Бейбіт жиналысқа - 3, демонстрацияға - 7 күнде рұқсат берілуге тиіс

2438

Жергілікті атқарушы билікке нақты талап қойылды.  

Бейбіт жиналысқа - 3, демонстрацияға - 7 күнде рұқсат берілуге тиіс

Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

Құжат азаматтардың бейбіт және қарусыз жиналуына, митинг, демонстрация, шеру, пикет және жиналыс өткізуіне қатысты конституциялық құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Заң жобасының талабы бойынша бейбіт митинг, демонстрация, шеру, пикет, жиналыс өткізу үшін жергілікті атқарушы органға алдын ала хабарлау қажет. Жергілікті атқарушы орган өтініш берушілерге ресми жауап бермесе, бейбіт жиналыс өткізуге үнсіз келісім берген болып саналады. Бұл туралы бұған дейін жазғанбыз. 

"Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң жобасының тағы бір новелласында жергілікті атқарушы билік бейбіт митинг өткізу туралы өтінішке жауап бермесе, митинг өткізуді заңды деп санау туралы ұсыныс жасалды", – деп мәлімдеген болатын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәжілістің осыған дейінгі жалпы отырысында. Бүгін осы новелланың мақұлданғаны белгілі болды. 
Бейбіт жиналыстарды өткізу туралы хабарламаны беру мерзімі – 5 жұмыс күніне дейін, ал демонстрация, шеру нысанындағы бейбіт жиналыстарды өткізуге келісім алу туралы өтінішті беру мерзімі 10 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Сәйкесінше жергілікті атқарушы органдар осы құжаттарды тиісінше 3 және 7 жұмыс күні ішінде қарауға тиіс. 

Заң жобасында бейбіт жиналыстарды мамандандырылған орындарда ғана өткізуге болатыны және ол орындарды жергілікті мәслихат айқындайтыны нақтыланған. Атап көрсетерлігі мамандандырылған орындар ұйымдастыру ыңғайлылығын, көліктің қолжетімділігін, жиналыстарды ұйымдастырушылар мен қатысушылардың және басқа адамдардың  қауіпсіздігін, олардың инфрақұрылым объектілерін пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс. Құжатта жобасында бейбіт жиналыстарды өткізу үшін балама орын ұсыну мәселесі де қарастырылған. 

Мамандандырылған орындардың бар-жоғы және бос не бос еместігі туралы ақпарат жергілікті атқарушы органдардың ресми ресурсына орналастыруға тиіс. 

Бұл бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыларға осындай орынның бос не бос емес екенін ескере отырып, өз іс-шараларын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, құқықтық олқылықтарды болғызбау, заң жобасының нормаларын бір-біріне және басқа да заңнамалық актілерге сәйкес келтіру мақсатында редакциялық, нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді. Осыған қатысты пікір білдіргенде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мұның барлығы азаматтық қоғамның сұранысы мен уақыт талабы екенін мәлімдеген. 

"Азаматтардың Қазақстан Республикасы Конституциясымен бекітілген негізгі құқықтарының бірі – бейбіт жиналыс өткізу құқығы. Бұл құқық заңға сәйкес елімізде толық жүзеге асырылады. Бүгінде бейбіт жиналыстар мен митинг өткізу тәртібі туралы қолданыстағы заңның қабылданғанына 25 жыл болды. Осы жылдарда әлеуметтік экономикалық салада үлкен өзгерістер орын алды. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай экономикалық реформаларды табысты жүзеге асыру мүмкін емес. Бүгінгі таңда халықтың өз ұстанымын бейбіт жиналыстар арқылы білдіру мүмкіндігін айтарлықтай кеңейту қажеттілігі пайда болды. Азаматтық қоғамның сұранысы мен уақыт талабы осындай", – деп ой қорытқан осыған дейінгі талқылауда Дәурен Абаев. 

Бүгінгі басқосуда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" ілеспе заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданды. Осыған қатысты заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қанат Мусин: "Заң жобасы қолданыстағы нормативтік актілерді "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасына сәйкес келтіруге бағытталған. Атап айтқанда, депутаттар әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабына бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту туралы түзету енгізді", – деді. 

Оның пікірінше бейбіт жиналыс ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы жаңа заң жобасы бейбіт жиналыс бостандығына арналған құқықты іске асыру рәсімін оңайлатты. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу