Билік мемлекеттік емханаларды да ақылы етуді қарастыруда

3460

Ал медициналық сақтандыруды енгізу кесірінен ауруы асқынып, шұғыл ауруханаға түсетін қазақстандықтардың үлесі күрт артты. 

Билік мемлекеттік емханаларды да ақылы етуді қарастыруда Фото: canva.com

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі маңызды, тың бастама көтеруде. Оның үстіне бұл жай ерігіп, әңгіме арасында айтыла салған ұсыныс емес. Агенттік төрағасы Марат Омаровтың командасы онысын өзі әзірлеп жатқан "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасына кіргізуге ниетті.

Ведомство тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында халықты тегін қарайтын қалалық емқаналар қызметін ішінара ақылы етуді ұсынды. Нақтылағанда, осы медұйымдардың қызметі үшін халық қосымша ақы төлеуі керек. Бұл дамыған елдерде бар тәжірибе екені белгілі. Агенттік байламынша, Қазақстанда МӘМС аясында медсақтандыру қоры (ӘМСҚ) мемлекеттік медұйымдарды жете қаржыландырмайтын көрінеді.

Әрине, тіпті ауқаттан ықылық атқан Америкада өзін тосыннан нашар сезінген, немесе апатқа түскен адамдардың көмекке жеткен жедел жәрдемнің зембілінен түсе сала қашқаны бейнеленген видеороликтер әлеуметтік желіде жиі пайда болады. Себебі Құрама Штаттарда адамдар жедел жәрдемнің қызметі үшін бірнеше мың доллар төлеуге тура келетінін біледі. Содан әсіресе, медсақтандырылмаған адамдар қанша жерден қиналып тұрса да, медициналық ұйымдардың қызметіне жүгінбеуге бейім тұрады. Кедейлер үшін қайырымдылық ұйымдар тегін емдеу мекемелерін ашады.

Қазақстанда отандық және халықаралық қайырымдылық ұйымдарының желісі жете дамымаған. Сонымен бірге Қазақстан халқы да тақыр кедей. Осы аптада Ұлттық банк хабарлағандай, қазақстандықтардың 90%-ының орташа табысы айына 151 мың теңгеден аспайды. Бұл – елдегі ресми орташа жалақыдан екі еседен астамға аз.

Ұлттық статистика бюросының сендіруінше, биылғы екінші тоқсанда Қазақстанда атаулы жалақының орташа шамасы 365 502 теңгеге, ал медианды шамасы 240 779 теңгеге жетіпті-мыс.

Олай болса, мемлекеттік емханаларға қосымша ақы төлеуді халықтың қалтасы көтере ме? Бұл әлеуметтік наразылыққа соқтырмай ма? Соқтырмауға, керісінше, қазақстандықтарға ұнауға тиіс. Себебі, антимонополиялық орган Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында (ӘМСҚ) босқа қордаланып жатқан ақшаларды халықтың өзіне жұмсауға мүмкіндік беруді ұсынып отыр.

Сонда әрбір қалалық емхана дәрігерлері өз алдына келген пациенттерді масыл санап, кекірейе қарамайды. Керісінше, олардың әрқайсысы, соның ішінде әрбір ата мен әже қосымша ақша әкелетін құнды клиентке айналады. "Тегін медицина" олардың біразына қиянат жасап жүргені жасырын емес: дәрігерлер қариялардың кез келген сырқатын қарттыққа балап, жете мән бермей жатады. 

Ведомство қазіргі кезде "мемлекеттік емханаларда медициналық қызметтердің сапасыздығы" және "мемлекеттік емханалардағы қаржы тапшылығы" қатты алаңдататына екпін түсірді.

"Мемлекеттік медұйымдар пациенттерді тартуға мүдделі емес. Бүгінде ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтердің тарифтері аз қаржыландырылады, бұл осы қызметтердің сапасына теріс ықпал етеді. Салдарынан халық неғұрлым жедел әрі сапалы қызметтер алу мақсатында жеке медициналық ұйымдарға жүгінуге мәжбүр. Ал жеке клиникалардың қызметтерінің құны мемлекеттік емханалардағыдан 2-3 есе қымбат", – деп атап өтті Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мамандары.

Соған қарамастан, халық жеке емханаларға белсенді жүгінеді.

"Бұл ретте жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар ай сайын ӘМСҚ-ға аударатын ақша қажетке жаратылмайды. Осыған байланысты, халыққа өзінің аталған қордағы әлеуметтік аударымдары мен жарналарын пайдалануға мүмкіндік беру керек. Осы мақсатта қолданыстағы дәрілік заттарға бірлесіп төлеу тетігіне ұқсастырып, медициналық қызметтерге бірлесіп төлеу тетігін енгізу қажет", – деп дәйектеді агенттік.

Осы арқылы медициналық қызметтердің шынайы құны мен ол үшін мемлекет беретін қаржыландыру арасында өтелмей қалатын айырмашылықты халыққа қордағы жарнасы есебінен қосымша төлеуге мүмкіндік беріледі. Бұл медқызметтер бағасының бәсекелестігін дамытады, емханалардың өркен жайып, кеңеюіне оң әсер етеді.

Мысалы, биылғы наурыз айында "Халықтың өмір сүру сапасы" атты әлеуметтік зерттеу жүргізіліпті. Оған 15 жастан асқан 12 мыңға жуық қазақстандық қатысып, жауап берген. Қорытындысында, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қызметтердің сапасына қанағаттанатын адамдардың үлесі небәрі 39,9%-ды құраған. Бірақ 2022 жылғы 34,8%-ға қарағанда шамалы жақсарған. Сонымен қатар қызмет сапасына наразы адамдардың үлесі 6,9%-дан 6,5%-ға дейін сәл төмендеді. Бірақ қазақстандықтардың басым көпшілігі бәрібір жеке емханалардың қызметін қолай көреді.

Дамыған елдерде халықтың медициналық сақтандыруға аударатын жарналарының бір бөлігін өз бетінше жұмсауына рұқсат етіледі. Мысалы, Жапонияда медициналық шығындардың 70%-ын мемлекет көтерсе, қалған 30%-ын сақтандыру жарналары деңгейінде халық қосымша төлейді екен. Балаларға, қарттарға және әлеуметтік осал топтарға арналған қосымша ақы аз.

Австралияда амбулаториялық-емханалық көмек құнының 15%-ын жарнасы есебінен – тұрғындар, 85%-ын МВЅ қаржыландырады. Францияда әдеттегі қосымша ақы – 30%. Ал абсолютті шамада құбылады: мысалы, дәрігерге бару үшін 1 еuro, дәрігердің консультациясына және жекелеген қызметтеріне бір жылға 50 еuro. Ауруханадағы төсек құны күніне 20% немесе 18 еuro. Германияда аурухана төсегінде бір күн жату 5-тен 10 еuro-ға дейін барады. Италияда тар мамандардың кеңестері мен процедуралары үшін 36 еuro, қалғандары үшін 10 еuro. Шұғыл деп саналмайтын жағдайларда жедел жәрдем шақырғаны үшін 25 еuro.

Бұл жерде неғұрлым көп жарна аударатын азаматтардың соғұрлым көп қызмет алуға мүмкіндігі болады. Сондықтан Батыс Еуропаның, Австралияның, Жапонияның, Кореяның халықаралық тәжірибесі көрсеткендей, бірлескен төлем тетігі аясында халық өз жарнасын да үнемді жұмсауға кіріседі. Басыартық медициналық қызметтерді тұтынбайды. Медұйымдардың көрсетпеген қызметін қосып жазбауын да мұқият қадағалайды. Өйткені онда жинаған жарнасын тез түгесіп қояр еді. Бұдан бөлек, адамдардың өз денсаулығына жауапты көзқарасын қалыптастыруға мотивация жасалады.

Әйтпесе, республикада медұйымдардың қосып жазуы апат ауқымына жетті. Оны азайтуға көмектесуге пациенттер негізінен, құлықсыз, аса белсенді емес. Себебі, ӘМСҚ-тағы жарналарынан көп қайтарым байқап отырған жоқ.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасының орынбасары Ілияс Мұхамеджанның айтуынша, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында қормен жұмыс істейтін медұйымдар 1,1 миллион ақауға жол берген, қосып жазған, қызмет құнын еселеп өсіріп көрсеткен. Салыстырсақ, 2022 жылдың 6 айында 21,3 мың дефект қана анықталған.

Мысалы, бір адамның 52 тісін "емдепті". Емхананың 1 қызметкері айына 1 600 емдік массаж "жасапты": бұл күніне 30 минуттық 80 қызмет деген сөз. Осылайша, ол 80 пациентке қызмет көрсету үшін тәулігіне үзіліссіз 40 сағат бойы жұмыс істеген болып шықты.

Ақауға жол берген медұйымдарға қор 8,8 млрд теңге айыппұл салды.

Яғни, медұйымдардың мемлекеттен барынша көп ақша алу үшін қосып жазуымен күрестің жаңа тетіктері қажет. Егер қордағы жарналары мен аударымдарының бір бөлігін өз бетінше жұмсауға рұқсат етілсе, азаматтардың бұл істегі жауапкершілігі мен мүдделілігі де артар еді.

Қынжылтатыны сол, МӘМС жүйесі енгізілгелі Қазақстанда шұғыл госпитализацияның үлесі күрт өсті. Бұл медициналық көмектің халық үшін қолжетімсіз бола түскенін білдірсе керек.  

"Соңғы үш жылда шұғыл госпитализацияның үлесі қатты өсті. Пандемиялы 2020 жылдың өзінде шұғыл емдеуге жатқызылғандардың үлесі 49% болған. 2021 жылы – 53%, 2022 жылы – 55% құрады. 2023 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 62%-ға жетті. Бұл ретте реанимациялық бөлімше жағдайында қарқынды терапияны талап ететін ауыр жағдайдағы пациенттерді емдеуге жатқызу өсуде. Ал бірнеше асқынуларының болуы пациенттің ауруханада орташа болу ұзақтығын және шұғыл көмек көрсетуге байланысты стационарлардың шығындарын едәуір арттырады", – деді ӘМСҚ басқарма төрағасының орынбасары.

Оның тұжырымдауынша, ауруханаға шұғыл емдеу үшін жатқызылатындар санының артуына созылмалы аурулардың шиеленісуі де ықпал етеді (шағымдардың 99,3%-ға дейінгісі). Өйткені халық ол дерттерін емханаларда уақытылы емдете алмайды.

Ал емханалар "динамикалық байқау жөніндегі жоспарды орындамайды".

"Яғни МСАК жүйесі, емханалар негізгі функционалын орындамайды деген қорытынды жасауға болады. Айталық, "Артериялық гипертензия" диагнозы қойылған диспансерлік есепте тұрған пациенттер зерттеулерден жылына бір рет өтуге құқылы. Алайда электрокардиограмманың холтерлік мониторингі, СМАД сияқты зерттеулерден 2020 жылы 4 709 пациент қана өткен, бұл диспансерлік есепте тұрған сырқаттардың жалпы санының: 1,4 миллион адамның 0,34% ғана. 2021 жылы – 6 733 пациент немесе 0,48%-ы, 2022 жылы – небары 1%-ы өте алды. Салдарынан, гипотензиялық дәрілік терапия дұрыс, сапалы таңдалмайды. Қант диабетімен ауыратын науқастарды динамикалық бақылау бойынша да ұқсас жағдай қалыптасты. Салдарынан, диспансерлік есепке алынуға дейін жеткен сырқаттар саны 2020 жылғы 374 мың адамнан 2022 жылы – 425 мың адамға дейін көбейді", – дейді ӘМСҚ басшысының орынбасары Ілияс Мұхамеджан.

Бүйте берсе, әділетсіз медсақтандыру онсыз да аз халқымызды жаппай өлтіріп тынбай ма? Ахуалы ауыр күйде түсетіндер саны бұл қарқынмен арта берсе, "Әділетті Қазақстанда" адам қалмауы ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу