Белгілі тұлғалардың балалары да смартфонды көп ұстай ма?

2183

Қоғамда бала тәрбиесіне қатысты қызу талқы жүріп жатқан тұста inbusiness.kz тілшісі елдегі әр салада жетістікке жеткен адамдар "гаджет пен бала" мәселесіне келгенде отбасында қандай ұстаным ұстанатынын анықтауға тырысты.

Белгілі тұлғалардың балалары да смартфонды көп ұстай ма?

"Ұйқысы қанбаған бала"

Айдын Рахымбаев, Қазақстандағы ең бай 50 бизнесменнің бірі: 

"Бала кезімізде бізге 21.30-дағы "Спокойной ночи, малыши" бағдарламасынан кейін теледидар көруге рұқсат етілмейтін, үлкендер 22:00-дегі "Время" бағдарламасынан кейін ұйықтайтын, қысқаша айтқанда, бүкіл үй-ішімізбен ерте жататынбыз. 
Ал біздің көрші балалар мен сыныптастарымызға ата-аналары тыйым салмайтын. Біз олардың түн ортасындағы фильмдер туралы қызықты әңгімелерін тыңдап отырып іштей қызғанатынбыз. Сол кезде біздің ата-анамыз ескі заманның адамдары сияқты көрінетін, олар көп нәрсені жіберіп алып жатқандарын түсінбейді деп ойлайтынбыз. Өйткені сыныптастарымыздың айтуынан кереметтің бәрі түнгі теледидарда деп жүрдік!

Бірақ уақыт бәрін өз орнына қойды. Біз, отбасымыздағы төрт баланың бәрі, алыстағы ауылдан бармағынымызға қарамастан, жоғары оқу орындарына түсіп, жаңа деңгейге шықтық. Қыздар дәрігер болды, ағам екеуміз институт тәмамдағаннан кейін бизнеспен айналыстық. 

Бірақ түнгі фильмдерді шектеусіз көріп, бір кездері бізді ересек өмірге үйреткен көрші балалар, өкінішке қарай, сол деңгейде қалып қойды. 

Бәлкім, ата-аналарымыз тек түпсана арқылы ғана болашақтың кепілі дұрыс ұйқы мен білім екенін түсініп, теледидарды түнге дейін көруге рұқсат бермеген шығар. Күндіз үй тапсырмасы және тағы басқа нәрселермен шұғылдандық. Бұл жерде анамның небары сегіз сыныптық, ал әкемнің 3 сыныптық қана білімі болғанын ойлаңызшы. Бірақ олар соғыстан кейін өздері ала алмаған білімді, біздің алғанымызды қатты қалады.

Ренжігенімізге қарамай, өздерінің ережесін орнатып, бізге осындай мүмкіндік берген олар қандай ақылды болған... Әкем өмір бойы (32 жыл) трактор айдап, балаларын әділдік, еңбексүйгіштікке баулыды, ешқандай ойын-сауыққа үйретпеді. Анам бәрімізді жатқызғаннан кейін ұйықтар алдында дауыстап қилы-қилы романдар оқып беретін.

Міне, солай. Ұйқысы қанбаған бала кем дегенде 25% аз білім алады, сосын кейінірек құрдастарын қуып жетуі қиындайды, жыл өткен сайын арасы алшақтай береді. Бұл – ғалымдардың зерттеуі. Осыны кейін оқып білгенімде, ата-анамыз әуел бастан білген бе деп қайран қалдым. 

Бұрынғы балалардың "дұшпаны" теледидар болса, қазіргінікі гаджеттер мен әлеуметтік желілер. Десе де, біздің үйде баяғы қатаң қағида сақталған. Балалар телефондарын 21:00-де тапсырады, ұйықтар алдында кітап оқиды. ️Бүкіл отбасымызбен ерте жатамыз, бұған ешкім қарсылық көрсетпейді. 

Біздің балаларымыз да кейін ата-ана болғанда осы ережелерді сақтайды деп үміттенемін.

Міне, өздері білім алмаған дана ата-анамыздың бізге үйреткен өмір салты осындай. Олар қазір бейнетінің зейнетін көріп, тәрбиесінің жемісі – біздің жетістігімізге сүйініп отыр.

"Дұрыс қанаттанған түзу ұшар". Сөздің қысқасы солай ғой. Тәртіп бар жерде жарқын болашаққа үміт те бар! Балаларымыз түсінбесе де, кейін есейгенде тәрбиенің жемісін көрер".

"Бір күнге лимит"

Тимур Бектұр, ІТ маманы: "Баламыз ұялы телефонды көп ұстайды деп ойламын. Жалпы әке-шешенің балаға көңілі толмай отырады ғой. Бірақ таныстарымның, ағайын-туысымның үйіне барғанда байқап қарасам, біздің балалар аз қолданатын сияқты. Себебі балалардың смартфонын Ғamily link (ата-ана бақылауы) деген бағдарлама арқылы бақылаймын. Оны Play Market-тен жүктеп қондыруға болады. Бұл бағдарламамен TikTok, Instagram, Youtube сынды желілерде неше минут отыруға болатынын, қандай сайттарды аша алатынын реттеуге болады. 

Мәселен, менің қызым үш жаста, ұлдарым сегіз және тоғыз жаста – үш пен төртінші сыныпта оқиды. Әлеуметтік желілерге – 15 минут, Youtube-ке 30 минут белгілеп қойғанмын. Бұл – бір тәулікке. Балалар лимитті бір күнде үшке бөліп алады немесе бір отырғанда бір-ақ тауысады. Лимит біткеннен смартфон тек телефон болып қалады. Осылай бақылаймын және осылай бақылаған дұрыс деп сенемін. Үзілді-кесілді шектеуге болмайды.

Жалпы бала-шаға деген өз қалауымен жүргенді ұнатады ғой. Сыныптастары, үйірмедегі достары және көшедегі балалар не істесе, ол да соны істегісі келеді. Сондықтан қадағалап отыруға тура келеді. 

Кейбір кәкір-шүкір, пайдасыз деген ойындарды алып тастап, жаттығу жасауға, кітап оқуға, сабағын қарауға керек болатын қосымшаларды және анимация мен логикалық сұрақ ойындары қондырып беріп отырамын.

Балаларым жалпы айтқанды тыңдайды. Себебі әу бастан осылай дағдыландырғанмын. Үш жастағы қызым да таста дегенде тастайды. Балалар тым еркелеп кетпеуі үшін ерте жасынан үйреткен абзал".

Тимур Бектұр осы күнгі ата-ана ұл-қызының қызығушылығынан хабардар болуы керек деп санайды.

"Осы күнгі ата-ана әр нәрседен сауатты болуы керек. Онсыз надан болған күйде қалғаның қалған. Айналаңыз кешірер, уақыт пен заман талабы кешірмейді надандықты. Әйтеуір, бір жерден болмаса бір жерден "Әй, құрсыншы сол…" деп жүрген жерден шап беріп ұстайды да аяқты аспаннан келтіреді.

Ұл-қызыңның қызығушылығынан да хабардар боп, олардың айналысатын не әуестеніп жүрген дүниесі турасында ең кемінде құлағдар болу керек. Сол кезде ғана бала-шағаң әке-шешесімен етене араласып, жақсы қарым-қатынаста болады. Құрығанда олардың не деп жүргенін білесің. 

Өйткені ұл мен қыз өскен сайын арадағы түсініспестік пен қашықтық – олардың қызығышулығына мән бермей, алған бағытынан хабарсыздықтан басталады".

"Өзі ұстамайтындай мүмкіндік жасау"

Аятжан Ахметжанұлы, педогог, мектеп директоры:

"Балаларды телефоннан ажырату үшін, алдымен үлкендер өзі ажырауы керек. Бала деген айтқанды емес, көргенді істейді. "Сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды".

Қоғамда жастар кітап оқымайды, балалар кітап оқымайды деп жатады. Ал үлкендер кітап оқи ма деген сұраққа ешкім жауап бере алмайды. 

Үйде кітапхана болуы керек. Сосын әке-шеше мен ұстазда кітап оқитын әдет болуы керек. "Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле" деген сөз бар.

Менің үйімде үлкен кітапхана бар. Екі мыңнан астам кітап бар. Өзім де, келіншегім де кітапқұмар. Оқу – үйдегі дәстүріміз. Отбасында кітап туралы әңгіме үнемі айтылады. Ондағы кейіпкерлер мен өмір сүрген ортасына қызығып талқылаймыз. Балаларымыз соған қызығады. 

Смартфонға тек бір сағат қара деп аса шектеу қоймаймыз. Өйткені "ит қорыған жерге өш" деген сөз бар. Кейде көп ұстап бара жатса, "әй, сен телефонға көп айналып кеттің ғой, қысқарт" деп ескерту жасаймыз. Баланы актуалды түрде өзі ұстамайтындай мүмкіндік жасау керек. 

Балаларымыз домбыра, тоғызқұмалақ, ағылшын тілі сынды өзіміз үйрете алмайтын үйірмелерге барады. Ал математика, қазақ тілін өзіміз үйретеміз.

Ескерту, Айдын Рахымбаев жоғарыдағы жазбасын Фейсбук желісінде жариялаған, ал Тимур Бектұр мен Аятжан Ахметжанұлы inbusiness.kz тілшісіне баяндап берді.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу