Бибісара Асаубаева жылдам шахматтан Әлем чемпионы атанды

1964

Күні кеше қазақстандық шахматшы қыз рапидтен де жүлделі болған еді.

Бибісара Асаубаева жылдам шахматтан Әлем чемпионы атанды

30 желтоқсан күні Польша астанасы Варшавада блиц-шахматтан Әлем чемпионаты мәресіне жетті. Онда жеті қазақстандық шахматшы өнер көрсетті. Бибісара Асаубаева 13 партияда жеңіске жетіп, барлығы 14 ұпай жинады. Бұл чемпионаттағы ересектер арасында шахматтан қазақстандық спортшы иеленген алғашқы алтын медаль болды.

Естеріңізге сала кетейік, 28 желтоқсанда Варшавада жылдам (рапид) шахматтан Әлем чемпионаты аяқталды. Турнирдің қорытындысы бойынша 17 жастағы қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева жүлделі 2-орынға ие болып, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған еді. Шешуші ойындарда Бибісара тәжірибелі грузиялық гроссмейстер Нана Дзагнидзені және жерлесі Әсел Серікбайды жеңіп, чемпионат жеңімпазы – халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Александра Костенюкпен тең түсті.

Биыл Бибісара әйелдер арасында онлайн өткен Азия чемпионатында жеңіске жетті. Ол Қазақстан ұлттық құрамасымен бірге Дүниежүзілік онлайн-шахмат олимпиадасында әлемнің ең мықты 8 командасының қатарына ілігіп, көптеген халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды.

Сондай-ақ бұл турнирге қатысқан Қызылорда облысының өкілі, әйелдер арасында халықаралық шахмат шебері Серікбай Әселге сәл ғана сәттілік жетіспеді. Чемпионат бойы Катерина Лагно және Александра Костенюк сияқты әлемнің үздік шахматшыларымен тең дәрежеде ойнаған Әсел сенсация жасап, көшбасшылар тобында болды. Жарыс қорытындысы бойынша 7.5 ұпай жинап, 5-нәтиже көрсетті.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу