Белгілі вайнерлер қамауға алынды

Алайда Мейіржан Төребаев тағылған айыпты жоққа шығарып, өзі жәбірленуші екенін айтып отыр.  

Белгілі вайнерлер қамауға алынды

Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, "Mudarabah Capital" қаржы пирамидасының төрт ұйымдастырушысы қамауға алынды, деп жазды inbusiness.kz.

“Mudarabah Capital” компаниясының төрт ұйымдастырушысы қамауға алынды. Мәселе Ш. есімді және Т. есімді азаматқа қатысты. Бұған дейін сот оларға бұлтартпау шарасы ретінде "кепіл" санкциясын берген, сондай-ақ, М. есімді және К. есімді азамат,  сотқа дейінгі тергеу барысында "үйқамаққа" алынған”, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.

Аталған азаматтардың екеуі танымал блогер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов. 

Естеріңізге сала кетейік, олар Алматы қалалық полиция департаментінің Тергеу басқармасы ҚР ҚК-нің 217 бабы 3 бөлігі бойынша тергеп жатқан қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылды. 

“Қылмыстық іс бір топ азаматтың "Astex.kz" ЖШС, "ACD Technology" ЖШС басшыларына қатысты қаржылық пирамида құру және оны басқару дерегі бойынша ұжымдық арызы негізінде Алматы қалалық полиция департаментінде тіркелді", – деді полиция полковнигі. 

Анықталғандай, 2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың қаңтарына дейін аталған ЖШС-нің лауазымды тұлғалары жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қажет деп қаражат тартып, бірлескен қызмет туралы келісімдер жасасқан. Екіжақты құжатқа сәйкес, компаниялар ай сайын әрбір салымшыға салған жарна сомасының 20%-ын төлеп отыруға уәде берген. 162 салымшы 5 млрд теңгеден астам қаражатты "Mudarabah Capital" ЖШС арқылы "Astex.kz" ЖШС-ға салған.

Полиция департаменті танымал вайнерлер қамауға алынғанын хабарлағаны сол-ақ еді Мейіржан Төребаев Instagram желісіндегі парақшасында мүлдем кінәсіз екенін, оны тек құжат жүзінде ғана құрылтайшы етіп қойғанын мәлімдеген бейнежазба жариялады.

Блогердің айтуынша, ол “Mudarabah Capital” компаниясына ұйым құрылғаннан кейін жарты жыл өткен соң, инвесторлардың барлық ақшасы жиналған кезде қосылған.

"Мен ұйымды құрған жоқпын немесе басқарған жоқпын, мен 2020 жылдың 10 қарашасынан бастап қана құжат бойынша қатысушы болдым. Ол кезде компанияның жұмыс істеп жатқанына алты ай өтті. “Mudarabah Capital” мен "Astex.kz" арасында 2020 жылдың 1 шілдесінде қол қойылған қаражатты қабылдауға мүмкіндік беретін ынтымақтастық келісімі бар, ал мен тек 10 қарашада қатысушы атандым.  Басқалар сияқты менің де бұл келісімге ешқандай қатысым жоқ", – деді блогер Instagram парақшасында.

Бейнежазбада Төребаев 2020 жылдың 29 қыркүйегінде өзінің 10 млн теңгесін салып, ол қаржыны әлі күнге дейін алмағанын, өзінің де басқалар сияқты жәбірленуші екенін айтады.

"Міне, мені жәбірленуші деп тану туралы шешім. Маған бейтаныс адамдармен алдын ала келісіп, қаржы пирамидасын құрды деген айып тағылып отыр", – дейді вайнер.

Сонымер қатар блогер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2020 жылғы 27 қазандағы хатын ұсынған. Онда агенттік полиция мен Экономикалық тергеу департаментіне қос компания сайттарында қаржылық пирамида белгілерінің болуына байланысты шара қолдануды тапсырған. 

“Алайда полиция да, департамент те агенттік нұсқауларын елемей, “Mudarabah Capital” директорынан ресми жауап алумен шектелді, осылайша бұл компанияларға инвесторлардан қаражат жинауды жалғастыруға мүмкіндік берді. Егер полиция мен Экономикалық тергеу департаменті бұл ұйымдардың сайтына қатысты шара қолданса, келеңсіздіктің алдын алар еді", – деп атап өтті блогер.


Еске сала кетсек, 10 ақпанда белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Әзімжан Саидбаев қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша айыпталушы ретінде танылғаны белгілі болды. Төребаев пен Шерниязов кепілмен босатылды. Тергеушілердің айтуынша, вайнерлер аталған қаржылық пирамидасын жарнамалап қана қоймай, оның ортақ иелері ретінде үнемі табыс алып отырған. 11 ақпан Алматы полициясы Әзімжан Саидбаевқа іздеуге жариялағанын хабарлады. 23 ақпан Алматы полициясының ішкі қауіпсіздік басқармасы да алаяқтық фактісі бойынша тергеуді бастады.

Құралай Құдайберген 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу