Билл Гейтстің қызы 20 жылға сотталуы мүмкін

Microsoft компаниясының негізін қалаған Билл Гейтстің кенже қызы, 23 жастағы Фиби Гейтске қатысты үлкен дау туындап отыр.

Билл Гейтстің қызы 20 жылға сотталуы мүмкін Фото: AP Photo / Evan Agostini

Ол құрған Phia браузерлік кеңейтімі интернет арқылы тауар сатып алу кезінде купондар мен жеңілдік кодтарын автоматты түрде көрсетуге арналған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Алғашында жоба қарқынды дамып, компания инвесторлар мен танымал тұлғалардан 40 млн доллардан астам қаржы тартқан. Олардың қатарында Хейли Бибер, Хлои Кардашьян, Сидни Суини, Пэрис Хилтон және Джессика Альба бар.

Десе де, қазір "Phia стартапына қатысты алаяқтық жасады" деген ауыр айыптар айтылып отыр. Bloomberg жүргізген зерттеуге сәйкес, компания бірнеше ай бойы "cookie stuffing" деп аталатын күмәнді тәсілді қолданған. Яғни, пайдаланушының хабарынсыз оның браузеріне cookie-файлдарды енгізу немесе ауыстыру арқылы белгілі бір сатылымдардан комиссия алуға мүмкіндік туған. Бұл жағдайда компания өзі тікелей ықпал етпеген сатып алулардан да табыс табуы мүмкін.

Америкалық прокурор Ариэль Гивнер X әлеуметтік желісіндегі парақшасында АҚШ-та мұндай әрекет көбіне интернет-алаяқтық ретінде қарастырылатынын түсіндірді. Мұндай заңбұзушылық үшін ірі көлемде айыппұл салынып, теориялық тұрғыда 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін. Дегенімен, Фиби Гейтске ресми түрде ешқандай айып тағылған жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу