BI Group Таяу Шығыс нарығын көздейді

Артур Мискарян Артур Мискарян
5556

Айдын Рақымбаев: "Кәсіпкерлікпен халықтың тек 3%-ы ғана айналыса алады. Бұл менің сөзім емес, мұны мен ойлап  тапқан жоқпын".

BI Group Таяу Шығыс нарығын көздейді

BI Group холдингі директорлар кеңесінің төрағасы  және осы құрылыс холдингтің негізін құраушы Айдын Рақымбаев "Selfmade" жобасы барысында өзінің жетістіктер тарихы, отбасы,  бизнес және технологияның дамуы туралы ойымен бөлісті. Atameken Business  Айдын Рақымбаевтың дәрісінен және тыңдаушылардың сұрағына берген жауабынан үзінді келтіріп отыр.

Бизнестің құрылуы жайында:

1995 жыл мен 2005 жыл аралығында команда қалыптасты. 12 мың доллардан 120 млн долларға шығу үшін 10 жыл уақыт керек болды. Студент болып жүріп, 1995 жылға дейін алыпсатарлықпен айналыстық.

Табыстың 10%-ын өзіңе жұмсауға болатынын түсіндік. Алайда бұл көлік, пәтер алуға жетпеді. Біз көп жыл жатақханада, жалдамалы пәтерде тұрдық. Мұның барлығы әлі күнге дейін есімде.

Кейін құрылыс: бірінші, екінші, үшінші компания, сосын BI-Group пайда болды. Ол кезде нарықта құрылыс алпауыттары – Алматы қала құрылысы, Центртяжстрой болды. Мұндай алпауыттармен салыстырғанда біз кімбіз?  Жұмыс істеп бастап көрдік, бәрі жақсы жүре бастады.

Он жыл ішінде компанияның айналымы 10,60,70 млн долларға өсті. Батыста IT компаниялардан басқасы бұлай өсе алмайды, оның өзінде миллионның ішінде біреуі ғана шығуы мүмкін.

Маған "Құрметті  Айдын Рахымбаев, бізге бастапқы капитал жасауға көмектесіңізші. Сіз үшін 10 мың доллар түк емес, ал біз үшін болашаққа бастау"  деп  үнемі хат жолдайтындар бар. 20,50,100 мың доллар сұрайтындар да бар. Біз бизнес бастайтын ақшаны вагондардан жүк түсіріп жинадық. Жүк түсіріп жүріп 500 доллар жинадық. Жүкті түнде түсіретінбіз, өйткені түнгі тариф екі есе жоғары болды. Мәскеуге, Ташкентке барып джинсы, спирт, темекі тасып, 500 долларды 5000 долларға айналдырдық...

Қарыздар мен алданулар туралы:

1998 жылы біздің айналымымызда  шамамен 250 мың доллар болды. Алайда кенеттен дефолт болды да, біз көп ақша берешек болып шыға келдік. Республика даңғылындағы ең керемет деген үйдің өзі сол кезде 7-8 мың доллар тұратын, ал біздің жасымыз небәрі 23-те ғана болды. Бірақ осыған қарамастан, шыдадық.

2005, 2006 жылдары, естеріңізде болса, бәріміздің бақыттан басымыз айналып жүрді, айналамыздың бәрі керемет, іскер адамдар. 2007 жылы барлығы таз қалпына түсті, соның бірі біз болдық. Сол кезде көп ақша қарыз болып қалдық, сол қарызды енді ғана қайтарып біттік.

2007 жылғы дефолттан өткен қиын кезең бұрын-соңды басымызда болған емес. Сол кезде үш жүз миллион доллар жоғалттық. Барлығы кетті, тіпті астымызға мініп жүрген көлігімізден де айрылдық.

1998 жылы пайызға ақша алмаймыз деп серт байласқанбыз. Алсақ та көп алмаймыз дедік. Бірақ бұл сертті  9 жыл ғана сақтай алдық. 2007 жылы басымызға бақыт құсы қонғандай болды. Бір банк келіп 100 млн долларлық несие желісін ұсынды, басқа банк 250 ұсынды. 100 беремін деген 500 беретін болды. 250 ұсынған банк, "Бізден де 500 алыңыздар" деді.  Бұл екі банк – Қазкоммерцбанк және  БТА  болатын.

Ол кезде бізде 50 млн долларға несие желісі болды. Егер бізге қозғау салмағанда, бәрі өз қалпында қалар  ма еді. Ақыр соңында, айналымы 100 млн доллардан аспайтын біздің компанияда миллиард долларға лимит пайда болды. Нарықта жеңіл ақша пайда болған кезде осындай жағдай туындайды. Ал банк 500 миллионды 500 несие алушы арасында бөліске салғысы келмейді. Оларға ең  жақсы, сенімді біреуге  берген тиімді болды. "Содан кейін неге игермей жатырсыңдар,  айыппұл саламыз" деді. 

Сол кезде Алматыдан құрылыс саламыз деп бірнеше жер алдық. Ал кейін батыстық банктер біздікілерден ақшасын сұрай бастағанда, олар бізді мазалай бастады. Олардың 9-10%-бен берген ақшалары бір мезетте 20%-ға айналып шыға келді. Салынып жатқан құрылыс жоқ, бәрі тоқтап тұр, ал есеп жүріп  жатты. Осы кезде "батпаққа белшемізден баттық".

2014 жылы 1 млрд доллар болатын айналымға қол жеткіздік, бірақ теңгенің  соңғы үш мәрте құнсыздануынан кейін, әрине, бәрі құрдымға кетті.

Команда және өзара қарым-қатынас туралы:

Біз вагондардан жүк түсірумен айналыстық. Басшы болмаған жерде студенттердің бәрі бірдей. Вагондарға жүк тиеп, жүк түсіруге балаларды жинай бастағанда, мен олардың арасында басшы болдым. Мені басшы деп қабылдау үшін қапты бірінші болып тасып, үзіліс те қапты бірінші болып тастауым қажет еді. Жұмысты әрдайым артығымен орындау керек, сонда ғана саған көшбасшылық беріледі.

Өзара қарым-қатынас өте маңызды. Кез келген бизнес қарым-қатынас негізінде құралады.

Менің ең басты еңбегім, ең керемет жоба – бұл команда. Сенің командаң кім екенін нақты түсініп, оған сенуің керек, одан әрі қарай капитанның да штурманның да керегі жоқ, команда өзі-ақ бәрін түсінеді.

Камазда жұмыс істеп жүрген кезде вагондармен тасуды армандадық. Вагондармен таси бастап едік, бірден қиындыққа тап болдық: 1500 тонна астығымызды жоғалттық, оның үстіне тағы дефолт болды. Бұл қиындықтан да аман-есен құтылдық, бірақ бәрі айтуға ғана оңай болды. Осы кездегі қиындыққа шыдамаған достарымыздың жартысы кетіп қалды, 26 жасымызда шашымызға ақ кірді. Бәрін  қайта бастауға тура келді.

Біз өзіміздің корпоративтік мәдениетімізді үнемі мақтан етеміз. Корпоративтік мәдениет дегеніміз – бұл достықтың ережесі. Жыл сайын табиғат аясына шығып демаламыз, жүгіріп ойнап, шын жүректен күліп демаламыз.

Біздің компанияда үш акционер бар, мен, Бауыржан, Асхат. Біздің дос болғанымызға 27 жыл болды. Бізден басқа тағы акционерлер мен серіктестер бар.  "Достарыңмен бизнес жасауға болмайды" дейді ғой, сол кезде достар шын дос па әлде амал дос па деген сұрақ туындайды. Мен шынайы  дос таңдауда жолым болған адаммын.

Бәріне берер ақылым: тоқтамай үнемі қозғалыста болу керек, сол кезде қасыңда да жақсы адамдар болады. Ал қиындыққа шыдамайтын адамдар өздері-ақ жылыстап қалып қояды, ал төзімді, шыдамдылар қасыңнан табылады. Сонда тау қопаратындай команда пайда болады.

Бедел туралы:

Беделге  ие болу үшін біраз жыл тер төгу керек. Жұмыс қанша жалықтырса да, адал болсаң, атақ пен бедел өзі-ақ келеді. Біздің де басымыздан көптеген жағдайлар өтті, біз де: "Аналардың жолы болды! Олар алдап соғып, қанша ақша тапты. Ал біз болсақ, 10% үшін еңбек етіп жүрміз " деген кездер болды. Бірақ ондай адамдар туралы нарықта не айтатынын жақсы білеміз, мұндай тәсіл ұзаққа бармайды.

 Адамдар туралы:

Адамдар  бөлінеді.  Студенттер әрдайым оқымыстылар, қыдырымпаздар және спортшылар  деп бөлінеді. Үнемі солай. Олардың арасында не анда не мында емес, ортада жүргендер  де бар. Менің жасым 44-те, мен үлкен бизнес жасап отырмын, осы уақытқа дейін осыған көзім жетті. Бұл бөліну қай уақытта болмасын сақталып қалады. Ол барлық кезде де болады, студенттік кезде де, шағын бизнесте де, орта бизнесте де, үлкен бизнесте де болады.

Басқарушылардың қарапайым жұмыскерлерден еш айырмасы жоқ. Тек олардың жұмысы басқа. Мұны түсіну керек. Ең бастысы – қатардағы құрамға деген құрмет. Сыйлау, құрметтеу – адам үшін ең басты нәрсе, ең басты қозғаушы күш.

Жалпы адам бұл өмірден ләззат алғысы келеді, ал жұмыс нағыз шабыт беретін орын.

Өмір адамға бір-ақ рет беріледі ғой. Егер бір рет қиындыққа жеңілсең, өмір бойы солай өтесің. Қиындық туғанда, күш-жігерді жинап, алға ұмтылу керек. Егер қасыңдағы досың немесе серіктесің қиындыққа жеңілмей, төпеп берсе, сен де жеңілмейсің.

Ең жаманы – адам танудан  қателесу. Себебі ақшаны табуға болады,  ал адамға жаныңды, уақытыңды саласың, сосын бір күні босқа сарп еткеніңді түсінесің...

Өзін-өзі танытқан бизнесмендер өте көп. Дінмұхамбет Ыдырысов, Нұрлан Тілеубаев, Серік Төлбасов тағы тағылар.. Мұндай адамдар  өте көп.  Ешкімге аспаннан ештеңе түсе қалған жоқ, әркім өз еңбегімен қол жеткізді. Әрине, туыстары, таныстары болатындар бар, бірақ әркім өзі жасауға тырысады.  "Дер  кезінде керек жерден табыла кетті" дейтін сөз бар, бірақ сол үшін қаншама қиындықты бастан өткеріп, қанша тер төгілетінін білсеңіз ғой...

Табыс пен ақша туралы

Табысқа қол жеткізудің жолы – көп жұмыс істеу, көп оқу және өсу шегін белгілеу. Бұл менің сөзім емес, мұны Сергей Галицкий айтқан. Табысқа жетудің кілті небәрі жеті сөзбен берілген. 

2000 жылы долларлы миллионер екеніміз белгілі болды. Шынын айту керек, қазір ойлап отырсам, сол кезде мұны дұрыстап атап та өтпедік. Тура кітаптағыдай болады екен.

Егер кез келген дала сыпырушы немесе сантехник шамасынан да артық істейтін болса, онда табысқа жетеді.

Біреу бірдеңе қол жеткізіп, аты шықса, "жолы болды" деп жатады. Ал оның қаншама  еңбектенгенін ешкім есепке да алмайды.

Табыс ақшамен арақатынас орнатады, егер адам табысты болса, онда ақша бар деген сөз.

 Демалыс туралы:

Мен ең алғаш рет шетелге 33 жасымда шықтым. Алайда қай уақытта болсын, Түркияға билет алып, демалысқа кетуге болар еді, бірақ мен олай істемедім. Мен алғашқы демалысымды 2005 жылы алып, алты күн демалдым.

Алдыңғы жылы ең ұзақ демалысым 13 күн болды. Өзімді құл сияқты сезінбеймін, жұмысқа күн сайын қуана барамын.

Бизнес туралы:

Бизнес – адам өмірінде болуы мүмкін ең қызықты нәрсе. 

Адам үнемі ізденісте болуы керек. Мен күн сайын 1,5-2 сағат оқуға тырысамын. Бұл міндетті нәрсе.

Ең басты міндетіміз –  шығындарды азайтып, нарыққа шығуға сыйлықақы алу керек. Егер бәрінің нарық бойынша  табысы 12% болса, онда біздікі 15% болу керек.

Қазіргі уақытта жиі қолданып жүрген "бизнесті әртараптандыру"  деген сөз бар. Бұл түсінікке қарсымын. Бизнес не бар, не жоқ. Әртараптандырылған табысты бизнестің жоқ дегенде біреуін  атаңызшы. Мен бұған сенбеймін. Рас, бізде құнды қағаздарды сатып алумен айналысатын қор бар, біз қаржылық операциялармен айналысамыз, бірақ бұл бизнесті әртараптандыру емес. Одан да бір істің мықты маманы болған дұрыс. Мен өзімді құрылыс саласының жақсы маманымын деп есептеймін.

Жоспарлау және уақыт туралы:

Уақыт – ең қымбат, орны толмас ресурс. Ертеңгі күнге жоспар жасағанда, бірден басымдықтарды бірден қойып тастаймыз. Менің ақылым – ең маңызды шаруаны тәңертең істеу керек. Жоспарлау уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.

Біз өзіміздің 3-5 жылдан кейін кім болатынымызды жақсы білдік. 3-5 жылға жоспар жасау оңай және ыңғайлы. Одан әрі қарай жоспарлай алмаймыз, өйткені технологияның қалай  дамитынын білмейміз.

Алдағы бес жылдықта айналымды үш есе арттырғымыз келеді. 5 жылда 3 млрд долларға жеткіміз келеді. Алдағы 5 жылдың стратегиясы  жасалып қойған, оны өзіміз жасадық. Көреген компаниялар стратегияны 20,40 жылға жасайды. Бұл бізге де келеді. Біз ТМД елдері арасындағы құрылыс компанияларының үштігіндеміз. Одан әрі көтерілуді де біліп отырмыз. Оның да өз уақыты келеді. Оған дейін осы жердегі жұмыста жеткілікті.

Сырт бейне туралы:

Қазір футболкада жүру сәнді, өйткені бұл гугл мен фейсбуктен үйренгеніміз. Бірақ есіңізде болсын,  дресс-код – бұл өзіңізге және жан-жағыңыздағыларға деген құрмет. Бұл – өзіндік белгі. 95-96 жылдары Целиноград нан зауытының жанында  шағын базар болды. Ол жерде барлығы трикода, қалпақта, резеңке тәпішкелермен, әр түрлі киініп жүретін. Алғашқы кезде біз де резеңке шәркеймен жүрдік. Ақша таба бастаған соң кроссовки кидік.

Біздің "студенттер"  деген лақап атымыз болды. Содан кейін бізді жас балалар деп менсінбейтінін, бізге сенім жоқ екенін түсіндік. Көзге түсу үшін дұрыс киіну керек деп шештік. Содан жейде киіп, галстук таға бастадық. Сол базар, сол тұрақ. Бірақ клиенттер бізге келе бастады. Өйткені біз әдемі киініп алғанбыз, қолымыз да қағазымыз да бар. Біздің сыртқы бейнеміз сенім ұялатты.

BI Group туралы:

Бізде элит-санаты қоржынындағы үлесіміз 5% ғана. Ақшаны орташа санатты құрылыстан табу керек. Қай компания бай: Тойота әлде Феррари? Әрине, Тойота.  Клиент ақшалы болған сайын, оның талабы да күшейе береді.

Мен үнемі шығындарды азайту керектігін айтып отырамын. Үнемділік ең бірінші мида болу керек. Мен менеджерлермен бірге кайдзеннің не екенін түсіну үшін Жапонияға арнайы барып қайттық.

Ең бастысы "Алты айдан кейін осыны істейміз" емес, әр күн сайын бірдеңені шамалы болса да өзгертіп отыру қажет. Біздің компанияда қанша адам болса, барлығы сол туралы ойлау керек.

ТШО туралы:

ТШО-ның мердігер компаниясымыз. Олардың алдағы 8 жылға жоспарлап отырған  жұмыс көлемі 38 млрд доллар. Олар үшін ең жақсы компания болғымыз келеді. Осыған әр апта сайын жаттығамыз. Біздің өз мердігерлеріміз бар, ал біз ТШО-ға мердігерміз. Олардың бізді таңдауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, тіпті билеуге де дайынбыз. Бұл – нарық.

ТШО бізге аса сеніп ештеңе беріп отырған жоқ. Олармен келісімшарт небәрі 360 млн долларға ғана жасалды. Егер шынын айтар болсақ, онда әрбір компания бірінші өзін көрсетуі керек. Біз өзімізді таныттық, енді сатып алулар кезегі келуде.

Жол салу бойынша біздің маржамыз азғантай - 4-6% ғана, бірақ 6 млрд теңгенің нысанына  жұмыс істейміз, жақсы ақша, сонымен қатар қосымша тәжірибе де қалыптасады. Тұрғын үй маржасы 12-14%-ға  дейін түсті. Ал ТШО келісімшарттарындағы маржа доллармен 14-22%. Сондықтан қиындығы көп болса да, халықаралық жобаларда бағымызды сынаудамыз. 100 млн доллардың нысанын алып, бірінші нысанды өзіміздің 30 млн-ға салуымыз керек. Ереже осындай, бірінші өз ақшамызды саламыз, олар қабылдап алады, содан кейін ғана төлейді.

Кадрлар туралы:

Студенттердің  екі түрі болады: сабақты нашар оқитын, бірақ аяққа резеңке етік киіп, құрылыста жұмыс істеуге дайын студент бар, сондай-ақ сабақты жақсы оқитын, өршіл, бірақ  резеңке етік киіп, құрылыста жұмыс істегісі келмейтін студент бар. Байқау өткізіп, 600 студенттің ішінен 150-ін таңдап алдық. Мен аяғыма етік киіп, құрылыс та жүремін, оған еш намыстанбаймын. Осыдан рахат алатынымды мақтан етемін. Жас студенттер етік киіп құрылыста жүргілері келмейді, вахтовкада тұруға дайын емес. Бұл түсінікті өзгерту қиын. Ал қалғанының барлығы қиын емес, өзіміз үйретіп аламыз.

Технологиялар туралы:

3D басып шығару технологияларына деген көзқарасымыз жақсы. Мұны мұқият бақылап отырмыз. Жасыл орамда біздің ең алғашқы 3D принтеріміз тұр, біз орындықтарды басып шығарып жатырмыз. Уақыттан кеш қалмай, қатар жүруге тырысудамыз. Орындық басып шығаратын 3D басылым 200 мың доллар, ал бір бөлмені жасайтыны 2 млн доллар болуы мүмкін. Бұл жердегі цифрлар тәртібін түсіндіңіз бе?

3D жобалауды бастағанымызды мақтан еттік. Алайда былтыр Америкаға барғанда Turner компаниясында болдық. Олар  6D басылыммен жұмыс істейді. Біз сонда қай кезеңде, әлі тас дәуірінде жүрміз бе?

Бүгінгі күні біздің нысандардағы барлық диспетчерлердің қолында Samsung  және iPhone. Олар бір саусақпен сүйкеп, бетонға тапсырыс жасайды, оларда электронды қолтаңба бар. Бетон бұлғайтын машина нысан аумағына кіреді, оған бірден ақша төленеді. Үкімет электронды қол қоюға көшті, оны алғашқылардың бірі болып біз қолдандық. Uber таксилердің қалай жүретінін бақылап отыратын сияқты бұл машиналардың да қайда жүргенін, қашан нысанға келетінін көріп отыруға болады.

Мемлекет пен әлем туралы:

МЖӘ ертеректе пайда болған, олар тіпті түрме де салады. Біздің француздық Willisi серіктес компаниямыз бар. Олардың айналымы 40 млрд доллардан асады, олар үшін біз кішкентай компаниямыз. Біз олармен бірлесіп онкологиялық клиникалар, Назарбаев университетін салып жатырмыз. Біз олармен көп әңгімелесеміз, олар МЖӘ бойынша жол, аурухана, түрме салады.  Бұл жақсы үлгі, бірақ оны Қазақстанда қолдану үшін әбден "жону"  керек.

Қандай тарихи оқиғаның куәсі болғым келеді? Осының орнына басқа сұрақты қарастырайықшы.

Соңғы 25 жылда еліміздің ауылдың халқы қалаға көшіп жатыр. Келесі алдағы 25 жылда халықтың 30%-ы тағы қалаға келеді. Бұл бізге қатысты емес. Бұл– кез келген мемлекетте болатын қозғалыс. Мысалы, қазір Голландияның 3% халқы өзін және басқаларды асырап отыр. Сондықтан ауыл кез келген жағдайда көшеді. Олар қайда келеді? Олар қалаға келеді. Футурологтар: "Келешектегі әлем – бұл мемлекет емес, бұл 600 ірі қала", – дейді. 600 ірі қала... Ол дегенің біз үшін жұмыс шаш етектен деген сөз. Барлығымыз халық легіне қызмет көрсететін боламыз.   

Мен өзімді бизнесте жайлы сезінемін. Біз мемлекетке көп көмек жасап жатырмыз, көптеген мемлекеттік тапсырмаларды орындаудамыз. Мен мемлекеттік қызметті мүлдем қарастырмаймын, өйткені өзімді бизнеске керек адам екенімді жақсы түсінемін. Бизнесті Қазақстан үшін халықаралық деңгейде жасағым келеді, менің депутат немесе министр болғанымнан гөрі осылайша пайдам көп тиеді деп ойлаймын. Біз Қазақстанды мықты мемлекет ететін жастарды тәрбиелеудеміз.

Инвестициялар туралы:

Біз стартап-жобаларды қарастырмаймыз. Ол венчурлік инвесторлардың тақырыбы. Мәселе ол жердегі 100 жобаның бірі ғана іске асатындығында. Біз өзіміздің қаржы салған 99 жобамыздың  сәтсіз болғанын қаламаймыз. Өзің білетін саланың жұмысын істеген дұрыс.

Кітап және спорт туралы:

Менің берер кеңесім: таңертең 6-да тұру керек, сағат 8-ге дейін жаттығуы аяқтап, жұмысқа бару керек. Егер жұмыста бәрі жақсы болса, онда триатлон да жақсы. Егер жұмыс дұрыс болмаса, онда триатлонның неге керегі бар? Басымдықтарды дұрыс қоя білу керек.

Көп оқимын. Сені өмір бойы үйрететін адам болмайды, сондықтан оқу керек. Мерзімдік басылымдардан "Деньги", "Секрет фирмы" журналын оқимын, 94 жылдан бері бір нөмірін жіберген емеспін. "Ведомости" газетін оқимын, бірде-бір нөмірін жібермей оқитыным – бұл ТМД-ға арналған Wall Street Journal және Financial Times.

Егер кімде-кім, мысалы, Рубен Варданян қандай да бір сұхбатта бір кітап туралы айтатын болса, соны тауып оқимын. Өйткені ақылды миллиардер адам сол кітапты оқыса, онда оны мен міндетті түрде оқуым керек. Сондықтан кітап дүкеніне бостан-босқа бармаймын.

35 жасқа дейін спортпен айналысқан емеспін. Содан кейін бастадым. Сағат 8-де немесе 9-да жүгіру дұрыс емес, бұл түсінікті өзгертеді. Америкалық Пол Эйкерс: "Жігіттер, бұл сендердің қызығушылықтарың ба әлде бизнес па?", – дейді.

Отбасы және балалар туралы:

Көбісі жұмыстың кесірінен отбасына көңіл бөле алмайды. Бос сөз, отбасына әрқашан көңіл бөлуге болады. Мәселе қашан көңіл бөлу керек. Отбасын құрған кезден бастап. Мен бала қарап үйде отырған еркек емеспін. Балалар әкесін мақтаныш тұту керек. Дұрыс қой? Балаларды тәрбиелеп керек емес, бәрібір ол сенің істегеніңді істейді. Сондықтан дұрыс, тәртіпті болған жөн, сонда бәрі жақсы болады. 

Біздің өз ережеміз бар. Үйде жұмыс туралы айтпаймыз.

Уақыт жетпейді. Сондықтан кесте жасауға үйренгенбіз. Сенбі және жексенбі күндерін жоспарлаймыз. Біз не істейміз? Сейсенбі, бейсенбі күні сағат 6.30-да бірге жүгіреміз. Сенбі және жексенбі күндері таңертеңгі сағат 7-де бассейнге барамыз.  "Кім үлгерсе, сол менімен барады деймін" – бәрі жүгіреді. Сағат 10-да немесе 11-де да тұруға болады, бірақ уақыт кетіп барады ғой. Сағат 9- да бассейннен келеміз, таңғы асты ішіп, айран-асыр боламыз. Сағат 9.15-те  асыр салып бітеміз. Ең бастысы уақытты дұрыс пайдалану керек. Тағы бір ереже: ұйықтар алдында бір сағат кітап оқимыз.

