Бензин қашан қымбаттайды?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
13633

Қазақстан мен Ресейде  бензин бағасы теңесуі мүмкін. 

Бензин қашан қымбаттайды?

Қазір халықты бензиннің қанша теңгеге емес, қашан қымбаттайтыны алаңдатып отыр. Себебі жанармай бағасына шамамен 10 теңге қосылатыны белгілі, ал көлік жүргізушілерінің қалтасы қашан қағылатыны белгісіз.

Бір қызығы, энергетика министрі Қанат Бозымбаев жанармай бағасының биыл қымбаттамайтынын, ал ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов керісінше, қымбаттайтынын мәлімдеп жүр.

Руслан Дәленов бензин акцизінің құны өскенде жанармай бағасы өзгеретінін алға тартып: "Бір литр бензин акцизінің бағасы 8 теңгені құрайды. Қазір оны 10 теңгеге қымбаттату мәселесі талқыланып жатыр. Алдағы уақытта бір литр бензиннің акцизі 18 теңге болуы мүмкін. Сол кезде бензин бағасы да өседі. Оның бағасы шамамен 10 теңгеге қымбаттауы мүмкін", – деді. Ал Қанат Бозымбаев тілшілермен тілдескенде Руслан Дәленовтің дәлеліне қарсы пікір білдірді.

"Биыл бензин мен дизель отының бағасы өзгермейді. Бұл үшін ешқандай негіз жоқ", – деп қысқа қайырды энергетика министрі.

Қанат Бозымбаев Ресеймен бағаны теңестіру бір күннің шаруасы емес екенін түсіндірді.

"Біз бұған дейін бірыңғай нарыққа ену туралы келісімге қол қойдық. Бұл нарыққа Ресей, Қырғызстан, Армения, Беларусь сынды елдер кіреді. Қазақстан мен Ресейде бензин бағасы бірдей болады деуге әлі ерте. Мәселе кезең-кезеңімен шешіледі. Бұл бір күннің, бір айдың, тіпті бір жылдың ішінде шешілетін шаруа емес. Қазақстан мен Ресейде жанар-жағармай бағасы 2025 жылы теңесуі мүмкін", – деді ол.

Айта кетейік, қазір Қазақстан мен Ресейде сатылатын бензин бағасында шамамен 100 теңге айырмашылық бар.

Естеріңізге салайық, былтыр Қанат Бозымбаев Қазақстан әлем бойынша  бензин арзан бағамен сатылатын елдердің ішінде 15-орында екенін жариялады.

"167 елде зерттеу жүргізген global petroleum prices-тің халықаралық рейтингі осындай қорытынды шығарды. Әлемдегі ең арзан жанармай Венесуэлада - 1 цент. Екінші орында Судан - 34 цент, одан соң 35 центпен Кувейт тұр. ТМД елдері ішінде сегізінші орынға Түркменстан шыққан. Бензин бағасы - 43 цент. Ал Қазақстан 56 центпен 15 - орында. Бізден соң арзан жанармай Қырғызстанда - 65 цент. Әзербайжан - 27,  Ресей – 28 -орындарда. Бұл елдерде бензин бағасы - 73 цент. Жалпы, әлем бойынша бензиннің орташа бағасы 1 доллар 15 цент", – деп мәлімдеді министр.

"KAZENERGY" Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің болжамынша, 2019 жылдың соңында  немесе 2020 жылдың басында елімізде бір литр бензин 160-162 теңгеден сатыла бастайды.

"Бағаның қымбаттауына бензин акцизі құнының өсуі негіз болады. Бензин акцизінің құны көрші елдерге мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдауға тосқауыл қою және жанар-жағармай нарығында тепе-теңдік сақтау үшін өсіріледі", – деп хабарлады заңды тұлғалар бірлестігінің баспасөз орталығы.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу