Бейжіңде Ресей президенті Владимир Путин мен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин арасында келіссөздер басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап.
Путин сәрсенбі күні таңертең Бейжің орталығындағы Тяньаньмэнь алаңында орналасқан Халық жиналысы үйіне барды. Ресей президентін Си Цзиньпин қарсы алды. Владимир Путин Бейжіңде Қытай басшысымен өткен кездесуде екі ел азаматтары үшін визасыз режим сақтала беретінін айтты.
Тараптар Путин мен Си Цзиньпин бір-бірін "бұрыннан келе жатқан достар" деп атады.
"Құрметті досым, сіздің бастамаңызбен енгізілген екі ел азаматтарына арналған өзара визасыз режим гуманитарлық байланысты дамытуға қосымша серпін берді. Бұл тәжірибені алдағы уақытта да жалғастырамыз", – деді Ресей басшысы.
Путин қытайлық әріптесін 2027 жылы Ресейге келуге шақырды. Сондай-ақ күзде Шэньчжэнь қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығының саммитіне қатысуға дайын екенін растады. Айтуынша, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас "бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге" көтерілді. Осылайша жан-жақты серіктестік пен стратегиялық өзара ықпалдастықтың үлгісіне айналды. Ресей делегациясының құрамына үкімет өкілдері, ірі бизнес, қоғамдық және білім беру ұйымдарының мүшелері енді.
Ресей басшысы Қытайға екі күндік сапармен барды. Сапар қорытындысы бойынша 40-қа жуық құжатқа қол қойылады деп жоспарланған.