Грузияның Батуми қаласында Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) кеңесінің отырысы өтті. Жиын барысында басты мәселелердің бірі – жаңа 10 гроссмейстерді бекіту болды.
Бұл тізімге 21 жастағы қазақстандық Бибісара Асаубаева да енді. Ол елімізден шыққан екінші, ал әлемде осындай беделді атаққа ие болған 43-ші шахматшы әйел атанды. Бұған дейін бұл атақты Жансая Әбдумәлік алған болатын.
Сонымен қатар, жуырда Бибісара Асаубаева әлемдегі ең беделді шахмат турнирлерінің бірі – 2025 жылғы Freestyle Chess Grand Slam жарысына қатысты. Турнир АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтті.
Бұл жарыс әлемнің ең мықты шахматшылары: Магнус Карлсен, Фабиано Каруана, Хикару Накамура және тағы да басқа танымал гроссмейстерлер қатысқан жабық элиталық турнир болды.