Бектенов мемлекеттік органдарға Ата заңды түсіндіру бойынша іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды тапсырды

215

Сарапшылар Ата заң бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Бектенов мемлекеттік органдарға Ата заңды түсіндіру бойынша іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды тапсырды Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов барлық орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарға жаңа Конституцияны түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес күні кеше Үкімет еліміздің Конституциясын түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Қазіргі таңда сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен  Конституцияның барлық новеллалары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Мәдениет және ақпарат министрлігі  уәкілетті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп,  осы бағытта жоспарлы жұмысты одан әрі жалғастыруы қажет. Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері халықтың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру жөніндегі кешенді бағдарламаны уақтылы әзірлеп,  Конституцияның тың қағидаттарын  мектептер мен колледждердің  және университеттердің үлгілік оқу бағдарламаларына енгізуді қамтамасыз етуге тиіс", – деді Премьер-министр.

Олжас Бектеновтің айтуынша, жаңа Конституция нормаларын ескере отырып,  белгіленген мерзімдерде  қолданыстағы заңнамаға кешенді талдау жүргізіп, барлық заңдар мен бағдарламалық құжаттарды өзектендіру жұмыстарын аяқтау қажет.

Барлық орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарға  іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету тапсырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу