Билік титықтату мен тентірету тетігін іске қоспақ

12852

Қаржы министрлігінің бастамасына бизнес үдере қарсы шығуда. 

Билік титықтату мен тентірету тетігін іске қоспақ

Кез келген кәсіпкер түсіне кірсе, шошып оянатын бір жайт бар, ол – салықтық тексеру. Егер мұндай тексеріс басталса, оның қорытындысында бизнесмен міндетті түрде шығынға отырады: не пара беруі, не миллиондаған қосымша салық төлеуі қажет.

Оның үстіне "ревизорлар" кәсіпорынды жата-жастана, емен-жай тексереді. Мысалы, белгілі бизнесмен Төлеген Жұманов Салық кодексінің 146-бабында салықтық тексеруді өткізу мерзімі 30 жұмыс күнінен аспауға тиістігі атап өтілгеніне назар аудартады. Дегенмен, уәкілетті орган ол мерзімді 180 күнге дейін ұзарта алады.

"Оның үстіне хронометраждық тексеру жұмыстан тыс уақытта да, яғни түнде, не демалыс, мереке күндері жүргізіле береді. Осы орайда 30 жұмыс күні деген ұғымды салықшылардың қалай түсінетіні белгісіз. Мысалы, ЖШС-ымызды тексеру былтырғы 24 қыркүйекте басталды. Содан 29 қазанда тәмамдалуға тиіс болатын. Алайда 4 қарашаға дейін созылды. Осы уақыт бойы меморган қызметкерлері сенбі күндері де ЖШС-да жүріп алды, тексерілетін деректерді тіркеумен, хронометраждық карталарды толтырумен болды", – дейді бизнесмен.  

Жалпы, Қазақстанда Президент бастамасымен 2020 жылғы қаңтардан бастап шағын және микробизнесті тексеруге мораторий енгізіліп, 3 жылға оған тыйым салынды. Енді Қаржы министрлігі рұқсат етілетін салықтық тексерістер тізімін кеңейтуді ұсынып отыр.

"Біз тексерудің кейбір түрін мораторийден алып тастауға қарсымыз! Неге? Өйткені бұл шағын кәсіпкерлік нысандарына түсетін жүктеменің айтарлықтай артуына соқтырады. Бұл ұстаным Мемлекет басшысының тексерулерге мораторий енгізу туралы тапсырмасын абыройсыздыққа ұшыратады. Мораторий ешқандай шектеулермен құрсауланбауға тиіс, әйтпесе бизнес мораторийдің игілігін, бақылаудың әлсірегенін сезбейді", – дейді кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов.

Оның айтуынша, 2019 жылғы 29 желтоқсандағы жарлық онсыз да салық органдарына бірқатар жеңілдік берді: тақырыптық, қарсы тексерулер, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушыларды тексерулер мораторийге ілікпей қалды.

Қаржы министрлігінің тұжырымдауынша, 2020 жылы кәсіпкерлердің 60%-ы 2019 жылға қарағанда табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұған тексерудің тоқтауы себеп болуы мүмкін. Салдарынан, бюджет біраз салықтан қағылды.

Омбудсмен мұны – бұрыс байлам деп есептейді.

"Шынында, кәсіпкерлердің табысты азайтып көрсетуіне бүкіл елімізді қамтыған төтенше жағдайға байланысты 2020 жылғы 16 наурыздан 15 сәуір аралығында барлық дерлік бизнес нысанының толық жабылуы негіз болды. Ал жұмыс істегендердің өзі уақыт және қабылдайтын клиенттер саны бойынша шектелді. Карантин шараларын сақтау мақсатында олар ары қарай қосымша шығын шегуде. Кәсіпкерлердің бір бөлігі әлі күнге дейін өз жұмысына кіріскен жоқ", – деді бизнес-омбудсмен.

Ол тағы бір жайтқа назар аудартты: кәсіпкерлер табысының құлдырауына сондай-ақ халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі ықпал етті. Дағдарыс пен девальвация көптеген қазақстандықтың тұрмысын нашарлатты.

"Салықтың төмендеуіне дәл осылар себепші. Әйтпесе, бизнесмендер табысын жасанды түрде төмендетіп, салықшылардың қырына ілігуді қаламайды. Біз бұған дейін өз ескертпелерімізді Қаржы министрлігіне жолдадық. Бірақ оларды ескерусіз қалдырды. Сондықтан мен Президент әкімшілігіне тиісті үндеу әзірледім", – деді Р.Жүрсінов.

Әзірше әртүрлі сылтаулармен кәсіпкерлерді тексеру жалғасуда. Қостанайлық кәсіпкер Аслан Тұяқбаев "Электронды Үкімет" порталындағы жеке кабинетіне мемкірістер басқармасынан камералдық бақылау жүргізілетіні туралы хабарлама түскенін айтады.

"Бұған менің "жалдамалы жұмысшыларым және олардың аударымдары туралы есеп тапсырмауым" себеп болыпты. Мен ол есепті неменеге тапсырам? Менде ешқандай жұмысшы жоқ. ИП-імде жалғыз мен ғана! Содан дереу салық органына хабарласып, орындаушыны тауып алдым. Әңгімелесу кезінде мән-жайды түсіндіре келе, оның неге сүйене отырып, менде жалдамалы жұмысшылар бар деген байламға келгенін сұрадым. Оның айтуынша, министрліктен тапсырма түсіпті, оған сәйкес, егер ИП-ның айналымы айына 5 миллион теңгеден асса, онда тексеру жүргізу керек. Өйткені жалғыз адам бір өзі жүгіріп, сонша табыс таба алмайды-мыс. Бәрін түсіндіргендей болғам, ертесіне салық органынан қайта хабарласып тұр. Ұсақ бизнесті 3 жыл тексермейміз дегені қайда? Әлде мұның артында пара дәмету тұр ма, білмедім", – деп қайран қалады кәсіпкер. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу