Бензин дағдарысы үшін билік халықтан кешірім сұрайтын болды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4754

Үкіметтің бүгінгі отырысы үстінде энергетика министрінің орынбасары мен ұлттық мұнай операторы – "ҚазМұнайГаз" басшысының орынбасары "майшелпек" орындарынан айырылып қалды.  

Бензин дағдарысы үшін билік халықтан кешірім сұрайтын болды

Министрлер кабинеті жиынының күн тәртібіне бұл мәселе енгізілмеген болатын. Бірақ күн тәртібіне шығарылған мәселелерге кіріспес бұрын, үкімет жетекшісі Бақытжан Сағынтаев энергетика министрі Қанат Бозымбаевты орнынан тұрғызып, қазақстандықтар арасында ең танымал АИ-92 маркалы бензиннің жетіспеуіне, тіпті кей жерде жоғалып кетуіне байланысты жағдайды түсіндіруді талап етті. Бұл мәселе үкіметтің өткен отырысында да қаралған, сонда бас энергетик өздері қабылдап жатқан шаралар арқасында жағдай "тұрақтанады" деп сөз берген. Премьер бүгін министрдің сол уәдесі неге орындалмағанын сұрады.

"Жанар-жағар май нарығында орнаған жағдайға назар аудартқым келеді. Өңірлерде тапшылық байқалуда. Бензин шектеулі көлемде, кей жерде тіпті тек талонмен ғана сатылуда. Салдарынан баға өсіп кетті. Өткен отырыста Қанат Алдабергенұлы, сіз барлық мәселені шешуге сөз бергенсіз, бірақ ЖЖМ нарығындағы жағдай сол қалпы қалды. Яғни, сіз айтқандай, ол тұрақтанған жоқ. Бұл қашанғы жалғасады?" – деп жүзін суытты үкімет жетекшісі. 

Неге екені белгісіз, бас энергетик әп дегеннен үкімет басшысы мен әріптестерін елде "ешқандай да бензин тапшылығы" жоқтығына сендіруге тырысты.

"Бензиннің орташа бағасы 11 пайызға өсті. Бұл ретте бензин импортының үлесі шілде айындағы 15 пайыздан қыркүйекте 30 пайызға, ал қазан айында 40 пайызға дейін артып шыға келді. Бұл жерде "тапшылық-дефицит" деген сөзді қолдану дұрыс емес. Елде дефицит жоқ!" – деді Қанат Бозымбаев.

Бұл әрине, премьерге ұнамады:

"Мен сіздің сөзіңізді үземін. Егер елде тапшылық болмаса, жанар-жағар май стансалары алдындағы ұзын-сонар кезек қайдан шықты. Бұл айтқаныңызды халық түсінбейді ғой!" – деді Бақытжан Сағынтаев.

Қанат Бозымбаевтың түсіндіруінше, АИ-92 бензинінің елдегі қоры 1 маусымда 292 мың тоннаны құрапты. Ал сұраныс шырқау шегіне жеткенде мұнай базаларындағы бұл қор 140 мың тоннаға дейін кеміген: бұл көлем небары 15 күнге ғана жетеді екен. 

Министр Қанат Бозымбаев та, одан кейін сөз алған "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев та бар жүкті екі ірі мұнай өңдеу зауытының жақында, бір мезгілде жөндеуге тұруына және көрші Ресейде бензин бағасының қымбаттауына аударуға тырысты. Бақытжан Сағынтаев олардың "сылтаулары" қабылданбайтынын кесіп айтты. Оның байламынша, импорт үлесінің ұлғаюы мен бағамдық айырмашылыққа сүйене отырып жасалған түсініктемелер де "тікелей лауазымдық міндеттер мен жауапкершіліктен жалтару" болып табылады. Оның үстіне еліміздегі барлық үш мұнай өңдеу зауыты толығымен немесе ішінара ҚМГ ұлттық компаниясының басқаруында екені мәлім.  

"Павлодар мұнай өңдеу зауытының жөндеу жұмыстары көктемнен күзге ауыстырылатынын бұрыннан білдіңдер. Тиісті хат мамыр айында жолданған. Яғни, осы күзде екі МӨЗ де бірінен соң бірі жөндеуге жабылғанда не басталатынын білдіңдер. Демек, ертерек бәрін есептеп, жағдайды айқындап, қай жақтан қанша көлемде әкелу, оны қай өңірлерге тасу керектігін қарастыру қажет еді. Ал сендер осымен қыркүйекте ғана айналысып жатырсыңдар. Жоқ жерден әлеуметтік шиеленіс туғыздыңдар!" – деп кейіді премьер.

Осыған орай ол энергетика министрлігінің лауазымды тұлғалары "өздерінің тікелей лауазымдық міндеттемелерін орындаудан жалтарды" деп санайтынын дәйектеді.  

"Ал бұл үшін жауапкершілік арқалауларыңыз керек. Тиісінше, мен келесі шешім қабылдаймын: біріншіден, үкімет мүшелеріне қатысты тәртіптік ықпал ету шараларын тек ел президенті қабылдайтынына байланысты мен мемлекет басшысының атына энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сөгіс жариялау туралы ұсыным енгіземін. Екіншіден, вице-министрлер мәселесі өзімнің құзырыма кіретіндіктен, энергетика министрінің орынбасары Әсет Мағауовты атқарып отырған лауазымынан босату туралы шешім қабылдаймын. Премьер-министр кеңсесіне үкіметтің тиісті шешімін бүгін дайын етуді жүктеймін", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Ары қарай ол өзінің "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының директорлар кеңесінің төрағасы болып табылатынын еске салды. Ал ҚМГ соның құрылымына кіретіні мәлім. Сондықтан Бақытжан Әбдірұлы қордың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевке "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басшысы Сауат Мыңбаевты "өзіне жүктелген міндеттерді лайықты орындамағаны үшін" сөгіс жариялау түрінде тәртіптік жазалауды тапсырды.

Бұған қоса, Өмірзақ Шөкеев "өзіне жүктелген міндеттерді лайықты орындамағаны үшін ҚМГ ұлттық компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Данияр Берлібаевтың өкілеттіктерін тоқтату бойынша шара қабылдауға" міндеттелді.

Премьер "қабылданған шаралар туралы өзін құлағдар етуді" талап етті.

Осыдан кейін ол барлық министрлерге қайырылып, олардың өздеріне сеніп тапсырылған салалардағы жағдайға басымен жауап беретіндерін қатаң ескертті. "Бұдан былай жауапкершілікті басқаға аудару бойынша сіздердің талаптарыңыз қабылданбайды", – деп нықтады Бақытжан Сағынтаев.

Артынан журналистерге сұхбат берген бас энергетик өзінің ендігі тағдыры елбасының қолында екенін жеткізді.

"Мен жоғары тұрған басшылықтың шешімдерін талқыға салмаймын. Өйткені мен үкімет мүшесімін, ал Бақытжан Сағынтаев – үкімет төрағасы. Ендеше оның іс-қимылдарын талқылауға ниетім жоқ және талқыламаймын да. Бұл мемлекеттік қызметшінің әдеп-этикасына қайшы келеді. Екіншіден, ол өз құзыры аясында өзі дұрыс деп санайтын қажетті шараларды қабылдады. Мұны да мен талқыға салғалы отырған жоқпын. Ал отставка мәселесіне келер болсақ, мен осы үкіметтің министрі болып табыламын және тағдырым президенттің қолында. Президент қалай айтса, солай жасаймын. Жағдай туындаған екен, біз оны түзетуге, әрі осындай проблема туғызғанымыз үшін тездетіп Қазақстан халқы алдында кешірім сұрауға тиіспіз", – деді Қанат Бозымбаев.  

Ол неге тапшылық деген сөздің айтылуына қарсы шыққанын түсіндірді: "Тапшылық жоқ деп айтқанда, мұнай базаларында әлі қалдықтың барлығын меңзеген едім. Ол қорлар бар және арттырылуда. Мен әрбір әкіммен сөйлесіп, ескерттім: өңірлердегі ЖЖМ стансалары бағаның ары қарай көтерілуін күтіп, бензинді ұстап отырмауы керек. Бұған жол берілмейді, жауапкершілік қарастырылған", – деді ол.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу