Билет құны – 53 000 доллар: Әлемдегі ең қымбат туристік пойыз Қазақстанға келеді

356

22 күнге созылатын саяхат Бейжіңнен басталып, Ташкентте аяқталады.  

Билет құны – 53 000 доллар: Әлемдегі ең қымбат туристік пойыз Қазақстанға келеді Фото: timeout.com

Британдық Golden Eagle Luxury Trains компаниясы "Ұлы Жібек жолы пойызбен" (The Great Silk Road by Train) туристік бағытының қайта жанданатынын мәлімдеді.

Алғашқы сапар 21 қыркүйекке жоспарланған, ал билет құны 53 200 доллардан басталады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Пойыз жол бойы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан аумағынан өтеді. Жолаушылар Ұлы Жібек жолының басты нүктелері – Сиань, Қашқар, Алматы, Бішкек, Хиуа, Бұхара, Душанбе, Самарқанд, Маргилан, Қоқан және басқа да көне қалаларды аралайды.

"Мұқият әзірленген бұл бағыт ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандарын, көне қалалар мен жергілікті мәдениетті тамашалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, теміржолдағы ең жоғары деңгейдегі жайлылықты сезінесіз", – деп хабарлады ұйымдастырушы компания.

Айта кетейік, бұл бағыттағы соңғы рейс 2019 жылы жүріп, пандемия кезінде тоқтатылған болатын. Содан бері пойыз қатынаған жоқ.

Golden Eagle Luxury Trains компаниясын (алғашқы атауы GW Travel Ltd) 1989 жылы Тим Литтлер эксклюзивті теміржол круиздерінің операторы ретінде құрған. Бастапқыдан-ақ компания ерекше сән-салтанатқа басымдық берді. Жарнамалық материалдарда мынадай қызметтер ұсынылған: Belle Époque стиліндегі интерьер, Өнер мен технологияның гүлденген дәуірін бейнелейтін дизайн, Хань әулеті стиліндегі люкс-купе. Бұл купенің бағасы тізімде көрсетілмеген, ол тек жеке сұраныс бойынша хабарланады. Талғамы биік саяхатшыларды қанағаттандыратын басқа да қолайлы жағдайлар.

2025 жылы Golden Eagle Luxury Trains компаниясын италиялық Arsenale Group сатып алды. Жаңа иелері Азия нарығына баса назар аударып отыр. Бұрын "Алтын бүркіттер" негізінен Еуропаны шарлайтын.

Қазіргі таңда "Ұлы Жібек жолынан" бөлек, мынадай турлар жарияланды: "Императорлық Қытай" (Сиань – Гонконг, 12 күн, 2027 жылғы 16 сәуірде аттанады), "Әлем шатырына саяхат" (Бейжің – Лхаса, 13 күн, 2027 жылғы 6 сәуірде аттанады).

Сондай-ақ, "Жібек жолы" бағытында жолдың бір бөлігін ғана қамтитын қысқа рейстер де болады. Мысалы, Бейжің – Үрімжі, Алматы – Ташкент немесе Алматы – Самарқанд. Бұл сегменттегі бағалар 19 500 доллардан басталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу