banner

Бекнұр Қисықов: Экономика инфляцияны тежейтін деңгейде өскен жоқ

2259

Биыл доллар бағамы қалай құбылады, инфляция деңгейі қандай болады, коронавирустың жаңа штамы шағын және орта бизнес субъектілеріне қаншалықты қауіпті? 

Бекнұр Қисықов: Экономика инфляцияны тежейтін деңгейде өскен жоқ

Inbusiness.kz тілшісінің сауалдарына Қазақстан франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Қисықов жауап берді. 

"Өткен жылдың соңында ел арасында "2022 жылы АҚШ валютасының бағамы 500 теңгеге жетеді және одан асады" деген сөз желдей есті. Мұндайды болжаммен айта салған дұрыс емес. Доллар бағамының құбылуына сыртқы фактор түрткі болады. Валюта бағамына мұнай бағасы мен Ұлттық банктің саясаты тікелей әсер етеді. Былтыр жыл соңында елімізде доллар бағамы қолдан төмендетілді. Менің ойымша, өткен жылы 1 доллар шамамен 470-480 теңгені құрауға тиіс еді. Биыл доллар бағамы дәл осы шекте немесе 480-490 теңге шамасында болуы ғажап емес. Десек те сыртқы фактордың құбылмалы екенін естен шығармау қажет. Бұл ретте мұнай бағасының өсуі доллар бағамын баяулатуы мүмкін екенін ескеру керек", – деді сарапшы.  

Бекнұр Қисықовтың айтуынша, болуы ықтимал локдаунның келесі толқыны жаһандық экономиканы шайқап қана қоймай, теңселтіп жібереді. 

"Жаһандық экономикадағы түрлі ауытқушылықты ескере отырып, доллар бағамы шамамен 8%-ға өседі деуге негіз бар", – деді ол. 

Қауымдастық президентінің пікірінше, инфляция деңгейі пышақтың жүзіндей қылпылдап тұр. 

"Үкіметтің инфляцияға қарсы қабылдаған шарасы нәтижелі болып жатқан жоқ. Былтыр тұтынушылық инфляция көз ілеспес жылдамдықпен өсті. Мемлекет бағаны ұстап тұруға тырысқанмен, әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасы күрт қымбаттады. Бұл үдеріс биыл да жалғасады. Себебі инфляцияны тежеу мен тоқтатудың алғышарты жоқ. Өткен жылғы жиын-теріннің нашар көрсеткіші мен тасымал саласындағы кедергілерді сонымен қатар импорт ағыны мен энергия құнының қымбаттауын назарға алатын болсақ, жағдай жақсарып кетеді деуге сену қиын. Мұның сыртында құрылыс материалының бағасы өсіп, пәтердің шаршы метрі қымбаттап жатыр. Өкінішке қарай, биыл инфляция деңгейі өсуін жалғастырады. Себебі экономика инфляцияны тежейтін деңгейде өскен жоқ", – деді Бекнұр Қисықов.

Оның сөзінше, "Омикрон" штамы халықаралық сарапшыларға пессимистік сценарий жазғыза бастады. Олар вирустың бұл түрі шағын және орта бизнес субъектілеріне тағы да соққы болып тиюі мүмкін екенін болжап отыр.  

"Омикрон" штамы жаһандық экономикаға қауіп төндіріп тұр. 2021 жылдың екінші жартысы тыныш өтті. Ел экономикасы біртіндеп қалпына келе бастады. "Омикрон" штамының салдары тағы да локдаун жариялауға мәжбүрлейтін болса, шағын және орта бизнес қана емес, жалпы экономика қиын жағдайды бастан кешіреді", – деді Бекнұр Қисықов. 

Қауымдастық президенті пандемия кезінде бірқатар экономикалық институттар мен субъектілер вирусқа қарсы иммунитет қалыптастырғанын, нәтижесінде күйреуден аман қалғанын айтты. 

"Омикрон" штамы бірқатар салаларға теріс әсер етеді. Алайда оның салдары 2020 жыл мен 2021 жылдың алғашқы жартыжылдығындай деңгейде болмайды", – деді Қазақстан франчайзинг қауымдастығының президенті. 

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу