Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева 2026 жылғы әйелдер арасындағы FIDE Women’s Candidates Tournament 2026 турниріне жолдама алды. Бұл – Қазақстан шахматы тарихындағы ерекше оқиға. Себебі алғаш рет қазақстандық шахматшы әлем чемпионы атағы үшін матчқа шығу мүмкіндігіне таласатын турнирге қатыспақ.
Турнир 2026 жылдың 28 наурыз – 15 сәуір аралығында Пафос қаласында (Кипр) өтеді. Бәсеке бес жұлдызды Cap St Georges Hotel & Resort қонақүйінде ұйымдастырылады.
Турнирде әлемнің ең мықты сегіз шахматшысы бақ сынайды: Чжу Цзиньэр, Александра Горячкина, Дивья Дешмух, Хампи Конеру, Тань Чжунъи, Вайшали Рамешбабу, Катерина Лагно және қазақстандық Бибісара Асаубаева.
Егер Бибісара Асаубаева турнирде жеңіске жетсе, ол қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньмен әлемдік шахмат тәжіне арналған матчта ойнау құқығына ие болады.
Қазіргі әлем чемпионы қытайлық шахматшы Цзюй Вэньцзюньнің рейтингi 2026 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша 2559 ұпайды құрайды. Ол бұл атақты 2018 жылдың мамырынан бері қорғап келеді.