Мен балаларымның ақшаның арқасында басқа нәрселерден мақұрым қалғанын қаламаймын. Менің жеті балам бар. Үлкені 24-те, кішісі 5-те. Үлкен балам Нью-Йорк университетін бітірді. Мен оған егер университет сені ең үздік бестіктер қатарына қабылдайтын болса, оқуыңды төлеймін, ал қабылдамаса, онда осы жерде оқисың деп шарт қойдым. Нью-Йорк университетін бітіріп келді, геодезистің көмекшісі болып жұмыс істеді. Содан кейін бетон жасайтын зауытта оператор болды. Қазір Ақтауда вахтамен жұмыс істейді. Яғни барлығы өз орнымен. Одан кейінгі балаларыммен де солай істеймін.

Әйелдер туралы:

Әйелдер міндетті түрде бизнеспен айналысуы керек. Бизнес дегеніміз жүріс-тұрыс мәдениеті. Әйелдерді екінші орынға ысырып қоятындарды  түсінбеймін, олардың әлеуеті  зор. Егер әйел бизнеспен айналысса , онда сүйкімді болады.

Жұбайым бизнестің қалыптасуында тікелей рөл атқарды. Ол дәрігер болып жұмыс істеген кезде, мен үнемі ренжіп сөйлейтінмін. Жұмыстан шаршап келе жатқанда, оны алып кетуің керек, содан кейін оның емделушілеріне соғасың. Бірақ менің қалағаным болып, ол біздің компанияға ауысты. Содан сатумен, жарнамамен, маркетингпен айналыса  бастады. МВА-ның қызыл дипломын алды. 2012 жылға дейін компанияның барлық сату құрылымын басқарды, бірақ бұл жайлы еш жерде айтқан емеспіз. Кейін бірінің артынан бірі балаларымыз өмірге келді. Содан ол балаларды қарайтын болып, мен бизнес жасайтын болып шештік. Егер екеумізде бизнеспен айналысатын болсақ, онда балалар біздің ата-аналарымыздың қарауында қалар еді.

Әйел үй шаруашылығымен айналысып, үйде отырып қалмау керек. Құдайға шүкір қазір үйдің шаруасын істейтіннің нәрселер  бар.  Әйел белсенді болып, тең дәрежелі серіктес болуы керек.

Бизнеске арналған тауашалар:

Қазақстан экономикасы жас, сондықтан  игерілмей жатқан сала көп деп ойлаймын. Бізде ешқандай желі жоқ. Кез келген бизнестің желісі болу керек. Бізде батыстағыдай бәсекелестік жоқ. Біздегі көрсеткіш бәсекелестіктің жоқтығы. Мұндай жағдай Еуропада мүмкін емес. Мен біздің бәсекелестеріміз жаман деп тұрғаным жоқ. Бәсекелестеріміз мықты, бірақ олар аз. Қазақстандағы кез келген бизнес секторында бәсекелес аз. Біздегі 200-300%-ға өсу сапалық өсу емес, бұл бәсекелестің болмағандығана пайда болған нәрсе.

Қарапайым краснодарлық жігіт Галицкийдің  9 мың дүкені бар. Ресейде күн сайын 3 дүкен ашады.  Көз алдыңызға елестете аласыз ба?

Келешек туралы:

Құрылысшының келешегі қандай болатынын білесіз бе? Қазір құрылысқа бағдарланғанн компьютер жобаланып жатыр. Құрылысшының келешектегі жұмысы тек істікшені жалғау ғана болады. Қалғанын компьютер өзі істейді. Былай қарасаң,  адам сенгісіз нәрсе. Сондықтан біз баға жетпес маман болуымыз керек.

Біз қатып қалған  жүйеде қалып қоюдан қорқамыз. Бірақ тез оқып-үйренудеміз. Сондықтан күн сайын оқимын, қажетті және пайдалы ақпаратты іздеймін. Шешім шұғыл және нақты қабылдану керек. Шешім қабылдау жылдамдығы болса, табысты бизнес жасауға болады. Ал  шешім қабылдай алмасаң, сазға отырғаның. 

Кәсіпкерлікпен халықтың тек 3%-ы ғана айналыса алады. Бұл менің сөзім емес, мұны мен ойлап  тапқан жоқпын.

Артур Мискарян, Гүлназ Ермағанбетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу