Билік неге Президенттің ұлттық жобаларынан жаппай бас тартуда?

4705

Үкіметтің кезекті трансформациясы кезекті имитациямен аяқталғанға ұқсайды.

Билік неге Президенттің ұлттық жобаларынан жаппай бас тартуда? Фото: egemen.kz

Бұрынғы билік қабылдаған бағдарлама атаулыдан бас тартып, олардың орнына ұлттық жобалар қабылдау – жаңа Президент Қ.Тоқаевтың басты бастамаларының бірі болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында Үкіметке осы бағытта тұңғыш рет жария тапсырма берді.

"Сан алуан көрсеткіштер мен индикаторлардан тұратын мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуді тоқтату қажет. Барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшкен жөн. Негізгі мақсат – жұмыстың барысы емес, нәтижесі болуға тиіс", – деді Қ.Тоқаев.

Әрине, мұндай бетбұрыс мұқият дайындалуды талап етеді. Президент атқарушы билікке даярлануға қажетті уақытты да, қаржылық және басқа да ресурстарды да молынан бөлді.

Осы мақсатта мембағдарламалардың орнына ұлттық жобаларды әзірлеумен айналысатын тұтас орган – Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңес құрылды. Оған Президенттің өзі басшылық етті.

Ол аз болса, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылды. Оның тізгіні сол кезде биліктің әмбебап әрі супермегаменеджері саналған, Астана қаржы орталығының басқарушысы лауазымын қоса атқарған Қайрат Келімбетовке берілді.

Осы Жоғарғы кеңестің 2021 жылғы 1 шілдедегі отырысында Мемлекет басшысы ұлттық жобалардың ұсынылған тізімін мақұлдады және Үкімет пен аталған агенттікке сол жылғы 15 тамызға дейін барлық келісімнен өткен, нақтыланған, қаржыландырумен толық қамтылған ақырғы мәтіндерін өз қарауына енгізуді жүктеді.

Бірақ Қ.Тоқаев "Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы" жарлыққа тек 2021 жылғы 13 қазанда ғана қол қойды.

Мемлекет басшысы бекіткен ұлттық жобалар тізбесіне "Дені сау ұлт" әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау"; "Білімді ұлт" сапалы білім беру"; "Ұлттық рухани жаңғыру"; "Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс"; Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба; "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері"; "Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу"; "Жасыл Қазақстан"; Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба және "Қауіпсіз ел" ұлттық жобасы кірді.

Енді ел Үкіметі осы ұлттық жобаларды бірінен соң бірін жоюға кірісті. Inbusiness.kz осының алдында "Ұлттық рухани жаңғыру" жобасының күшін жоятын Үкімет қаулысының жобасы талқылауға шығарылғанын жазды.

Өзге ұлттық жобалар да соның жолын құшпақ. Денсаулық сақтау министрлігі ""Дені сау ұлт" әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау" ұлттық жобасын бекіту туралы" ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №725 қаулысының күші жойылды деп тану туралы" Үкімет қаулысының жобасын ел назарына ұсынды.

Оқу-ағарту министрлігі "Білімді ұлт" сапалы білім беру" ұлттық жобасын бекіту туралы" ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №726 қаулысының күші жойылды деп тану туралы" Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Өзге министрліктер де ұқсас құжаттарды дайындап жатыр.

Бұған не себеп?

Жоғары аудиторлық палатасының төрайымы Наталья Годунова бұған созылмалы дерттей бұрыннан билікпен бірге келе жатқан "негізгі жүйелі проблемалар" айыпты деп санайды. 

Фото: gov.kz

"Біз бюджеттің әрбір шығысын алға қойылған жалпыұлттық мақсаттармен нақты байланыстыруға үйренуге тиіс едік. Ол мақсаттар министрліктердің даму жоспарларында немесе ұлттық жобаларда көрсетілген. Өкінішке қарай, мемлекеттік бағдарламаларды жинақы, халыққа ұғынықты құжаттарға қайта форматтау сол бойы толыққанды жүзеге аспады. Сол бұрынғыдай индикаторлардың, көрсеткіштердің түсініксіз, оралымсыз жүйесі қолданылуда. Олар әу бастан жете пысықталмаған, шикі болды, соның кесірінен жиі түзетулерге ұшырауда. Салдарынан ұлттық жобаларды әзірлеп, бекіткеніне 2 жыл өтпей жатып, Үкімет олардың күшін жоюға қоюда. Ондағы нысаналы көрсеткіштер орындалды деген себеп алға тартылды. Шынында, нәтижелер нашар", – деді Жоғары аудиторлық палатаның төрайымы.

Н.Годунованың айтуынша, ұлттық жобалар аясында мысалы, жұмыс орындары қағаз жүзінде құрылып тасталды, бірақ жұмыссыздар салмақты азаймады. Енді Еңбек министрлігі жұмыссыздықтың салмақты артатынын болжап отыр.

Жоғары аудиторлық палатаның басшысы ұлттық жобаларда халықтың өмір сапасын өзгертетін нақты ақырғы көрсеткіштер жоқтың қасы екеніне назар аудартты. ЖІӨ өседі, триллиондар шығындалады, мыңдаған шақырым жол салынады. Ал халық содан жақсы өмір сүріп кетті ме? Үкімет жаңа жол салса, оны ақылы етеді. Әкімдер тақтайдай түзу жолды жылда күреп тастап, жаңа асфальт төсеумен әуре.

Н.Годунова Мемлекет басшысының тапсырмасымен бизнесті микроқаржыландыру, субсидиялау, халықтың табысын арттыру жобалары жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Дегенмен, қазақстандықтардың тұрмысы төмендеді, ел кредит берешегіне батуда.

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежановтың айтуынша, шынында, талдау қорытындысы Қазақстанда Президент айтқандай, "жалпы мемлекеттік бағдарламалардың ұлттық жобаларға толыққанды трансформациясы өткен екі жылда іс жүзінде толыққанды жүзеге аспағанын" көрсетті.

Фото: almaty.tv
 "Атап айтсақ, ұлттық жобалардың тиімділігін бағалау қорытындысында, 9 ұлттық жобаның басым көпшілігінің – жетеуінің тиімділігі төмен болып шықты. Ал олар толығымен қаржыландырылған. Тағы бір сорақысы сол, тек 1 ғана жыл ішінде олардың іс-шараларына да, сондай-ақ қаржы көлеміне де 189 түзету енгізілген. Яғни, бұл стратегиялық және бюджеттік жоспарлау арасында тиісті өзара байланыстың жоқ екенін паш етті", – деді С.Мәкежанов.

Мәселен, кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жоба аясында 8,5 триллион теңге немесе 83 пайызы тек туризм саласындағы жобаларды қолдауға бағытталыпты. Өзге кәсіпкерлікті қаржыландыру шараларының үлесі 8 пайыздан аспаған. Бұл ретте туризмді дамыту саласында соңғы 12 жылда 5 бағдарлама қабылданды. Одан май шықты ма? Туризм саласы елге көп табыс әкелетін секторға айналды ма? Туризмнің еліміздің жалпы ішкі өніміндегі үлесі – небары 2 пайыздан асатын емес.

"Дені сау ұлт" әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау" ұлттық жобасы жойылғалы тұр. Сенатор Ольга Булавкина оны екі жыл жүзеге асырудан не нәтиже шыққаны белгісіз деп отыр. 

Фото: kazpravda.kz

"О баста міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізгенде, оның басты мақсаты медициналық қызметтерді халыққа қолжетімді ету және сапасын арттыру болатыны баса айтылды. Алайда бүгінде Әлеуметтік медсақтандыру қоры өзін негізінен қаржылық оператор ретінде ұсынып жүр. Ұлттық жоба аясында да, МӘМС аясында да Қазақстанда медициналық қызметтердің сапасы айтарлықтай жақсарған жоқ, ең бастысы, ол бұқараға қолжетімді болмады. Бұған халықтың шағымдарының еселеп артуы дәлел. Азаматтардың ынтымақты жауапкершілігін енгізу есебінен мемлекетке түсетін ауыртпалық азайтылады делінді. Ынтымақты жауапкершілік енгізілді, жүктеме, яғни мемлекеттің шығыны да күрт, екі есе артты", – деді депутат.

Экономист Мұрат Темірханов мембағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялаудың не үшін қажет болғаны түсініксіз дейді. Құжаттың қалай жазылғаны емес, қалай орындалғаны бірінші кезекте маңызға ие.

Оның үстіне мембағдарламаларға қарағанда, ұлттық жобалардың кемшілігі көп екен. Мысалы, бағдарламаларда жаман-жақсы болсын, нақты бір саладағы мемлекеттің саясаты егжей-тегжейлі ашып көрсетілетін. Салада қалыптасқан жағдайға талдау берілетін. Әлемдегі озық тәжірибелер сипатталатын. Бұрын қол жеткізілген жетістіктер мен жол берілген олқылықтар көрсетілетін. Тек содан соң осыларды қорыта келе, нақты мақсаттар мен міндеттер белгіленетін.

Ал ұлттық жобалар тек құжынаған цифрлардан ғана тұрады. Ондағы нысаналы индикаторлардың, түпкі мақсаттардың неге сүйенгенін, қайдан алынғанын былайғы халық түгіл, сарапшылар түсіне алмайды.

Айталық, бүгінде күшін жоюға ұсынылып отырған "Білімді ұлт" сапалы білім беру" ұлттық жобасында 2025 жылға дейін Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша екі өңірлік ЖОО-ны құру міндеті белгіленді. Бұған 30 миллиард теңге бөлінген. Қазақстанда құрылған өзге Назарбаев университеттері қайда?

Экономист бағдарламаларға қарағанда ұлттық жобалар бюджетке аса қымбатқа түскенін айтады: олардың бәрінде бюджеттік қаржыландыру көлемі өсірілді.

Президенттік ұлттық жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде сол салаларда терең, түбегейлі реформалар жүргізілген жоқ. Енді ұлттық жобалар жойыла салса, оның аясында босқа шашылған ел қаржысының талан-тараж болуына ешкім жауап бермеуі мүмкін

Сарапшылардың байламынша, "мембағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау – елдегі реформалардың имитациясына айналды". Тек ол көзбояушылық елге тым қымбатқа түсіп тұр. Қаржылық қана емес, онсыз да аз адами ресурстар екі жыл өтпей жойыла салынатын зая іске босқа рәсуаланды. Одан экономика да дамып кетпеді, халықтың әлеуметтік проблемалары да түпкілікті шешімін таппады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу