Билік МЖӘ жобаларына 775 миллиард теңге шығындамақ

2308

Қазақстанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) енді тек 5 саламен ғана шектеледі.

Билік МЖӘ жобаларына 775 миллиард теңге шығындамақ Фото: canva.com

Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі хабарлап отыр. Олар Әлеуметтік саладағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеп шықты.

Оған сәйкес, бұдан былай мемлекет тек 5 бағыттағы жобаларды жүзеге асыруда бизнес арасынан әріптес таңдайтын болады. Бұларға жоғары білім (негізінен жатақханалар), денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, спорт, оқу-ағарту кіреді.

Жаңа жоспар келесі жылдан басталмақ. Бірақ бюджеттен қаржыландыру негізінен 2026 жылға әрі ысырылады. Нәтижесінде, МЖӘ жобаларына:

  • 2026 жылы – 133 млрд 610,7 млн теңге;
  • 2027 жылы – 92 млрд 34,4 млн теңге;               
  • 2028 жылы – 64 млрд 448,5 млн теңге;
  • 2029 жылы – 57 млрд 592 млн теңге;
  • 2030 жылдан 2034 жылға дейін, жыл сайын – 57 млрд 592 теңгеден;
  • 2037 жылы – 20 млрд 181 млн теңге;
  • 2038 жылы – 3 млрд 613,3 млн теңге жұмсалады.

Бұл ретте жоспарға сәйкес, МЖӘ-ні республикалық бюджеттен қаржыландыру толығымен тоқтатылады. 2029 жылдан кейін бұған жеке инвестициялар да салынбайтыны көрсетілген. Сонда шығыны ондаған миллиардқа баратын қаржыландырудың барлық ауыртпалығы жергілікті бюджетке артылмақ.     

Бизнестен 2026 жылы – 100 млрд 755 млн, 2027 жылы – 40 млрд 675 млн, ал 2028 жылы 10 млрд 469 млн теңге инвестиция тарту көзделген. Одан әрі бүкіл жүкті әр әкімдік өзі арқалайды.

Осылайша, жалпы алғанда, 2026 жылдан 2038 жылға дейін МЖӘ жобаларына жалпы сомасы 774 миллиард 622 млн теңге бағытталады.

Ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қайта жандандыру нәтижесінде, студенттік жатақханаларда орын тапшылығы қазіргі 61 435 төсек-орыннан 2029 жылға қарай 10 195 төсек-орынға дейін азаймақ. Яғни, білім қуған жастар баспанамен бәрібір жүз пайыз қамтылмайды.

Екінші, "Денсаулық сақтау" бағытында МЖӘ жобаларын іске асыру нәтижесінде "денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың тұрақты моделі" құрылады, дегенмен тек 3 өңірде ғана денсаулық сақтау объектілері жаңартылмақ. Жобалар аясында кемінде 100 (жүз) тұрақты жаңа жұмыс орны ашылады.

Үшінші, "Халықты әлеуметтік қорғау" бағыты бойынша оңалту орталықтарындағы төсек-орын тапшылығы 2029 жылға қарай 450 төсек-орынға төмендетіледі. Оңалту орталықтарының ескірген материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Кемінде 200 тұрақты жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Төртінші, "Спорт" бағытында адамдарды спорт қызметтерімен қамтуды кеңейту, спорт залдары мен бассейндердің тапшылығын азайту, спорттық қызметтер көрсету жағдайларын жақсарту және сапасын арттыру, спорт объектілерінің ескірген материалдық-техникалық базасын жаңарту, кемінде 800 тұрақты жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.

Соңғы бесінші "Оқу-ағарту" бағытында МЖӘ арқасында кемінде 2 950 тұрақты жаңа жұмыс орнын құру, жаңа балалар сауықтыру орталықтарын салу және басқа да нақты саны жоқ, жалпылама көрсеткіштер белгіленген.

Экономист Марат Ерғозиннің айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік-жекешелік әріптестік дағдарысқа ұшырады.

"Кейінгі төрт жылда жобалар саны күрт сұйылып кетті. Оның үстіне бұл уақытша емес, тұрақты үрдіске айналды. Мысалы, 2018 жылы 300 МЖӘ жобасына қатысты келісімшарт бекітілсе, 2019 жылы бұл сан 278-ге төмендеді. 2020 жылы 138-ге бір-ақ құлады. 2021 жылы 191-ге сәл өскенімен, былтырғы 2022 жылы оның көрсеткіші 39 шартқа дейін құлдырады. Ал аяқталып қалған 2023 жылы небары 22 ғана МЖӘ шартына қол қойылған. Яғни, бес жыл бұрынғымен салыстырғанда, 14 есеге жуық азайды. Бұл менің ойлап тапқаным емес, "Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығының" ресми мәліметі. Негізі, соның ішінде жүзеге асқан шарттар бұдан да аз болса керек. Өйткені бұл орталық жыл сайын 20-ға дейін МЖӘ шартын біржақты бұзып отырады", – деді экономист-ғалым.

Оның түсіндіруінше, мемлекетпен әріптесу кейінгі кезде бизнес үшін тартымды болмай барады. Тек жатақхана ашу ғана азынаулақ, бірақ тұрақты табыс әкелуі мүмкін.

Бұл тетіктің тартымдылығын жоюына бірнеше себеп бар көрінеді. Біріншіден, сала қатаң реттелген. Тексерушілер жетерлік.

Екіншіден, МЖӘ жобаларына "кіру жарнасы" артты: мемлекет инвесторлардан шығынның үлкен бөлігін өз мойнына алуды талап ете бастады. Бұл дұрыс та: әйтпесе, билікке жақын тұлғалар осы тетіктің көмегімен өздеріне, туыстарына бизнес ашып алып, бюджетке масыл болып отыр.

Бұдан бөлек, Президенттің қатаң сынынан соң МЖӘ жобалары бойынша бюджеттен төленетін төлемдердің барлығы шектеліп, біршама азайтылды.

Бірақ алда төлемдер артатынға ұқсайды. Мысалы, Алматы облысында 150 төсек-орындық оңалту орталығын салу және пайдалану жобасы ұсынылып отыр. Оны тұрғызып, іске қосуға жеке инвестор 2027 жылы – 13,8 миллиард теңге салуы шарт. Мемлекет – 4,7 млрд теңге бөледі. Содан соң 2028–2037 жылдар аралығында облыс әкімдігі оған жергілікті бюджеттен 47 миллиард теңгеден астам төлем аударады. Бұл оңалту орталығының қызметін халыққа қолжетімді ету үшін қажет.

Жалпы, саланың құлдырағанын соған жауаптылар да жасырмайды.

"Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы" АҚ басқарушы директоры Айдос Көбетовтің айтуынша, мысалы, қатты коммуналдық, тұрмыстық қалдықтарды басқару, кәдеге жарату бойынша МЖӘ жобаларының инвестициялық тартымдылығына және халықаралық бай тәжірибенің барлығына қарамастан, Қазақстанда осы салада МЖӘ сол бойы дамымады. Ал бұған барлық жағдай жасалған: салалық заңнама да, нормативтік-құқықтық база да түзілді.

Салдарынан, Қазақстан тура мағынасында былығып жатыр. Бұл экологиялық проблемаларды ушықтырады. Қанша жылдан бері "Оператор РОП" компаниясы елді қанап келді. Соған қарамастан, елде қалдықтарды басқарудың интеграцияланған жүйесі әлі күнге жоқ. Қайта өңдеу үлесі мардымсыз.

Айдос Көбетовтің дерегінше, қатты коммуналдық-тұрмыстық қалдықтардың 97%-ы бақыланбайтын полигондарға және санитарлық стандарттардың талаптарына сай келмейтін қалдықтарды көму орындарына төгілуде.

Орталықтың дерегінше, 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша осы кезге дейін 1 313 МЖӘ жобасы қарастырылған. 1 086 келісімшартқа қол қойылған. Мұның не қайтарым бергенін ел білмейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу