Билік Желтоқсан жастарына қарсы "дружинниктерді" қалай айдап салды?

2634

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде жастарды "тәртіпке келтіру" үшін кәсіпорындар 10 500 "дружинникті" көшеге шығарған. 

Билік Желтоқсан жастарына қарсы "дружинниктерді" қалай айдап салды?

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде жастарды "тәртіпке келтіру" үшін ұйымдастырылған "дружинниктердің әрекеті мен табиғатына әлі нақты баға берілген жоқ, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Тәуелсіздік тойының қарсаңында ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты, "Қазақ тілі" қоғамының президенті Берік Әбдіғалиұлы құрастырған "Желтоқсан. 1986. Декабрь. Документальная хроника" атты жинақ оқырманға жол тартқан болатын.

Аты айтып тұрғандай, 872 беттен тұратын деректі жинақ орыс тілінде құрастырылған. Өйткені Желтоқсан көтерілісіне қатысты құжаттың бәрі сол кезде орыс тілінде жүргізілген. Inbusiness.kz осы кітаптағы ереуілді басуға тартылған жұмысшы жасақтар – "дружинниктер" туралы материалдарға шолу ұсынады.

Аталған кітаптың ІІ бөлімінде Қазақ КСР Жоғар Кеңес Президиумының 1986 жылы Алматы қаласы мен Қазақстанның басқа да облыстарында болған Желтоқсан оқиғасына түпкілікті баға беру жөніндегі комиссияның материалдары топтастырылған. Сол бөлімде "Жұмысшы жасақтардың әрекеті" деген материал берілген. (1989 жылдың 28 шілдесінде құрылған бұл комиссияны әйгілі Мұхтар Шахановтың басқарғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі).

"Жасақтарды қалыптастыруға М.С. Меңдібаев тікелей жауап берді. Оған қалалық комитеттің бірінші хатшысы Г.В. Шулико, қалалық комитеттің бөлім меңгерушісі А.В. Хмызов, аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары: Мәскеу ауданынан – Ю.А. Ежков, Октябрьден – Ю.А. Мещеряков және басқа да партия мен совет жұмысшылары белсенді көмектесті", – деп басталады ол құжат.

Мұндағы М.С. Меңдібаев – сол кездегі Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Марат Сәмиұлы Меңдібаев.

Құжатта жұмысшы жасақтардың алдына қаладағы зергерлік дүкендер мен банктерді, почта мен телеграфты күзету тапсырылмағаны баса айтылған.

"Оларды партия ғимараттарын күзетіп, алаң мен көшелерді қоршауға алу үшін шығарды. Орталық комитеттің Бюро мәжілісінде Колбин: "Мәлім етуім керек – Алматы қалалық комитетінің ғимаратына шабуыл жасалды, басып алмақ болды" деген мәлімдеме жасайды. Бұл мәлімдеме шындыққа сәйкеспейді. Қалалық ішкі істер басқармасының жедел мәліметтерінде бірде-бір ғимаратқа, соның ішінде партия ғимараттарына шабуыл жасалғаны туралы дерек жоқ. Мұны жауап алынған жасақ мүшелері де растап отыр. Орталық комитет ғимаратын басып алу қаупі болмаған. Меңдібаевтың өзі Орталық комитет ғимаратын басып алу қаупі туралы уәж тым әсіреленген деп есептейді", – делінген құжатта.

Әрі қарай материалда жұмысшы жасақтардың арматура, кабель, темір түтік (труба – ред), шынжыр, таяқ және басқа да құралдармен қаруланғаны, бұл қарудың бәрі қаладағы зауыттарда дайындалып, қалалық және аудандық партия комитеттерінде жасақтарға таратылғаны айтылады. Оқиғаның дәл осылай өрбігенін жауап алынған жасақ мүшелері де, кәсіпорын басшылары да растаған.

"Мәскеу аудандық депутаттар кеңесінің атқарушы комитет төрағасы К.К. Кушегенов Комиссияға Мәскеу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ю.А. Ежковтың тікелей нұсқауы бойынша аудандағы кәсіпорындардан жиналған 500 адам темір шыбықтармен, арматурамен қаруландырылғанын айтты. Бұл фактіні Б. Бекмұратов, А. Ищмухамбетов, К. Курпебаев және басқалар растады", – делінген материалда.

Ал Алматы электр техникалық зауыттың директоры Э.К. Кадыржанов Комиссияға Октябрь аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ю.А. Мещеряковтың нұсқауы бойынша 1986 жылдың 17 желтоқсан күні алаңға қолдарына таяқ, темір шыбық пен арматура ұстаған 200 зауыт жұмысшысы жөнелтілгенін айтқан.

Қазір шетелдегі қазақтарды қолдау үшін құрылған "Отандастар" қорының президенті болып жүрген, бұған дейін Сыртқы істер министрінің орынбасары, Қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Ресейдегі Қазақстан Елшісі сияқты жоғары лауазымдарда қызмет істеген Нұртай Әбіқаевтың да осыған ұқсас жауабы бар.

"Ол кезде мен Фрунзе аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істейтінмін. Бүкіл аудандық партия комитетін Орталық комитет жинап алған болатын. 18 желтоқсан күні сағат 16:00-де Орталық комитеттен аудандық комитетке келдім. Келген бойда маған аудандық атқару комитетінің төрағасы жолдас В.А. Долженков қалалық комитеттен (жолдас Шулико) Щекот және Мирошхин жолдастардың атын атап, жұмысшылар жасағын бұзықтардан қорғану үшін таяқпен және өзге де құралдармен қаруландыру туралы тапсырма бергенін айтты. Мен істің бұлай өрбуімен келіспедім және аудандық партия комитеті ғимаратының алдында тұрған "дружинниктерге" шықтым да қарулану туралы айтудың өзі артық екенін ескертіп, қолына қандай да бір зат алып үлгергендер болса, бірден тастауларын сұрадым. Жиналғандардың оған деген көзқарасы негізінен қалыпты болды. Оқиғаның әрі қарай қалай өрбігенін таразыласам, дұрыс істеген екенмін", – деп жауап берген ол 1990 жылы 4 қыркүйекте Комиссия мүшелерінің сұрақтарына.

Дегенмен 18-19 желтоқсан күндері тағы 1 500 қаруланған жасақ көшелерді қоршап, патрульдеуге шығарылған. Бұл істен бүкіл деңгейдегі басшылар хабардар болған.

Материалда "дружинниктердің" қолына қару ұстату туралы бұйрық, нұсқаулардың партия басшыларының аузынан шыққанын айғақтайтын деректер көп берілген. Мысалы, Алматы облысының Мемлекеттік қауіпсіздік (КГБ-ред.) басқармасының бұрынғы бастығы полковник Т. Айжулов пен қалалық партия комитетінің әкімшілік органдар бөлімінің меңгерушісі Т.Р. Мустафаев зауыттарға "дружинниктер" ұстайтын қару дайындау туралы пәрмен қалалық партия комитетінің бөлім меңгерушісі А. Хмызовтан түскенін айтқан.

Комиссия мүшелері деректерді тізе келіп, Нұртай Әбіқаевтан басқа аудандық партия комитеттеріндегі бірде бір басшының мұндай заңсыз нұсқауға қарсы тұрмағанына қынжылыс білдірген.

"Қаладағы әрбір аудандық партия комитетіне 2 000 адамнан жасақ дайындау туралы нұсқау берілген. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасының басшылары В.М. Мирошник пен Л.А. Терентьев Комиссияға жауап берген кезде қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Шулико мен Колбинге мұндай акцияға жол беруге болмайтынын айтқандарын, бірақ олардың құлақ аспағанын айтты", – деп жазылған материалда.

"Дружинниктердің" еркінсігені сонша, ереуілшілермен бірге көшеде кездейсоқ өтіп бара жатқан немесе аялдамада, жатақхана ауласында тұрған адамдарды жабылып ұратын болған. Ал жоғары жаққа есеп беріп, БАҚ арқылы Алматыдағы жағдайдан хабар тарату кезінде мұндай оқиғалардың тонын айналдырып баяндап отырған.

"Жаппай ұрып-соғу әрекеттерін ақтап алу үшін жұмысшы жасақтардан тәркіленген металл істіктер, кабель мен түтік кесінділерін, арматураларды суретке түсіріп алып, жалпы жұртқа, жоғарыдағы басшылыққа, сот процестері кезінде ереуілшілердің қаруы етіп сипаттады", – делінген комиссияның дерегінде.

Бұл бара-бара ереуілшілер мен оларды "тәртіпке салушылардың" арасындағы қақтығыс деңгейінен өтіп, орыстар мен қазақ жастары арасындағы ұлтаралық шайқасқа ұласқан еді. Зауыттарда қазақтар өте сирек жұмыс істейтін. Сондықтан Колбин о баста "дружинниктерді" жергілікті ұлт өкілдерінен жасақтауды тапсырғанымен, бұл мүмкін болмады. Комиссия жауап алған кезде Мемлекеттік қауіпсіздік комитет (КГБ) өкілдері Колбинге бұл ұлтаралық егеске апаратыны айтылғанымен құлақ аспады деп ақталған. Ал Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің екінші хатшысы болған Мирошкин Комиссия мүшелеріне жауап бере отырып, бұл бассыздықты "ұлттық сипат бойынша адам аулау басталып кетті" деп еске алған.

Ұлтаралық өшпенділіктің өршуі салдарынан Мырзағұл Тәжіғұлұлы Әбдіқұлов А.А. Арестов деген автобус жүргізушісін пышқтап өлтірген. Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін сотталған 103 адамның ішінде осы Мырзағұл Әбдіқұлов әлі ақталған жоқ.

Бұл оқиғаны Мырзағұл Әбдіқұловтың өзі былай баяндайды:

"Автобуста екі орыстың жігіті отырған, солардың біреуі қағазға оралған темір құралдарын шығара бастады. Мұның бәрін мен көріп отырмын, олар мені аңдып, ұстауға дайындалып шыққан екен. Автобустың ішінде төбелес басталып кетті, олардың біреуі менің бет-аузымды жарақаттағаннан кейін мен екіншісіне пышақ сұғып алып, қашып кеттім. 20 минуттан кейін ұсталып қалдым, милициялар мені ұстап алып, ұрып-соғып, мойныма 9 статья іліп қойды. Мен адам өлтіргенімді және неге өлтіргенімді мойындадым. Олардың сөздері маған батып кетті, сол үшін өлтірдім деп шынымды айттым, тағы осындай сөз айтатындар болса, ешкімді аямаймын деп, прокурордың бетіне де түкіріп жібердім. Бұған қоса маған "алаңға барып, тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деген айып тағылған және қалтама анаша салып жіберген", – деген Азаттық радиосына" берген сұхбатында.

 

Желтоқсаншы Мырзақұл Әбдіқұлов. 2008 жыл (сурет azattyq.org сайтынан алынды).

Материалың басында аты аталған Марат Меңдібаев 1993 жылдың 7 сәуірінде ҚР Конституциялық сотына жазған түсініктемесінде аталған жазалау акциясына ешқандай қатысы болмағанын, Колбин бүкіл шешімді КОКП орталық комитетінен Алматыға арнайы келген Соломенцев және Разумовский жолдастармен ғана ақылдасып қабылдағанын баяндайды.

Ал КСРО Прокуратурасының 1990 жылдың 15 ақпанында берген анықтамасы бойынша "дружинниктерді" және Қазақстанның өзге өңірлерінен әскер шақыру КСРО Ішкі істер министрінің орынбасары Б.К. Елисов басқаратын Жедел штабтың рұқсатымен жасалған айтылады.

"Б.К. Елисовтың нұсқауы бойынша Алматыға елдің басқа өңірлерінен ішкі әскердің арнайы жабдықталған 1 724 жауынгері алдырылды. Қаладағы милиция мен ішкі әскер өкілдерінің жалпы саны 5,5 мыңға дейін Совет Армиясының әскери училище курсанттарын қосқанда 7 618-ге дейін жетті. Одан бөлек кәсіпорындар мен ұйымдар 10 мың "дружинник" пен жұмысшы жіберді", – деп жазылған Прокуратура түсіндірмесінде.

 

КСРО Ішкі істер министрінің орынбасары болған Борис Кузьмич Елисов

Кітаптың бірінші бөліміндегі ресми құжаттардың ішінде "Алматы қаласындағы кәсіпорындар мен ұйымдардың бір топ жұмысшыларын Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен және грамотасымен марапаттау" дейтін Қазақстан компартиясы Орталық комитенінің құжаты басылған.

"Қазақстан компартиясының Алматы обкомы Алматы қаласындағы қоғамға қарсы жат көріністердің жолын кесу кезінде көзге түскен Алматы қаласындағы кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысшы топтарын Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен және грамотасымен марапаттау туралы ұсыныс енгізді (тізім қоса беріліп отыр).

Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің әкімшілік органдар бөлімі осы ұсынысты қолдайды және қарауға енгізеді", – делінген бөлім меңгерушісі В. Ефимовтың қолы қойылған құжатта.

Қоса берілген тізімде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен 15 адамның, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің жай грамотасымен 30 адамның деректері көрсетілген. 

Уақыт айнымалы ғой. Арада 5 жыл өткенде тарих таразысы кері аунап, кешегі "маскүнем", "нашақор", "бүлікшіл", "әсіре ұлтшыл" жастар қаһарманға айналды. Ал соларды сойылдың астына алып, ұлтаралық татулықта өмір сүрудің ережесін үйреткен "дружинниктердің" әрекетіне лағынет айтылды. Иә, лағынет айтылды. Одан арғыны қозғауға елең-алаң шақта тәуелсіздігін алудан үміттеніп отырған қазақ жұртының жігері де, мұрсаты да болмады. Қазір де құлықты боп отырғаны шамалы...

1991 жылдың 26 желтоқсаны. Сол тұстағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Серікболсын Әбділдиннің қолы қойылған Қаулысы шықты. Бұл қаулы аталмыш органның 1987 жылғы бірнеше жарлығының күшін жоюды көздеді. Ол жарлықтардың ішінде "Алматы қаласының ерікті халық жасақтарының мүшелерін "Қоғамдық тәртіп күзетіндегі үздік жұмысы үшін" медалімен марапаттау туралы" 9 қаңтардағы Жарлық және "Қазақ КСР кәсіпорындары мен ұйымдарының жұмысшы топтарын "Қоғамдық тәртіп күзетіндегі үздік жұмысы үшін" медалімен марапаттау туралы" 29 қаңтардағы Жарлық бар.

Бұл құжаттан "дружинниктердің" тек Алматыда ғана емес, елдің басқа өңірлерінде де "тәртіп орнатуға" тартылғанын аңғаруға болады.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу