Бес жыл бойы тұрғындардың қаржысын қалтасына басқан алаяқ сотталды

1900

Оның қитұрқы әрекетінен 97 адам сан соғып қалды. 

Бес жыл бойы тұрғындардың қаржысын қалтасына басқан алаяқ сотталды

Өткен жылдың шілде айында Павлодар облыстық полиция департаментіне тұрғындардан алаяқтық фактісіне қатысты арыз-шағымдар түсе бастады. Павлодарлықтар банк қызметкерлерінің біріне алданып қалып, қыруар қаржыны қолына ұстатқанын хабарлады. Тәртіп сақшылары дереу іздеу жариялап, арада біраз уақыт өткен соң, күдікті Руслан Сексембаев Екібастұз қаласынан табылды. Сол тұста менеджер жұмыс істеген банк басшылығы күдіктіні тапқан адамға 10 млн теңге көлемінде сыйақы беретінін де жариялаған болатын. Алаяқтық әрекетке барған адамды полиция қызметкерлерінің өзі тапқандықтан, сыйақы ешкімге берілген жоқ.

Бір жылдан астам уақытқа созылған қылмыстық іс күні кеше аяқталды. 97 жәбірленуші мен куәгерлердің сөздері, білікті мамандар жүргізген сарапталық жұмыстардың нәтижелері және басқа да айғақтар қамауға алынған адамның қылмыстық әрекетін толығымен дәлелдеп берді. Бірақ Руслан Сексембаевтың өзі кінәсін тек жартылай мойындады. Оның айтуынша, адамдарды алдау бойынша жоспарды жалғыз өзі емес, банк филиалының басшысымен бірге дайындады. Десе де, бұл сөздері сот барысында дәлелденген жоқ.

Сөйтіп, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен облыс тұрғындарын "кепілде тұрған жылжымайтын мүлікті төмен бағаға алып беремін", "несиені мерзімінен бұрын жауып, жаңасын алуға көмектесемін" деп алдаған адам жазаны тек өзі арқалайтын болды. 2014-2019 жылдар аралығында банктың бөлім басшысы кепілдегі үйлерді нарықтағы бағадан төмен бағаға сатуға банк ішінде отырып, жалған құжаттар мен суреттерді көрсетіп, уәдені үйіп-төккендіктен, тұрғындардың тарапынан еш күмән тумаған көрінеді. Сондықтан қолда бар ақшасының барлығын алаяққа алаңсыз берген. Бес жыл аралығында келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 1 млрд теңгені құрайды. Айыпталушы оның 370,5 млн теңгесін жәбірленушілерге қайтарды. Енді 521,5 млн теңге төлеуі тиіс. Сонымен қатар №2 қалалық сотының шешіміне сәйкес 9 жылға бас бостандығынан айырылып, жалпы режимдегі түзету мекемесінде жазасын өтейтін болды. Заңсыз жолмен тапқан ақшасына алған Skoda Octavia, "ВАЗ-21124" көліктері мен банк есепшотындағы 1 257 424 теңгесі тәркіленеді. Теміртордың арғы жағынан шыққан соң, 10 жыл аралығында банк пен қаржы ұйымдарында жұмыс істей алмайды.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу