Бокстан Азия чемпионатында 48 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Айгерім Сәттібаева финал жолдамасы үшін жергілікті спортшы Номундари Енх-Амгаланмен қолғап түйістірді. Кездесу барысында қос боксшы да жоғары қарқын көрсетіп, ринг ортасында белсенді айқас өткізді.
Алайда жекпе-жек нәтижесінде төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен (5:0) жеңіс моңғолиялық боксшыға берілді.
Осылайша, Айгерім Сәттібаева құрлық біріншілігінің қола жүлдесін иеленді. Сондай-ақ ол 2024 жылы Таиландта өткен Азия чемпионатында да үздік үштіктен көрінген еді.
Әзірге ел қоржынында 4 қола жүлде бар. Бұған дейін Ертуған Зейнуллинов, Махмұд Сабырхан, Валентина Хальзова қола медальға қол жеткізген болатын.
Айта кетейік, Айгерім Сәттібаева бес баланың анасы, 15 жыл үзілістен кейін рингке қайта оралып, Қазақстан чемпионы атанған қайсар боксшы.