Қазақстандық шахматшы, блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева жаңа форматтағы ойын – фристайл шахматында классикалық шахматтан бұрынғы әлем чемпионы Александра Костенюкті көрме матчында жеңді.
Германияда фристайл шахматынан, яғни Фишер шахматы бойынша әлем чемпионаты өтті. Турнир ерлер арасында ұйымдастырылды. Ал әйелдер арасында Бибісара Асаубаева мен Александра Костенюк арасында тек көрме матчы өткізілді.
Төрт партиядан тұрған матч 2,5:1,5 есебімен қазақстандық шахматшының пайдасына аяқталды. Бұл туралы қазақстандық шахматшы өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.
"Матчта 12-әлем чемпионы Александра Костенюкті жеңдім. Жеңіске жету әрдайым қуантады, әсіресе бұл Вайсенхаус-2027 фристайл шахматынан келесі әлем чемпионатына қатысуға кепілдік берсе", – деп қазақстандық шахматшы медальмен түскен суретіне жазба қалдырды.
Көрме турниріне атақты Қытай гроссмейстері, 13-әлем чемпионы Хоу Ифань да қатысуы керек еді. Алайда шахматшы виза мәселесіне байланысты жарысқа келе алмады.
Айта кетейік, 2027 жылы әйелдер арасында фристайл шахматынан әлем чемпионаты өтеді. Ол турнирге Бибісара Асаубаева да қатысады.