Беларусь Украинадағы соғысқа араласуды жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы Беларусь президенті Александр Лукашенко журналистердің сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті басылымға сілтеме жасап.
"Зеленскийдің Беларусь соғысқа тартылады деген мәлімдемелеріне келсек, егер біздің аумағымызға агрессия жасалса ғана, біз оған араласуымыз мүмкін. Мұнда енді "араласу" туралы сөз де болмайды. Біз Бресттен Владивостокқа дейінгі Отанды Ресеймен бірге қорғаймыз, мұнда екі мемлекет орналасқан. Сондықтан егер біз соғысқа аралассақ, бұл тек бір ғана жағдайда – олар бізге қарсы агрессия жасаса ғана мүмкін. Біз Украинадағы соғысқа араласуды жоспарлап отырған жоқпыз. Бұған ешқандай – азаматтық та, әскери де қажеттілік жоқ", – деді Беларусь басшысы.
Александр Лукашенко Украина президенті Владимир Зеленскиймен сөйлесуге әрдайым дайын екенін жеткізді.
"Егер ол сөйлесіп, кеңес алғысы келсе немесе басқа да мәселелер болса, біз дайынбыз. Украинада да, Беларусьте де онымен кездесіп, екіжақты қарым-қатынас мәселелерін талқылауға әзірмін. Ынтымақтастықтың болашағы туралы да тілдесуге болады. Бір қызығы, америкалықтармен, немістермен, поляктармен, литвалықтармен және латвиялықтармен сөйлесетін тақырыптарымыз бар, ал Украинамен ондай ештеңе жоқ", – деді Лукашенко.