үшін ең әуелі жол ережесін жаттап, көлік құралын басқаруды меңгеру керек. Бұдан кейін емтихан тапсырып, жүргізуші куәлігін алу үшін құжат жинау қажет.

Белгілі болғандай, "AI" санатындағы жүргізуші куәлігін он алты жасқа толған адамдар ала алады. Бұл құжат оларға мотокөлік құралын басқару құқығын береді. "А", "В" және "B1", "C1" кіші санаттарындағы көлік құралдарын он сегіз жасқа толған азаматтарға жүргізе алады. "С" санатындағы және "D1" кіші санатының көлік құралын 21 жасқа толған, 3 жыл көлік жүргізу өтілі бар, соның ішінде "С1" санатына жататын көлік құралдарын басқару өтілі бір жылдан кем емес адамдар басқара алады. Ал ұлттық жүргізуші куәлігі шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ тұлғаларға беріледі.

Естеріңізде болса, биыл 29 шілдеде ІІМ "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-мен бірлесіп, автокөлікті онлайн тәртіпте тіркеу тәсілін ілкі жоба ретінде іске қосты. Бұл туралы "Азаматтарға арналған үкімет" басқармасының төрағасы Абылайхан Оспанов: "Көлік сату мен сатып алу кезінде оны тіркеуден шығару немесе тіркеу ісін е-gov арқылы электронды түрде рәсімдеуге болады. Бұған қоса мемлекеттік тіркеу номерін таңдауға, номерді үйге әкелуге тапсырыс беруге болады. Мұның барлығы адамдардың уақытын үнемдеу және мамандандырылған ХҚО-дағы жүктемені азайту үшін жасалды. Соңғы бес айда "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы 745 592 көлікті тіркеу және қайта тіркеу рәсімінен өткізді", –  деді.

Оның сөзінше, көлікті сатушы мен сатып алушы бұрынғыдай фронт-офистерге бармай, өтінімді онлайн жолдай алады.

"E-gov.kz порталында тіркеліп, автокөлікке қатысты мәліметті енгізіп, айыппұл мен салыққа қатысты сұраныс білдіру керек. Қандай да бір қарыз болса, оны әп-сәтте төлеп тастауға болады. Көлікті сатып алушы электрондық үкімет порталы арқылы көлікке қатысты барлық мәліметті білгеннен соң мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісіне және көлік құралын тіркеуге тапсырыс беріп, электронды төлем жасайды. Бұл көлік сату мен көлік сатып алудың заманауи үлгісі", –  деді басқарма төрағасы.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу