Билік басына жастар келгені дұрыс

1309

Бұл туралы саясаткер Әділ Сайлаубек "Atameken Business" телеарнасындағы "Түскі формат" бағдарламасында айтты.   

Билік басына жастар келгені дұрыс Фото: baq.kz

Сайлау басталар алдында саясаткер Әділ Сайлаубек оның нәтижесіне қатысты өз болжамын жасап, Премьер-Министр орнына Әлихан Смайылов қайта тағайындалатынан айтқан еді. Оның айтуынша, ішкі саясаттағы ұзақ тоқырау, бірқалыптылық ешқандай өзгеріске әкелмейтіні әу бастан белгілі болған.

"Әлемдегі гео-саяси жағдайдың аласапырандығына қарамастан, біздің ішкі саяси өміріміз, республика, қала, облыс билігі деңгейіндегі шенеуніктер өзгеріссіз қалды, бар болғаны 20-30%-ы ауысты - бұл әлемдік тәжірибеде жиі кездесетін процесс, оның барысында қандай да бір таңқаларлық жағдай болмайтыны талай дәлелденген. Сондықтан Смайыловтың өз орнын сақтап қалуы - күтілген нәтиже", - деп түсіндірді саясаткер.

Тіпті қаңтар айындаға бірең-сараң өзгерістер - 6 министр ауысуы маманның министрліктерде айтарлықтай өзгерістер болатынына деген сенімін тудырмаған көрінеді. Әділ Сайлаубек дегенмен өзгеріссіз қалған Үкіметке үмітпен қарайды.

"Әрине, Әлихан Смайылов бір жыл ішінде өзін толыққанды көрсетіп үлгерген жоқ. Жаңа Премьер-Министрдің алдында үлкен міндеттер тұр, өйткені оның алдыңғы қызмет мерзімінде ауыз толтырып айтарлық өзгеріс байқамадық. Мәселен, күннен күнге жанармай бағасының қымбаттауы халыққа керекті басқа тауарлардың қымбаттауына әкеледі, сондықтан қазір экономикалық тұрақтылықты сақтау маңызды", - деді саясаткер.

Экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін саясаткер жергілікті биліктен бастап министрліктерге дейін барлық жерде осы саланы білетін мамандар керектігін алға тартты. 

"Республикадан бөлінген бюджетке ғана қарап отырмай, басқа да табыс көздерін табатын, сол аймақтың тұрғындарына жанашыр болатын жастар әкімдер орнына отыру керек деп ойлаймын. Үкіметті жаңарту барысында осыны ескерсе деп үміттенемін", - деді Ә.Сайлаубек.

Үміт отын жандыратын азаматтар қатарына саясаткер білім саласында қызмет еткен азаматтарды жатқызды.

"Ал қазіргі билік басындағылар арасында менің көңілімнен шығатындары - бұрынғы Білім министрі Асхат Аймағамбетов, Ғани Бектайұлы. Олар меңгеруші, мектеп директоры, білім бөлімінің басшысы қызметтерін атқарып, министрлікке кезең-кезеңімен келген азаматтар. Үкіметте осындай өз ісінің мамандарын, саласының бастапқы баспалдағынан келгендердің санын арттыру қажет. Жаңа құрамның арасында да ондай мамандар табылары сөзсіз, депутаттар ішінен алуға болады, өйткені оларды халық сайлады", - деп түсіндірді маман.

Сөз соңында жаңа Парламент жүйелілікке бет бұрып, экономикалық тұрақтылықты бағдарға алуы тиіс екенін жеткізді.

"Осы уақытқа дейін Үкіметтің жұмысын бақылап, көріп жүрміз. Халық өзінің бағасын беріп жатыр. Енді қайта тағайындалған Премьер-Министрдің халық мүддесі үшін экономикалық тұрақтылық бағытында жұмыс жасауы тиіс деп ойлаймын, бірақ саяси алаңда өзгерістер керектігі сөзсіз. Тағы атап өтетіндігі, ұлттық экономика, индустрия, ауыл шаруашылығы, қаржы, денсаулық саласына жауап беретін уәкілетті органдардың жүйелі жұмысын ұйымдастыру керек", - деп түйіндеді Ә.Сайлаубек. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу