Бен Смит: "Стивен Рахмоновты нокаутқа түсіре алады"

829

Шавкат Рахмонов пен Стивен Томпсон арасындағы кездесу осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған.

Бен Смит: "Стивен Рахмоновты нокаутқа түсіре алады"

UFC жеңіліс көрмеген қазақстандық Шавкат Рахмоновтың (17-0) алдағы жекпе-жегі туралы ресми түрде жариялады. Желтоқсанның 16-ынан 17-сіне қараған түні Рахмонов америкалық Стивен Томпсонмен (17-6-1) жұдырықтасады. Жартылай орта салмақтағы жекпе-жек Лас-Вегаста (АҚШ) UFC 296 турнирі аясында өтеді. Турнир Леон Эдвардс пен Колби Ковингтон арасындағы жартылай орта салмақтағы титул үшін жекпе-жекке ұласады.

Бұл туралы UFC президентінің өзі Дана Уайт мәлімдеді. Әлемдегі ең үздік промоушнның басшысы бірден турнирдегі екі жаңа әрі маңызды кездесу туралы айтты. Жартылай орта салмақта Рахмонов пен Стивен Томпсон (17-6-1), ал жеңіл салмақта Пэдди Пимблет (20-3) пен Тони Фергюсон (25-9) өзара мықтыны анықтайтын болады.

"Менің сіздерге хабарландыруым бар. Кеше біз UFC 296 турнирінде Эдвардс-Ковингтон жекпе-жегі өтетіні жайлы білдік. Бұл туралы әлеуметтік желіден хабардар екендеріңізге сенімдімін. Енді біз Wonderboy (Томпсон) және Рахмонов арасындағы жекпе-жек туралы мәлімдегіміз келеді. Томпсон соңғы жекпе-жегінде Кевин Холландты техникалық нокаутпен жеңген. Ал Рахмонов барлық кездесулерде - 17-0, 100 пайыз жеңіске жеткен. Турнирге қатысушылар әлі де қосылып жатыр. Бұл 2023 жылдың ең жарқын күндерінің бірі болады. Жақын арада турнир жайлы толығырақ ақпарат беремін. Жекпе-жекте кездескенше", – деді Дана Уайт әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сонымен қатар ережесіз жекпе-жек шебері америкалық Стивен Томпсон (17-6-1) Рахмоновқа (17-0) қарсы өтетін алдағы жекпе-жек туралы ойымен бөлісті.

"Мен октагонға шығып, бұл жігітті жеңетініме сенімдімін. Негізі, Шавкат титул үшін күресуі керек. Ол бірден UFC 296-дан кейін Ковингтон мен Эдвардс арасындағы жекпе-жектің жеңімпазына қарсы жұдырықтасуы тиіс. Менің ойымша, ол бұған лайық. Егер мен Рахмоновты жеңсем, келесі чемпиондыққа мүмкіндік аламын", деді Томпсон Крис Вайдманға берген сұхбатында.

Ал британдық ММА сарапшысы Бен Смит Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында Рахмонов пен Томпсон арасында өтетін алдағы жекпе-жектің жеңімпазын атады. Бұл ретте маман қазақстандық спортшының қарсыласы айқын фаворит екенін айтып отыр. 

"Бұл Шавкат үшін алғашқы ауыр сынақ. Қазақстандық спортшы барлық көрсеткіштері бойынша және көпшіліктің пікірі бойынша фаворит болып көрінеді. Бірақ, менің ойымша, Томпсон жеңеді. Ол мұндай деңгейдегі жекпе-жектерде тәжірибелі. Стивен Рахмоновты нокаутқа түсіре алады деп ойлаймын", – деді Смит.

Дегенмен Шавкат Смит ойлағандай оңай шағылар жаңғақ емес. Ол рейтингте де Томпсоннан бір саты жоғары тұр. Яғни UFC-де жартылай орта салмақ рейтингінде алтыншы, ал Томпсон жетінші орында. Оған қоса Шавкат соңғы жекпе-жегінде  2023 жылы 4 наурызда Лас-Вегастағы UFC 285 турнирінде америкалық Джефф Нилді үшінші раундта-ақ қылқындыру әдісімен жеңген болатын. Ал осы жолы Шавкат Томпсоннан айласын асыра ала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу