Білім "майданында" қазақша мектептер үшін күрес жүруде

18461

Жас ұрпаққа білім беру тіліне қатысты ата-аналар екіге жарылды.

Білім "майданында" қазақша мектептер үшін күрес жүруде

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметіне жүгінсек, Қазақстанда 3,5 миллионнан астам оқушы бар. Егер ұлттық құрамына үңілсек, шәкірттердің басым көпшілігі, нақтылай айтқанда, 2 миллион 650 мыңнан астамы – қазақтар. 403 мыңдайы – орыстар, 141 мыңдайы – өзбектер, 55,6 мыңы – ұйғырлар, 31,4 мыңы – украиндер, 29 мыңы – немістер, 25,3 мыңы – әзербайжандар, деп жазады Inbusiness.kz.

Орысша білім алатын оқушылар саны миллионнан асты

Өкінішке қарай, қазақ балаларының көбі қазақ тілінде білім алмайды. Мұны да статистикадан анық аңғарамыз. Қазіргі кезде, 2020–2021 оқу жылының нәтижесінде елімізде жалпы саны 7 440 мектеп жұмыс істейді. Оның 5 262-сі – ауылдық жерде орналасқан. Міне, осы 7,5 мыңдай білім ордасының тек 3 809-ы немесе 51,2%-ы ғана таза мемлекеттік тілде білім береді.

Бұдан көңілсіз байлам жасауға болады: қазақша мектептер ауылдың, "периферияның" еншісінде қалғандай: ресми дерекке сәйкес, қазақ тілді барлық 3 809 мектептің 3 065-і – ауылдық жерлерде орналасқан. Тиісінше, 744 қазақша мектеп қана қалаларда орын тепкен.

Қазақстанда орыс тілінде білім беретін 1 287 мектеп бар.

Тағы 2 319 мектеп – аралас. "Аралас мектептерден шала қазақ шығады" деген қынжылысты пікір айтылып жүр қоғамда. Айтқандай, "араластар" ауылға да өркен жайған: 1 343-і ауылдық елді мекендерде жұмыс істейді.

Тағы бір үрдіс-тенденция көңілге кірбің түсіргендей: соңғы онжылдықта қазақша білім ұйымдарының үлесі күрт қысқарды. Мысалы, 2010 жылы Қазақстандағы бүкіл 5 681 мектептің 3 894-і немесе 68,5%-ы – қазақ тілді мектептер болыпты. Содан бергі он жылда бұл көрсеткіш 51,2%-ға дейін құлдырады. Бұлай бара берсе, осы онжылдықта қырық пайызға дейін құлауы ғажап емес.

Әділін айта кету керек, сонымен бірге орысша мектептер саны да азаюда: 2010 жылы елімізде олардың жалпы саны 1 705 болған екен. Бүгінде 1,3 мыңдайы қалды.

Есесіне, аралас мектептердің жалпы саны он жыл бұрынғы 2 164-тен енді 2 319-ға дейін артқан.

Осылайша, бүгінде республикадағы 3,5 миллион оқушының 1 миллион 520 мыңдайы ғана қазақ мектебінде оқиды. Орыс тілді мектептерде – 412,3 мың бала білім алуда.

Аралас мектептерде 1 млн 535,8 мыңдай бала білім-ілім игеруде. Соның ішінде 755,3 мыңы – қазақ, 686 мыңдайы – орыс сыныптарында оқиды.

Нәтижесінде, Қазақстанда орыс және аралас мектептерде тек орыс тілінде білім алатын балалар саны миллионнан асып кетті. Салыстыру үшін айтсақ, он жыл бұрын бұл көрсеткіш 857 308 баланы ғана құраған.

"Қазақстанда мектептер қазақ сыныбына қазақты қабылдамайды"

Мәселені әсіресе, қалаларда мемлекеттік тілдегі заманауи білім ұйымдарын көптеп ашу арқылы шешуге болар еді. Алайда өмірде олай болмай тұр. Мысалы, елорда тұрғыны Марат Ахметов Кенесары және Күмісбеков көшелерінің қиылысындағы тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алыпты. Баспана биылғы қыркүйекте іске қосылады. Сондықтан ол балаларын да сол маңдағы мектепке көшіруге бел буыпты.

"Мен отбасыны бірінші орынға қоятын адаммын. Сондықтан үйді таңдағанда да оның қасында мектеп, балабақша және емхана болуына баса мән бердім. Жақында балаларымды тіркетейін, құжаттарын тапсырайын деп, Нұр-Сұлтан әкімдігіне қарасты №60 мектеп-лицейіне бардым. Ол дәл іргемізде, Абай көшесінде орын тепкен. Сонда естігенімнен шалқамнан түсе жаздадым. Бұл мектепте қазақ сыныптары жоқ болып шықты! Қазақша оқитын баланы қабылдамаймыз дейді. Сонда астаналық білім басқармасының бұл тірлігінде қисын қайда?! Қазақ елінің бас қаласының қақ төрінде қазақша оқитын балалардың бетін қайтарады. Сонда орысша оқуға итермелегені ме? Қазақстанда қазақ тілді сыныптар жоқ деген не масқара? Мен Ресейде не шетелде қазақ сыныбын ашуды сұрап отырған жоқпын, өз Отанымда баламды мемлекеттік тілде оқытқым келеді. Бірақ мемлекет одан бас тартады", – деп ашынды отағасы.

Оның айтуынша, жақын жерде жаңадан тағы екі тұрғын үй кешені іске қосылуда. Оларда мыңға жуық пәтер бар. Тиісінше, ондағы ата-аналардың да балаларына мемлекеттік тілде білім беру құқығы шектелмек. Ал бұл Ата заңымызда бекітілген басты құқықтардың бірі екені мәлім.

Осыған орай астаналықтар №60 мектеп-лицейді қазақша ету туралы бастама көтеріп, қала әкімдігіне өтініш жолдаған екен. Әкімдік ел талабын ішінара ғана орындап отыр.

"№60 мектеп-лицей қазір мемлекеттік және орыс тілінде оқытатын мектеп саналады. Мектеп ғимараттары Кубрин көшесі, 21/1 және Абай даңғылы, 6 мекенжайларында орналасқан", – деп қысқа қайырды Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы.

Ал кейбір ата-аналар керісінше, қазақ мектептерін орысшаға не араласқа айналдыруды талап етіп жүр. Мысалы, 2021 жылғы шілдеде Нұр-Сұлтандағы Бауыржан Момышұлы даңғылы бойында, "Виктория" тұрғын үй кешенінің іргесінде №92 жаңа мектеп-гимназия іске қосылды. Ол биылғы қыркүйекте, "Білім күні" шәкірттеріне өз есігін айқара ашады деп күтілуде. 

"Жаңа мектептің әкімшілігі оның оқыту тілі қазақша болатынын хабарлады. Бірақ оның айналасындағы тұрғын үй кешендерінде орыс тілінде оқитын балалар да тұрып жатыр. Олар іргеде мектеп тұрғанына қарамастан, бәрібір қаланың әр түкпіріне ағылуға мәжбүр болады. Жолдың ар жағындағы ескі №70 гимназия онсыз да 100% қазақша оқытады. Сол себепті біз жаңа мектептегі сыныптардың жартысын орыс тілінде оқытуға көшіруді сұрап жүрміз. Біздің балаларымыздың да орыс тілінде білім алуға мүмкіндігі болуы керек", – дейді тұрғын Дина Сарбасова.

Қазақ мектебін жартылай "орыстандырғысы" келетін белсенділер жақын маңдағы "Виктория", "Ақ шаңырақ", "Ақбұлақ Таун" секілді тұрғын үй кешендерін жағалап, қол жинап жатыр. Әзірге тек 66 қол ғана жия алыпты. Бұл орысша сыныптарды қалыптастыруға жетпеуі мүмкін. Бірақ соңғы шешімді әкімдіктің білім басқармасы қабылдайтын болады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу