Бензин бағасын көтерудің қажеті бар ма?

2256

Ақпанның басынан бастап, бүгінге дейін Аи-92 маркалы бензиннің бөлшек бағасы қымбаттап жатыр, бұл қоғам назарынан тыс қалмады.

Бензин бағасын көтерудің қажеті бар ма?

Жанармай бағасының қымбаттауы тұтынушылардың наразылығын тудырғаны түсінікті. Сарапшылар мұның себебін анықтап, баға алдағы уақытта қалай өзгеретініне болжам жасады.

Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі күні елімізде Аи-92 маркалы жанармайдың бөлшектік бағасын мемлекет реттемейді, бағаны ЖЖМ нарығы белгілейді.

Нарықтық бағаны анықтауда халықаралық нарықтағы мұнай бағасы, теңге бағамының әлемдік валютаға қатысы, өндірістің табыстылығы сияқты факторлар ескеріледі. Сонымен бірге жанармай тапшылығы және Ресеймен арадағы ортақ шекара – елдегі ЖЖМ нарығының жұмыс істеуінің негізгі факторлары. Соның ішінде біздің солтүстік көршіміздің нарығындағы баға белгілеу маңызды фактор болып отыр.

ЖЖМ бағасын көтеруге мәжбүр етіп тұрған тағы бір жай – елдегі екі ірі мұнай өңдеу зауытында (МӨЗ) жоспарлы жөндеу жұмысының жүруі.

Осыған байланысты жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқанда отандық нарықта жанармай тапшылығын болдырмау үшін дәл қазір Ресеймен отын импортына келісімшарт жасау керек. Әйтпесе Ресейдің мұнай өңдеу зауытында жоспарлы жөндеу жұмысының басталуы және жанармайдың қымбаттауы салдарынан Ресейден көктемгі-жазғы уақытта жеткізу қиындайды. Бензиннің Ресейдегі бағасы айтарлықтай көтеріледі, себебі Ресей нарығында да бензин бағасы сұраныспен және ұсыныспен анықталады.

15 ақпан күні Астанада өткен дөңгелек үстел барысында "ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг" АҚ бас директорының орынбасары Данияр Сатыбалдин: "отандық МӨЗ жаңғыртылып, 2018 жылға қарай жылына 2 млн тонна бензин өндірілгеннен кейін Қазақстан Ресей бензиніне тәуелді болмайды", – деген еді.

Алайда біздің ойымызша, жаңғыртылған МӨЗ-ді пайдалануға беру мен жобалық қуатына шығу бензин бағасын арзандату мәселесін шешпейді.

2018 жылы Қазақстан өзін барлық қажетті мұнай өңдеу өнімімен қамтамасыз ететін ел болады деген болжаммен келісеміз. Бірақ баға қалай қалыптасады?

Ресейлік ЖЖМ нарығының жақындығы туралы факторды бекер айтпаған болатынбыз. Мысалы Аи-92 бензинінің бір литрі біздегі ЖЖС-да 139 теңге, яғни 0,43 доллар тұрады. Ал Ресейде 34,99 рубль (189 теңге немесе 0,58 доллар) тұрады. Яғни екі арадағы айырмашылық 50 теңге. Бұл біздің бензинді Ресеймен шекаралас облыстарға тасымалдаудың тиімді екенін көрсетеді.

2007-2014 жылдары Ресей мұнай өңдеуді жетілдіру және өндірістік қуатты арттыру барысында мұнай саласын қайта іске қосудың арқасында жақсы нәтижеге қол жеткізгенін мақтан ете алады. Бірақ та ондағы бензин бағасы бізге қарағанда қымбат.

2025 жылға дейін ЕАЭО аясында ортақ мұнай және мұнай өнімдері нарығын құру жоспарланып отырғаны назардан тыс қалмағаны жөн. Басқа талаптармен қоса, мұндай нарықты қалыптастыру – ЕАЭО-ға қатысушы-мемлекеттер өзара саудада шектеу қолданбайды деген сөз. Ал бұл бензин бағасында айырмашылықтың болуына байланысты елдегі арзан бензин Ресей, Қырғызстан, ЕАЭО-ға қатысушы-мемлекеттерге кетуі мүмкін, ал ЕАЭО аясында кедендік бақылаудың болмауынан бұл заңды болып есептеледі. Тіпті қазірдің өзінде елде өндіріліп жатқан арзан бензин мен дизель отыны Ресеймен шекаралас аудандарға тасымалданады.

Осы пікір энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың "елдегі жанармай бағасының көрші елдер үшін тиімді болуы – бензиннің қымбаттауының бір себебі" деген сөзімен де нақтыланып отыр.

Елдің ішкі нарығын арзан жанармаймен қамтамасыз ету – оны елден тысқары жерге шығаруға тыйым салу. Бірақ онда еуразиялық интеграция мен ЕАЭО аясындағы бірыңғай экономикалық кеңістік қағидасы арасында қарама-қайшылық туындайды.

Бұл жағдайдан шығудың жоғарыда айтылған жолдарын есепке ала отырып, ЖЖМ бағасын ЕАЭО кеңістігіндегі салық заңын міндетті үйлестіріп, оның ішінде акциздер мен ҚҚС саласында бірте-бірте реттеу керек болады.

ЕАЭО-ның одан әрі дамуы мен жұмыс істеуі – ЕАЭО елдерінде мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын құруы мүмкін, ал бұл барлық қатысушы-елдің салық заңын сәйкестендіруді қарастырады. Бұл жанармай нарығында бірыңғай баға белгілеу механизмін қабылдауға әкеледі.

Саян Абаев

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться