Бес айда 114 756 үй сатылды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
24310

Өткен айда баспананың бағасы қымбат болды.

Бес айда 114 756 үй сатылды

Елімізде соңғы 5 айда 4,6 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салынды. Жоспар бойынша жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш 13 млн шаршы метрге жетеді.   

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың  мәлімдеуінше, тұрғын үй құрылысы бойынша нақты көлем индексі қаңтар-мамыр айларында 108,8% -ды құрады. Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші бойынша Түркістан (132,0%), Павлодар (127,2%), Алматы (123,2%), Қызылорда (122,4%), Ақмола (116,9%), Жамбыл (114,9%), Атырау (114,1%), Қарағанды (113,9%), Қостанай (105,8%), Ақтөбе (105,5%) облыстары көш бастады.

"7-20-25" бағдарламасына өзгеріс енгізілді

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың сөзінше, үкімет бұл қадамға  азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін барды.

"31-мамыр күні "7-20-25" бағдарламасына өзгеріс енгізілді. Несие рәсімдеушілерге міндетті алғашқы төлем ретінде 20%-дан жоғары жарна төлеу құқығы берілді. Бұл бастама борышкерлердің ай сайын төлейтін төлем мөлшерін азайтуды көздеді", – деді бас банкир.

2019 жылғы 31- мамырдағы дерек бойынша, бағдарлама аясында 93,3 млрд теңгенің 8 060 өтініші қанағаттандырылды. 6 899 отбасы екінші деңгейлі банктерден 80,7 млрд теңге қарыз алды.

"2018 жылдан бері "7-20-25" бағдарламасының жүзеге асуына атсалысып жатқан банктердің ипотекалық портфелі 21,8%-ға, 1,4 трлн теңгеге өсті. Ең бастысы ел азаматтары армандаған баспаналарына қол жеткізді", – деді Ерболат Досаев.

2 пайызбен пәтер берілді

Сәуірдің соңында Парламентте қабылданған тұрғын үй қатынастары мәселелері жөніндегі жаңа заң тұрмысы төмен, толық емес және көп баласы бар жанұялар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылардың арманын ақиқатқа айналдырды. Заңға сәйкес, мамыр айында республика бойынша жоғарыдағы санатқа жататын 299 отбасыға тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жылдық мөлшерлемесі 2%-дан аспайтын жеңілдетілген несиемен пәтер берілді. Нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласының - 24, Шымкент шаһарының - 15, Павлодар облысының - 76, Қарағанды облысының - 27, Ақтөбе облысының - 25, Алматы облысының - 20, Маңғыстау облысының - 18, Жамбыл облысының - 17, Шығыс Қазақстан облысының - 11, Батыс Қазақстан облысының  - 10, Ақмола облысының - 6, Атырау облысының - 50 тұрғыны қоныс тойын тойлады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтың айтуынша, жыл соңына дейін ерекше санаттағы 6 мың отбасы баспаналы болады. Алдағы 3 жылда жоғарыда аталған отбасыларға тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жыл сайын 50 млрд теңге бөлініп отырады. Жобаны жүзеге асыру барысында 18 мың несие беріледі.

"Үш айналым болады деп жоспарлап отырмыз. Мөлшерлеме -2%. Несиелендіру мерзімі - 20 жыл. Бастапқы жарнасы -10%", – деді комитет төрағасы.

Мархабат Жайымбетовтың мәліметінше, 2019 жылғы 1 қаңтардағы дерек  бойынша тұрғын үй алу кезегінде 487 мың адам тұр. Оның 220 мыңы тұрмысы төмен отбасы. Көпбалалылардың саны - 28 126 адам.

"Көпбалалы отбасыларға баспана алу құқығын беретін тұрғын үй сертификатын енгізуді жоспарлап отырмыз. Тұрғын үй сертификаты бойынша ереже жазылып жатыр. Жергілікті атқарушы органдар арқылы 5 жыл ішінде 85 млрд теңге бөлінеді. Бұған дейін осындай қаражат "Нұрлы жер", "7-20-25" бағдарламалары бойынша дәрігерлерге, мұғалімдерге, полицейлерге бөлінсе, енді тұрмысы төмен, толық емес және көп баласы бар жанұялар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға беруді ұсынып отырмыз", – деді ол.

Қанша үй сатылды?

Әділет министрлігінің мәліметінше, 2019 жылғы 5 маусымдағы жағдай бойынша мамыр айында тұрғын үй нарығында 27 510 сату және сатып алу келісімі рәсімделді. Бұл сәуір айымен салыстырғанда  2,4 %-ға кем көрсеткіш. Ал осы жылдың қаңтар-мамыр айларын өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстыратын болсақ, биыл сату мен сатып алу мәмілесі 20,5 %-ға  артық болды. Бұл соңғы 5 айда ел аумағында 114 756 үй сатылды деген сөз.

Баға қалай құбылды?

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің есебінше, мамыр айында үй нарығындағы баға сәуірмен салыстырғанда айтарлықтай болмаса да, өсті. Мысалы жаңа тұрғын үйлерді сату құнына - 0,8%, әрленген тұрғын үйлерді алып сату бағасына - 0,4%, әрленбеген тұрғын үйлерді сату көрсеткішіне - 0,3% қосылды.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу