Билік миллиондаған азаматтан 36 мың теңгеден жинамақ

3567

"12 ай алға немесе 12 ай артқа" – ӘМСҚ сақтандырудан тыс қалған азаматтар үшін тосын схема ойлап тапты. 

Билік миллиондаған азаматтан 36 мың теңгеден жинамақ

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жабық ұйымға айналып кеткендей. Қор өзінде қанша триллион теңгенің қордаланғанын жариялауды қойды. Ол соңғы рет тек 2020 жылғы қызметі туралы жылдық есепті және қаржылық есебін жариялады. Сол кездің өзінде қордың жиынтық активі 3,5 триллион теңгеден асыпты.

Ресми мәлімет бойынша, биылғы 2022 жылы мемлекет халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерге 2 триллион теңге жұмсайды. Соның тек 838 миллиард теңгесі ғана МӘМС жүйесінен алынады.

Бұл бір жағынан қарағанда, өте көп сома. Тиісінше, қордың қазынасы едәуір азайып-ақ қалатындай. Бірақ мүлдем олай емес. Себебі мемлекет жұмыс берушілер және азаматтар қорға осынша қаражатты бір жыл ішінде жарна түрінде құяды.

ӘМСҚ биылғы жылдың бірінші тоқсанының, ол түгіл 2021 жылдың толық қорытындысын әлі күнге жарияламады. Дегенмен өткен жылдың тек қаңтар-қараша айларында мемлекеттен және халықтан МӘМС үшін 685 миллиард теңге түсім түсіпті. Бір жыл бұрын жарналар мен аударымдар 550 миллиард теңгені құраған еді.

Сарапшылар биылғы түсім 1,5 триллионға жуықтауы мүмкін деп болжайды.

Өйткені қордың хабарлауынша, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС төлемдері қымбаттады. Атап айтқанда, жұмыс берушілердің аударымдары тағы 1%-ға ұлғайтылды. Осылайша, енді әрбір жұмыс беруші әрбір қызметкерінің жалақысының 3%-ын ұстап, ӘМСҚ-ке аударуға міндетті. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (договор ГПХ) бойынша табыс табатындар өз табысының 2%-ын төлеп тұруға тиіс. Жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатындар, яғни адвокат, нотариус, ЖСО, кәсіби медиаторлар 1 ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 1,4 еселенген иөлшерінің 5%-ын немесе 4 200 теңгеден төлейді.

Өз бетінше төлейтіндер үшін жарна сомасы 3 мың теңгені құрайды (1 ЕТЖ-нің 5%-ы).

"Естеріңізге сала кетейік, бұл қаражат "Азаматтарға арналған үкімет" мемкорпорациясы арқылы Ұлттық банктегі арнайы шотқа түседі. Сол жерден халыққа көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеу үшін МӘМС шеңберінде қордың өнім берушілер базасындағы медициналық ұйымдарға жіберіледі", – деп хабарлады қор.

Бұл ретте осы ылан-ойран қаржыға көрсетілетін медқызмет сапасы жоғары болса, тек қол соғып, қолпаштауға болатын еді. Алайда 2022 жылдың небәрі 3 айында қорға пациенттерден 5,5 мыңнан астам шағым түскен. Бұл – тек қабылданғаны ғана. Әлеуметтік желіде қазақстандықтар ӘМСҚ-ке хабарласу мүмкін болмайтынына шағымданады. Сондай-ақ шағым айтпай, басқа салған қиындыққа үнсіз көнген сырқат қанша. Соның өзінде бұл сала рекорд орнатуда. Басқа бірде бір салада осынша арыз-шағым тасқыны жоқ.

"Биылғы жылдың І тоқсанында әртүрлі байланыс арналары арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 208,5 мың арыз-өтініш келіп түсті. Оның 5,5 мыңнан астамы – медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне байланысты шағымдар. Қорға көбінесе Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының, Ақтөбе, Ақмола облыстары мен Шымкенттің тұрғындары жүгінеді. Қостанай облысының тұрғындары сирек", – деді қордың Заңды және жеке тұлғалармен жұмыс жасау департаментінің директоры Забира Оразалиева.

Пациенттер өз шағымында медициналық көмектің сапасыз көрсетілгеніне, тіпті қор қолдайтын емхана-клиникалардың көмек көрсетуден бас тартқанына, консультациялық-диагностикалық қызметтерді тым ұзақ күтетініне, тар бейінді дәрігерлердің қабылдауына жазылу мүмкін еместігіне шағымданды. Дәрігерлер медқызметтерге жолдама беруден бас тартатын көрінеді. Мемлекет медсақтандыруды енгізіп, денсаулық сақтау саласы ақылы етті. Алайда жұртшылық өңірде қажетті мамандардың сол бойы пайда болмағанына наразы.

"Қор әрбір шағымға егжей-тегжейлі талдау жүргізеді. Біз пациенттерді өз құқықтарын білуге және олар бұзылғанда, жағдайды сол жерде шешуге, бұл үшін алдымен медұйымның өзіндегі Пациенттерге қолдау көрсету қызметіне жүгінуге шақырамыз. Бұл қызметтер барлық емхана мен ауруханада бар. Егер мәселені сол жерде шешу мүмкін болмаса, қорға жүгінуі қажет", – дейді Забира Оразалиева.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігі "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" 2015 жылғы 16 қарашада қабылданған қолданыстағы заңға толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасын әзірлеп шықты. Құжаттың мақсаты біреу – әлі күнге медсақтандыру жүйесінен тыс жүрген миллиондаған адамды соған қосу. Ол үшін ұсынылатын тетік те біреу – бір жылға жарна төлеттіру.

"Тұлғалар МӘМС жүйесіндегі медкөмекке құқық алу үшін қорға жарналарды мынадай тәсілдердің бірімен төлейді: 1) ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақы (ЕТЖ) мөлшерінің 5%-ы мөлшерінде алдағы төленетін 12 айға; 2) ЕТЖ-ның 5%-ы мөлшерінде бұрын төленбеген кезең үшін өткен 12 айға төлейді".

Басқаша айтқанда, "медсақтандырылған" мәртебесін иелену үшін азамат не өткен 12 айдағы берешегін жеңілдікпен өтеуі керек немесе алдағы 12 үшін алдын ала төлем (предоплата) енгізуге тиіс. 2022 жылы ЕТЖ 60 мың теңгеге тең, оның 5%-ы – 3 мың теңге болады. Яғни алдыңғы не алдағы 12 ай үшін жалпы сомасы 36 мың теңге өткізуі қажет.

ДСМ бұл уақытша беріліп отырған мүмкіндік екенін еске салады. Оны сақтандырылмаған азаматтар жүйеге жаңадан кіру немесе оралу үшін 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданып үлгеруі керек. Яғни, аталған заң тек 2025 жылғы желтоқсанға дейін күшінде болады.

Министрліктің түсіндіруінше, бұл заң жобасы Президент Қ. Тоқаевтың "қаралы қаңтар" оқиғаларынан кейін, 2022 жылғы 11 ақпанда Мәжіліс отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспарының 62-тармағында көзделген. Демек қабылданады.

Атап өтетін жайт, қолданыстағы заңнама қазақстандықтарға алдыңғы 12 айға жарна төлеп, "медсақтандырылған" статусын иеленуіне онсыз да мүмкіндік береді. Олай болса, бұл құжаттың жаңалығы неде? Жаңалығы біріншіден, ЕТЖ-ның 5 пайызы көлеміндегі нақты бекітілген соманы енгізуінде. Екіншіден, мәртебе аталған жарнаны енгізгеннен кейін бірден берілуге тиіс. Ал қолданыстағы тәжірибе біраз уақыт күтуді талап етеді.

"МӘМС жүйесіндегі медкөмекке қолжетімділікті арттыру мақсатында дербес төлеушілер үшін жарналарды 12 ай бұрын төлеу жолымен неғұрлым тартымды, баламалы тетікті енгізу ұсынылып отыр. Ол көмек жарналарды төлеген сәттен бастап қолжетімді болады. Айта кету керек, қазір бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеушілерге де МӘМС жүйесінде алдағы 3 үш айға жарна төлеу арқылы медкөмек алу шаралары қарастырылған, бірақ оларға медкөмек осы үш ай өткеннен кейін қолжетімді болатын", – деп мәлім етті ДСМ.

Ведомствоның болжамынша, сақтандырылмаған халықтың шамамен 30%-ы осы тетікті пайдаланады деп күтілуде, тиісінше оларға да медициналық көмек қолжетімді болады.

Бұл науқан қанша миллион халықты қамтуы мүмкін?

"Бүгінгі күні ел бойынша тұрақты табысы жоқ, сонымен бірге жұмыссыз деген әлеуметтік мәртебесі де жоқ 3,3 миллион адам бар. Бұл – халықтың 17,4%-ы. Оның 1,5 миллионы – ауыл халқы. Олардың бәрі МӘМС жүйесінде медициналық көмекке қол жеткізе алмайды. Бұл адамдар ауырып қалған жағдайда ақылы медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр, бұл олардың кедейленуіне әкеп соғады", – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу