Бейжің-2022: Спортшыларымыз неге медаль ала алмады

2357

Дүбірлі додада 34 қазақстандық спортшы ел намысын қорғады.

Бейжің-2022: Спортшыларымыз неге медаль ала алмады

Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада ойындарында спортшылардың неге медаль ала алмағанын түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов спортшылар қазақстандықтардың сенімін ақтамағанын атап өтті.

"Жанкүйерлер бізден медаль күтті. Оны бәріміз білеміз. Бірақ осы Олимпиадада тек 29 мемлекет медальға қол жеткізді. Биыл дүбірлі додада Қазақстан 30 орынға ие болды. Бұл – шорт трекші Абзал Әжіғалиевтің еңбегі. Еліміз егемендік алғаннан бері қысқы Олимпиадада 8 медальға ие болыпты. Оның төртеуін бір спортшы алды. Соңғы 2 Олимпиадада жүлделі болдық, ал оның алдындағы 2 дүбірлі додада жүлдесіз оралдық", – деді директор орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ол жақсы нәтиже көрсеткен спортшыларға тоқталды.

"Биыл медаль алатындай жағдай болды. Мысалы, фристайл могулдан Юлия Галышева, шорт трекшілерге үміт арттық. Алайда медальға ие бола алмадық. Әрине, сіздердің үміттеріңізді ақтай алған жоқпыз. Бірақ біз кейбір спорт түрлерінен жақсы нәтиже көрсеттік. Мысалы, шорт трек. Осыған дейін Олимпиадада шорт-тректен 5-6 орынға ие болдық, бүгінде бір сатыға жылжып, 4-5-орынға ие болдық... Шорт-тректі дамыту үшін арнайы бағдарлама керек", – деді Елсияр Қанағатов.

Оның пікірінше, конькимен жүгіру спортында да алға жылжу бар.

"Қыздар арасында Надежда Морозова жақсы нәтиже көрсетті. Ол – жас спортшы, болашағы бар. Ең нашар нәтиже көрсеткен шаңғы спорты болып саналады. Оның бұқара арасында дамуы нашар. Солтүстік өңірлерде шаңғы спорты дамымай жатыр...", – деді директор.

Елсияр Қанағатов Бейжіңдегі спортшылардың нәтижесіне дұрыс сараптама жүргізілу керегін атап өтті.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай бұқаралық спортты дамыту керек, дене шынықтыруға көңіл бөлу шарт, ауылдарда спорттық кешендерін салу мәселесі әлі де өзекті... Осылайша, болашақта елімізде қысқы спорт түрлерін жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік бар... Жалпы кемшіліктер бар. Оған сараптама жүргізуіміз керек. Мысалы, спорттық медицина, спорттық ғылым бұл мәселелерге көңіл бөлінуі шарт. Қазіргі нәтиже осындай болып тұр", – деді басшы.

Жоғарыда аталған жағдайлар қысқы Олимпиадаға қатысқан спортшылардың нәтижесіне әсер еткен.

"Жақында Мәдениет және спорт министрлігі Бейжің Олимпиадасына қатысқан спортшылармен жиналыс өтеді, нақты шешімдер қабылданады. Ұлттық Олимпиада комитеті өз ұсыныстарын береді. Қысқы спортты бұқаралық деңгейде дамытпай, ауылдарда спортқа көңіл бөлмей, жастар мен балалар арасында жарыстардың санын көбейтпей, медальға қол жеткізу оңай емес", – деді.

Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков Бейжің Олимпиадасына 248 млн теңге жұмсалғанын жеткізді.

"Оның 107 млн теңгесі чартерлік рейстерді ұсынған Air Astana компаниясы бөлінді. Командаларды дүбірлі додаға дайындауға 789 млн теңге жұмсалды. Дайындық жұмыстары мен жарыстарға 234 жаттықтырушы мен спортшы қатысты. Бір қатысушының орташа шығыны 15 млн теңге болды", – деді бас хатшы.

Ол қысқы спорт түрлеріне қанша ақша бөлінгеніне тоқталды.

"Бір жылда биатлонға – 284 млн теңге, тау шаңғысы спортына – 100 млн теңге, конькимен жүгіруге – 400 млн теңге, шаңғы жарысына – 363 млн теңге, керлингке – 200 млн теңге, шаңғымен тұғырдан секіруге – 198 млн теңге, сноубордқа – 14 млн теңге, мәнерлеп сырғанауға – 143 млн теңге, фристайл могулға – 562 млн теңге, фристайл-акробатика – 319 млн теңге, шайбалы хоккейге (ерлер мен әйелдер) – 259 млн теңге, шорт-трекке – 392 млн теңге бөлінді. Барлығы қысқы спорт түрлеріне 3,5 млрд теңге жұмсалды", – деді Андрей Крюков.

ҰОК бас хатшысы демеушілер спортқа 2018 жылы – 365 млн теңге, 2019 жылы – 369 млн теңге, 2020 жылы – 500 млн теңге, 2021 жылы – 599 млн теңге бөлгенін атап өтті.

Биыл Бейжіңде өткен қысқы Олимпиадада шорт трекші Абзал Әжіғалиев 500 метр қашықтықта төртінші орынға ие болып, жоғары нәтиже көрсетті.

Өкінішке қарай Қазақстан құрамасы қысқы Олимпиада ойындарын жүлдесіз аяқтады. Осылайша, қазақстандық спортшылар үшінші рет Олимпиада ойындарында (2002, 2006 және 2022 жылдары) медаль ала алған жоқ.

Осыған дейін 2010 жылы Елена Хрусталева (Ванкувердегі Олимпиада) күміс, 2014 жылы Денис Тен (Сочидегі Олимпиада) қола, 2018 жылы Юлия Галышева (Пхенчхандағы Олимпиада) қола медальға ие болған.

Айта кетейік, Бейжің Олимпиадасы 4-20 ақпан аралығында өтті. Дүбірлі додаға 95 елден 4 мыңнан аса спортшы қатысты. Онда 15 спорт түрінен 109 медаль сарапқа салынды.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу