Bed Tax пен E-Visa туризмді түлетеді

10756

Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға жарты трлн теңге қажет.  

Bed Tax пен E-Visa туризмді түлетеді

Мәдениет және спорт вице-министрінің кеңесшісі Еркебұлан Хасеновтың мәлімдеуінше, Қазақстан туризм маркетингіне тиісінше мән бермей отыр.

"Туристер Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия жайында көп біледі. Себебі бұл елдер туризм индустриясын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бүгінгі таңда туристер арасында Грузия, Чехия мемлекеттерінің де танымалдығы артып келеді. Себебі Грузияның туризм маркетингіне бюджеттен бөлетін ақшасы Қазақстаннан 14, ал Чехияның мемлекеттік қазынасынан қарастыратын қаржысы 40 есе көп. Бізге туризм маркетингіне бөлінетін қаржыны ұлғайту қажет. Осылай жасағанда ғана бәсекеге қабілетті боламыз", – деді Еркебұлан Хасенов. 

Оның сөзінше, туризм маркетингіне бөлініп отырған қазіргі 1 млн долларды 6-7 млн долларға жеткізген кезде Қазақстан жоғарыдағы елдердің туризмге бөліп отырған орташа бюджетін еңсереді.   

Еркебұлан Хасенов туризмге бөлінетін қаржы көлемі көбейген кезде бюджетке түсетін жүктеме ұлғаятынын атап көрсетіп, бұл мәселені шешудің тың тәсілі қарастырылғанын айтты.

"Bed Tax туристік салығы бюджетке түсетін жүктемені жеңілдетеді. Елімізге келген шетелдік туристер орналасқан жерлерінде тиісті төлем жасайтын болады. Бұл мақсатты алым болғандықтан оған салық салынбайды. Bed Tax туристік салығының әкімшісі ретінде Kazakh Tourism ұлттық компаниясын тағайындау ұсынылды. Туристерге салынған салық маркетинг пен жарнамаға жұмсалады", – деді Еркебұлан Хасенов. 

Белгілі болғандай, Bed Tax туристік салығынан бюджетке жылына 4-5 млн доллар көлемінде кіріс кіреді.

Еркебұлан Хасенов визалық тәртіпті жеңілдетудің де жай-жапсарына тоқталды. Ол шетелдік туристерге шақыру жолдауды доғару қажет екенін алға тартты.

"Жыл соңына дейін Қазақстанда  E-Visa жобасы іске қосылады. Сол арқылы 128 елдің азаматы Қазақстанға келуге электронды рұқсат алу құқығына ие болады. Виза алу тәртібі автоматтандырылғанмен мерзімі қысқармайды. Сондықтан біз шақыру жолдауды доғаруды талап етеміз. Әзірше ІІМ, ҰҚК бізді қолдамай отыр. Олар қолданысқа Е-қонақ үй жүйесі енгізілсе, шақыру жолдауды доғаруға келісім беретіндерін айтты", – деді Еркебұлан Хасенов. 

Ол қазірі уақытта Шенген визасын рәсімдеген туристер Еуропа елдерін емін-еркін аралайтынын, қонақ үйлерге алдын ала жайғаса алатынын тілге тиек етіп, туристерге жеке немесе заңды тұлғадан шақырту алу талабы қойылмайтынын баяндады.

"Қазақстанға келу үшін шетелдіктер туроператор табуға немесе жеке адамнан шақырту алуға тиіс. Бұл уақыт алатын, жүйке жұқартатын жұмыс. Мұндай жұмыстарға бас ауыртқысы келмеген туристер Қазақстанға келу туралы ойынан айнып қалады", – деді Еркебұлан Хасенов. 

Отандық туризмді дамытудың жаңа жобасында әуе тасымалының бағасын арзандату мәселесі қаралған екен. Бұл туралы Еркебұлан Хасенов: "Туристік саяхат кезінде шығынның негізгі бөлігі әуе көлігіне жұмсалады. Мысалы, Мәскеуден Астанаға ұшып келу үшін екі баласы бар отбасы ең кемі 500 мың теңге жұмсайды. Ал Мәскеуден Бакуге, Тбилисиге, Ташкентке ұшып бару 250, 300, 400 мың теңгені құрайды", – деді.

Жобаның әзірлеушісі – мәдениет және спорт министрлігі ішкі туризмді дамыту үшін әуе тасымалын субсидиялауды ұсынды. Осы турасында Еркебұлан Хасенов: "Мектеп оқушыларының жазғы демалысы кезінде БАӘ әуе тасымалдаушылары секілді оқушыларды тегін тасымалдау мәселесін тасымалдау қажет. Алакөлде 5 адамнан тұратын отбасы мүшелерінің демалуына 370 мың теңге жұмсалады. Бұл ақшаның 114 мың теңгесі балалардың жол шығынын өтейді. 2+3 үлгісіндегі субсидиялау жүйесі отбасының шығынын 30%-ға қысқартады. Осылайша ел азаматтарын ішкі туризмге үлес қосуға ынталандыруға болады", – деді.

Еркебұлан Хасенов мемлекеттік бағдарламаның жобасы барлық мемлекеттік органдарға жолданғанын айтты.

"Құжат өзімізге қайтып келіп, сөреге қойыла ма деп қауіптенеміз. 27 жылда бізде 3 мемлекеттік бағдарлама және туристік саланы дамытудың тұжырымдамасы болды. Бұлар нәтиже берген жоқ, туризм жүйесіз, мемлекеттік қолдаусыз жабайы түрде дамыды. Сондықтан мемлекеттік бағдарламаның жобасын қолдауларыңызды сұраймыз", – деп қорытты сөзін мәдениет және спорт вице-министрінің кеңесшісі.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу