Білім басқармасындағылар балабақша басшысын қорқытып, орындарды қысқартып тастаған

524

Шымкент қаласы білім басқармасы жыл басында шаһардағы жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыспен берген орындарын қысқартып жатыр.

Білім басқармасындағылар балабақша басшысын қорқытып, орындарды қысқартып тастаған

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлік палатасының Шымкент филиалы ғимаратында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға келген қаладағы "Алладин" балабақшасының қожайыны Салтанат Ибрагимованың айтуынша, Шымкент қаласы білім басқармасындағылар балаларға  мемлекет тарапынан бөлінетін орын санын қысқартып, қаржысын өтеуде қиындықтар туғызып жатыр екен.

Нақтырақ айтқанда, жыл басында "Алладинге" басқарма тарапынан 61 балаға мемлекеттік тапсырыспен орын беріледі. Алайда,  білім басқармасындағылар 14 мамырда ол орындарды 10 балаға қысқартып, бөбекжайда әлгі 61-ден 51 орын қалған. Ал, мамыр айының соңына дейін ондағы бала саны 55-ке жетеді.

"Ата-аналар жолдама алады. Сосын ол жолдамамен маған келеді. Мен электронды түрде баланы балабақшаға қабылдаймын. Осының арқасында 15 мен 31 мамыр аралығында мендегі балалар саны 55-ке жетті. Біздегі білім басқармасы 4 маусым күні менің мемлекеттік орындарға лимитімді  51 балаға қысқартады. Бірақ, олардың жүйесі бойынша мен де 55 бала бар. Осының салдарынан мемлекеттік орынға ие болған балалар зардап шегіп отыр. Олар маған лимит 51 балаға берілген деп жазып, менің табелімді қабылдамай жатыр. Бухгалтер маған табелімді қайтарып, 4 балаға себепсіз келмеген деп белгі қойыңыз дейді. Яғни, 4 баланы шығарып тастады. Мен өз ақшамды ала алар емеспін. Сәуір айына берілетін төлемнің 25 пайызын және мамыр айындағы ақшамды ала алмадым. Маусым айына да ала алмайтын түрім бар",– дейді "Алладин" балабақшасының иесі Салтанат Ибрагимова.

4 баланың қаржысынан қағылған, балабақша қазір қызметкерлеріне жалақы төлеп, еңбек демалысына жібере алмай отырғанға ұқсайды. Оның үстіне ай сайын 510 мың теңге несие де төлейді екен. Айтуынша, Шымкент қаласы білім басқармасына мемлекеттік тапсырыстағы орындардың қысқару себебін сұрап хат жолдаған. Алайда 20 күннен бері  жауап келмепті. Ал телефон арқылы байланысқа шықса, "біз сізбен алдағы уақытта жұмыс істемейміз. Сіз бұдан былай мемлекеттік тапсырыс бойынша бірде-бір орын  алмайсыз",– деп қорқытады екен. 

"Алладинге" қатысты мониторинг жүргізілді. Ақпан, наурыз айында  бхгалтерия үш айдың табелін қарады. Үш айда бұл балабақша табелді 47 баламен толлтырған. Жалғыз Алладин емес, басқа балабақшаларда да сондай жағдай орын алған кезде, қаржыландыру тоқтатылған. Арғы жағын білмеймін. Мен де тек оқу процесі болғаннан кейін қаржыландыруға жауап бере алмаймын",– деді отырысқа келген Шымкент қаласы білім басқармасының өкілі Перизат Бектаева. 

Осы тұста "Мектепке дейінгі ұйымдар" ассоциациясы Шымкент қалалық филиалының директоры Диана Караманова әңгімеге араласты. 

"Менің бұл жағдайдан хабарым бар. Бізді тәуелсіз  сарапшылар тобы ретінде мониторингке бірнеше рет жіберген. Шындығында сонша баланың бар-жоқтығын анықтауға барған болатынбыз. Біз екі рет барып, екеуінде де балалардың бар екенін көріп қайттық. Бірақ, біздің мониторингімізге қарамастан, балабақшадан мемлекеттік орындарды алудың себебін, берілген орындар толтырылмаған деп түсіндіреді. Яғни, біз сіздерге арнайы орындар бердік. Сіздер ол орындарды толтыра алмай отырсыздар. Сондықтан алып жатырмыз дейді. Мен оларға бос орындардың уақытша екенін айтып келемін. Балабақша деген әрдайым қозғалыста болатын мекеме. Бүгін ол орын бос болғанымен, ертең бала келуі мүмкін. Бірақ, менің сөзіме құлақ аспаған секілді. Орындарынан айырылып жатқан балабақшалар бізде көп болды. Бірақ, біз қарсылық танытып, ассоциацияға мүше балабақшалардағы орындарды алып қалдық. Ал, бізге арыздана алмағандардың орнын алып қойды",– дейді ол.

Жиын соңында Шымкент қаласы кәсіпкерлік палатасы білім басқармасы мен кәсіпкерді кездестіріп ортақ  мәмілеге келуге шақырмақ. Екі жақ келісе алмаған жағдайда, кәсіпкердің сотқа арыздануына құқықтық кеңес беріп, қолдау көрсету жөнінде қарар қабылдады.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу